Қоғам • 21 Маусым, 2024

Апорттан алынған иіссу

193 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдегі сапалы иіссу өндірісінің қатарына таяу жылдары Қазақстанның да қосылатыны анық. Өйткені жас ғалымдарды қолдаудың нәтижесінде тың салаларды игеруге мүмкіндік ашылды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің ғылыми қызметкері Гүлжан Түзелбаева елімізде парфюмерия өндірісін дамытып, апорттан жасалған иіссуларды дүние жүзіне танытуды жоспарлап отыр.

Апорттан алынған иіссу

Аctor’s Studio Drama School – Pace Uni­ver­sity-інде актерлікке ма­­манданғаннан кейін Гүлжан Түзелбаева Алматыда актер­лік студиясын ашқан. Талапты балаларды оқытып, өзі де пьеса­лар қоюға қатыса жүріп, халық­ара­­лық жобалардағы рөлдерді сом­­да­ды. Бүгінде Гүлжанның репер­туары режиссер Дәрежан Өмірбаев­­­тың «Ақын» фильміндегі рөлі­­мен толыққан.

ва

Гүлжан – Алматы қаласы­ның тумасы. Оның армандарына тау бау­райындағы әсем қа­ланың табиғаты, сайын дала­ның жайқалған гүлдері, әсі­ре­се апорттың дәмі қанат бітір­ген­дей. «Апорттың иісі менің қа­ныма сіңген. Сондықтан да болар хош иістер мені әрқашан да шабыттандырып тұрады. Актерлік пен қатар қаржыгер мамандығын игеруім, француз, ағылшын тілінде еркін сөйлеуім бала күнгі арманыма жетуіме ықпал етті. Осы жолда «Болашақ» бағдарламасы жолымды ашты. Пандемия кезінде Еуропаға баруға рұқсат берілмегендіктен, оқуымды шегеруіме тура келді. Алайда сол жолы режиссер Дәре­жан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Берлин кинофестиваліне жолдама алып, Берлинге де, Фран­цияның Грасс қаласына да жолым түсті. Бұған дейін Грасстағы оқу орындарымен хабарласып, бағдарламаларымен танысып қой­ған болатынмын. Оқуымды алғашында қашықтан, кейін­нен іштей бөлімде жалғастырдым. Шағын ғана халқы бар Грасс қала­сындағы раушан гүлінің хош иісі мені бірден баурады. Әсіресе гүлдердің дәл еліміздегідей хош иіспен гүлдейтіні қызықтырды. Климаттық жағынан ұқсас келе­тін екі елде де таудан ескен самал мен жарқыраған күннің әсе­рі раушан гүлінің жайқалып өсуіне себепші», дейді ол өз әсе­рімен бөлісіп. Осылайша, ежел­ден әтірдің отаны санала­тын Францияға барып, пар­фюмериялық институтта білім алған жас ғалым елімізде жаңа өн­дірісті бастап, тыңнан жол сала бастады.

Зертханада парфюмерияны жасау бастапқы сатыдан басталады. Өндірісте парфюмериядан басқа интерьерге арналған хош иістер, раушан суы және шамдар әзірленіп жатыр. Жас ғалымның айтуынша, иіссудың алдымен формуласы жасалады. Бір грамм артық не кем құйыл­са, әтірдің құрамы өзгеріп кетеді. Сондықтан құрамын, мөлше­рін анықтап алу маңызды. Сына­ма үш кезеңнен тұрады. Апорт­тан жасалған парфюмерия­ның кейбірі балғын, енді бірі тәтті болып келетін болса, сәтсіз шыққан нұсқалар да кездеседі екен. Жақында ерлерге арнал­ған әтірді ұсынбақшы. Құрамын­да раушан гүлі мен ароматы бар әтірді әйелдердің де қолдануы­на болады. «Иісті ұзақ сақтау­дың өз құпиясы бар. Құрамына майды көбірек қосамыз. Бар­лық қоспа талапқа сай болуы ке­рек. Теріге кері әсері жоқ», дейді жас ғалым.

Бүгінде өндірісте «Алматы апорты», «Минералды раушан», «Көкжайлау қайыңы», «Махаббат», «Әмір», «Аида» сияқ­ты 60-тан астам ерекше парфюмерия, 50-ден аса шам мен үй-жайларға арналған түрлі хош иісті өнім бар. Қазіргі кезде ғылыми жобаларды коммерцияландыру конкурсына қатысып, Сәтбаев университеті зертханасында жұмыс істеп жатқан кәсіби маман өндіріске қажетті барлық өнімін сынақтан және сертификаттаудан өтетінін айтады. Жобаға сай мақалалар жазып, формулаларды патенттеу де маңызды. Өнімдер IFRA халықаралық парфюмерия стан­дарттарына сәйкес жасалады. Ендігі мақсат – елімізде сапалы өнімдер өндіруге болатынын дәлелдеу. Оның айтуынша, хош иісті, табиғи шикізат өнімдерінен әтір түрлерін шы­ғаруға елімізде толыққанды мүм­кіндік бар. Өндіріс болғаннан кейін жетіспейтін тұстары болатыны заңдылық. Бірақ сол қиындықтарға қарамастан, Қа­зақ­станда жасалған өнімдерді кө­бейту – жас ғалымдар алдында тұрған басты мәселе. Осы мақсатта парфюмерлік көрмелерді аралау маңызды. «Мен бір мәрте Катарға көрмеге барып қайт­тым. Енді тағы да іссапарға шы­ғып, парюмерия өндірісін зерт­тей түспекпін. Сондай-ақ курс­тардан, мастер-класстардан өту, арнайы орындарда біліктілікті арттыру да саланы дамытуға ықпал етеді. Елімізде бола­шақ парфюмерлерді оқытып, біл­генімді үйретсем деймін. Оған қажетті тәжірибе жинақтай алдым деп білемін», дейді ол.

 

АЛМАТЫ