Саясат • 21 Маусым, 2024

ШЫҰ: Жастар ұйымдарының ынтымақтастығы

41 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы: ШЫҰ шеңберінде тұрақты болашаққа жол салу» тақырыбында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің XVII отырысы өтті. Ұйымдастырушы – «Amanat» партия­сы «Жастар рухы» жастар қанаты. Іс-шараға Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.

ШЫҰ: Жастар ұйымдарының ынтымақтастығы

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше және байқаушы 10 мемлекеттің 150-ден астам делегаты – жас көшбасшылар ұйымның Жастар кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін елордада жиналды. Іс-шара ШЫҰ мемлекет басшыларының Астана саммиті қарсаңында өтуде. Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жарияла­ды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілет­пей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жі­герді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. Бүгін сіздердің тараптары­ңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін», деді ол.

Мәжіліс спикері соңғы уақытта ШЫҰ-ға мүше әрбір ел климаттың өзгеруі салдары­мен бетпе-бет келгенін ерекше атап өтті. Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады, Қытайдың кейбір провин­ция­ларында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты, Ресейді алапат су тасқыны әбігер­ге сал­ды, Қазақстан да соңғы 80 жылда бол­маған дәл осындай ірі табиғи апатқа тап болды.

«Бұл – шұғыл шара қабылдау қажет екенін көрсетіп отырған нақты белгі. Сон­дықтан біз заңнамалық базаны нығай­ту және жасыл күн тәртібін ілгерілету бағы­­тын­да жұмыс істеуіміз керек», деді Е.Қошанов.

Осы орайда, «Amanat» төрағасы экология мәселесіне қатысты Қазақстанда қабыл­данып жатқан жүйелі шараларға тоқ­талды. Мәселен, су ресурстарын пайда­лану тәсілін түбегейлі өзгертетін жаңа Су кодексі әзір­ленуде. 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш егіледі. Президент бастамасы бойынша жаңа экологиялық сана қалыптастыруға және әр азаматты күн сайын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, оны өмір салтына айналдыруға шақыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ауқымды акциясы жарияланды.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова қазақстан­дық жастардың қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысы туралы айтты. Президенттің «Таза Қазақстан» акциясына 2,4 млн-нан аса адам қатысты, 900 мың тоннадан аса қоқыс жиналды, 2,5 млн-ға жуық жасыл желек егілді. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени мұра нысандары қайта қалпына келтірілді.

«Әр апта сайын партиялықтар еліміздің барлық өңірінде аумақтарды тазалауға арналған «Таза бейсенбі» науқанын өткізеді. Небәрі екі аптада шамамен 3 мың тонна қалдық жиналды. Жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі», деді ол.

Сонымен қатар Ақерке Искандерова «Жастар рухы» төрағалығы аясында ШЫҰ Жастар кеңесі мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы бірлескен іс-қимы­лына баса назар аударды.

Қытай Халық Республикасының өкілі, Бүкілқытайлық жастар федерациясы Бас хатшысының орынбасары Дун Ся жастар­дың экологиялық білімін арттыру­дың маңызына назар аударды.

Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Денис Кравченко экономика өсімінің драйвері ретіндегі креативті индустрияның рөлі туралы айтты. Үндістан Республикасы Үкі­метінің Жас­тар ісі жөніндегі депар­таменті хатшы­сы­ның орынбасары Нитеш Кумар Мишра өзендер мен су айдындарын тазарту және суды үнемді пайдалану бағдарламалары тура­лы тілге тиек етті. Ал Өзбекстан Респуб­ликасы Жастар ісі агенттігі жанындағы Институт директоры Актам Жалилов волон­терлердің Арал теңізінің түбін мелиорациялауға қосқан үлесі туралы баяндады.

Отырыс қорытындысында қатысу­шылар ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйым­дары­ның ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылдады.

Сонымен қатар делегаттар бірауыз­дан шешім қабылдап, Беларусь Респуб­ликасы мен Иран Ислам Республи­касының ШЫҰ Жастар кеңесіне кіруге өтінімдері мақұлданды. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жетті. ШЫҰ Жастар кеңесіне төрағалық ету кезегі Қытай Халық Республикасына өтті.