Айбын • 21 Маусым, 2024

Ел қорғаны – ер аманаты

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі ел қауіпсіздігіне үлес қосқан әскерилерді «Ел қорғаны» медалімен марапаттады. Награда кейінгі үш айда бүтін мемлекетті тосырқатқан тасқын тұсында судан қорғауға үлес қосқаны үшін берілді.

Ел қорғаны –  ер аманаты

Мұнайлы өңірдегі елді мекендер­ді тасқын судан қорғауға Қорға­ныс министрлігі 30212, 5571, 6655, 82796 әскери бөлімдерінің, Төтенше жағ­дай­лар министрлігіне қарасты 52859 әскери бөлімі және Ұлттық ұлан­ның сарбаздары көмекке жеткен. Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстық, Шым­кент қалалық төтенше жағдайлар де­партаментінің қызметкерлері де жәрдемдескен.

Жылыойлықтар толассыз тасқын­мен алысып жатқан тұста асарға үлес қосқандардың бірі – Тыныштықбай Тұртаев. Ол әскерилермен бірге Жем бойындағы алты бөгетті жарып, су ағысын Каспий теңізіне қарай ба­ғыт­таған. Сөйтіп тілсіз жаудың қарқы­нын бәсеңдеткен. Бүгінде бұл еңбегі еленіп, «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

– Аманатты арқалап, жерім деп жегіліп, елім деп еміреніп өту – Отан­ның ұландарына артқан ұлы міндеті. Міне, осы қағиданы ұстанып, елім үшін аянбай еңбек етіп келемін. Атырау облысы Құлсары қаласында су тасқыны кезінде кемерінен асқан өңірдегі өзеннің ағысын бұруға қол ұшын создық. Топырақ толтырылған қап­тарды дайындау және төсеу жұ­мыс­тарына қатысып, мейлінше судан аман қалған шағын аудандарды сақтап қалуға атсалыстық. Сол сын сағатта ортада жүріп, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлт­тық құндылығымыз – бірлік пен ын­тымақтың нағыз үлгісін көрдік. Одан әрқайсымыз рухтанып, жігерленіп, бірлік пен талапты еңбек­ке салғанның нәтижесінде асау толқын­ды ауыздықтай алдық, – дейді 41433 әскери бөлімінің рота старшинасы.

«Ел қорғаны» медалі ерлігімен ерек­шеленгендерге 2017 жылдан бас­тап беріледі. Награда екі дәрежеден тұ­рады. Яғни І дәрежелі медалімен Қа­зақстан Республикасының қор­ғаныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосқан Қарулы Күштерінің офицерлер құрамы мен аза­маттары марапатталады. Ал ІІ дәре­желі медалімен Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің сержанттар және сарбаздар құрам­дарының әс­кери қызметшілері марапатталады. Бұл құрметке төтен­ше жағдайдағы табанды іс-қимылы үшін Қуаныш Ерғалиев те ие болды. Батыс Қазақстан облысының Бөкей Орда ауданына қарасты Сайқын ауылының тумасы алғаш әскери қыз­метке қалай келгенін еске алып, жас­тарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.

– Жоғары оқу орнына грантқа ­түсе алмадым. Ойланбастан, 2005 жылы әскери борышымды өтеуге аттандым. Содан 2007 жылға дейін Алматы облысындағы Қапшағай қаласын­дағы әскери бөлімде азаматтық мінде­тімді атқардым. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бар емес пе? Сол секілді әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Мектепте оқып жүргенде десанттық шабуылдарға қатысты түр­лі фильмдерді жиі көре­ті­нмін. Әрі елге қызмет етуді көп армандайтынмын. Үйдегі үлкендер де «Атаңның баласы болма, адамның ба­ласы бол» деп жиі айтатын. Содан арманым мақсатыма айналды. Ке­йін әскери қызметте қалдым. Міне, ­20 жылға жуық уақыт өтті, қазір өмі­рім­ді әс­кери формасыз елестете алмаймын. Жалпы, бұл әскери сала кез келген адамды тәртіп пен төзімділік­ке, ба­тыл­дыққа, шыншылдыққа, әрі спорт­қа жақын болуға үйретеді. Ер адам қандай жағдай болсын, Отан алдындағы борышын ақтауға мін­дет­ті, – дейді Қуаныш Ерғалиев.

Расымен, тепсе темір үзетін, дені сау жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскерге баруға құлықсыз жастардың әрекетінен Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар. Сол себепті жауаптыларға насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырған-ды. Қазір әскерге бар­ған жастарға бірқатар жеңілдік қарас­тырылады. Соның бірі – әскери борышын өтеп келген азаматтар жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты маман­дық та алып шығады.