Олимпиада • 21 Маусым, 2024

Жеті Олимпиадада – 70 жүлде. Аз ба, көп пе?

244 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Олимпия ойындарына қатысып, төрт жылда бір өтетін ғаламдық додада жеңіс тұғырына көтерілу – әр спортшының асқақ арманы әрі өмірлік ұстанымы. Еліміздің саңлақтарына да осындай бақ сан мәрте бұйырды. Алайда арада біраз уақыт өткеннен соң рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті пайдаланғаны үшін жазаланып жатқандар да бар. Сол себепті Олимпиада да алған жүлделерге кейде өзгеріс еніп жатады. Бүгінгі мақа­ламызда 1996-2021 жылдар өткен жазғы Олимпия ойын­дарында алған жүлделерімізді қайта сараптап көргенді жөн санап отырмыз.

Жеті Олимпиадада – 70 жүлде. Аз ба, көп пе?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Атланта – 1996

 

Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан алғаш рет 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында бой көрсетті. Алыстағы Америкада 96 өреніміз спорттың 14 түрі бойынша бақ сынады. Аталған жарыстың ашылу рәсімінде еліміздің көк байрағын 24 жастағы боксшы Ермахан Ыбырайымов ұстап шықты. Нәтижесінде, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальды олжалаған отандастарымыз жалпыесепте 24-орынды иеленді.

Елге оралған соң жеңіс тұғырына көтерілген дүлдүлдердің әрқайсысына мол мөлшерде сыйақы тағайындалып, оларға жеке пәтер мен су жаңа жеңіл көлік берілді. Сол бір тамаша үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бір қуантарлығы, АҚШ-та атой салған жерлестеріміздің бірде-біреуі түрлі келеңсіз жағдайларға байланысты жазаланып немесе үлкен спорттан шеттетілген жоқ.

 

Юрий Мельниченко

Грек-рим күресі (57 кг)

Алтын

Александр Парыгин

Қазіргі бессайыс

Алтын

Василий Жиров

Бокс (81 кг)

Алтын

Болат Жұмаділов

Бокс (51 кг)

Күміс

Сергей Беляев

Нысана көздеу (50 метр, мылтықпен жатып ату)

Күміс

Сергей Беляев

Нысана көздеу (50 метр, үш қалыпта мылтық ату)

Күміс

Анатолий Храпатый

Ауыр атлетика (99 кг)

Күміс

Болат Ниязымбетов

Бокс (63,5 кг)

Қола

Ермахан Ыбырайымов

Бокс (71 кг)

Қола

Владимир Вохмянин

Нысана көздеу (50 метр, тапанша ату)

Қола

Мәулен Мамыров

Еркін күрес (52 кг)

Қола

 

 

Сидней – 2000

 

Атлантамен салыстырғанда ғасырлар тоғысындағы Сидней Олимпиадасында медальдар саны аз болса да, олардың сапасына көңіл толды. Қорытынды есепте 3 алтын, 4 күміске қол созған отан­дық саңлақтар 22-орынға тұрақтады. Бұл – әзірге Қазақстан спорты тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш! Жасыл құрлықтағы жерлес­теріміздің жарқын жеңісі спорттық шежіреде алтын әріптермен жазылып қалғаны анық. Негізі сол кезде де «допинг дауы» өршіп тұрған. Бірақ біздің спортшылар Сиднейден де еш дау-дамайсыз, елге аман-сау оралды.

Аустралияға Қазақстаннан барлығы 130 үміткер аттанды. Олар спорттың 17 түрі бойынша шеберлік байқасты. Сол спортшылар арасынан есімдері төменде аталған саңлақтар еліміздің әнұранын шырқатып, туын көкте желбіретті.

 

Ольга Шишигина

Жеңіл атлетика (100 метрге кедергілермен жүгіру)

Алтын

Бекзат Саттарханов

Бокс (57 кг)

Алтын

Ермахан Ыбырайымов

Бокс (71 кг)

Алтын

Болат Жұмаділов

Бокс (51 кг)

Күміс

Мұхтархан Ділдәбеков

Бокс (+91 кг)

Күміс

Александр Винокуров

Велоспорт (топтық сайыс)

Күміс

Ислам Байрамуков

Еркін күрес (97 кг)

Күміс

 

 

Афина – 2004

 

Ежелгі Эллада елінде 119 оғланымыз спорттың 17 түрінен сайысқа түсті. Бұл Олимпиада біз үшін сәтсіз басталды. Жарыс жолына шыққан спортшылар күміс немесе қола медальмен ғана шектелді. Тек соңғы күні ғана алтынның сыңғырын естідік. Оның иегері – боксшы Бақтияр Артаев. 69 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Алаштың мақтан тұтар азаматы Афина рингінде барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Нәтижесінде, Артаев бас жүлдемен қоса, Олимпиаданың ең үздік былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогін олжалады.

Қорытынды есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медальмен 40-орынды қанағат тұтты. Грекияның астанасында алауы тұтанған Олимпия ойындарында ешбір спортшымыз допинг дауына іліккен жоқ.

 

Бақтияр Артаев

Бокс (69 кг)

Алтын

Геннадий Головкин

Бокс (75 кг)

Күміс

Сергей Филимонов

Ауыр атлетика (77 кг)

Күміс

Георгий Цурцумия

Грек-рим күресі (120 кг)

Күміс

Геннадий Лалиев

Еркін күрес (74 кг)

Күміс

Дмитрий Карпов

Жеңіл атлетика (Онсайыс)

Қола

Серік Елеуов

Бокс (60 кг)

Қола

Мкхитар Манукян

Грек-рим күресі (66 кг)

Қола

 

 

Бейжің – 2008

 

Барлық пәле дәл осы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан бас­талды. Қытайда алтын тұғырға көтерілген ауыр атлет Илья Ильин арада бірнеше жыл өткен соң жүлдесінен айырылды. Оған «допинг қолданды» деген ауыр айып тағылды. Күміспен күптелген Таймұраз Тигиев (еркін күрес) пен Ирина Некрасова (ауыр атлетика) және Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) мен Әсет Мәмбетов те (грек-рим күресі) дәл сондай жазаға ұшырады. Кейіннен олардың бірде-біреуінің жолдары оңғарылмады. Есесіне зілтемірші Алла Важенина күміс медалін алтынға алмастырды. Себебі Бейжіңде оның алдын орап кеткен қытайлық Цао Лэйдің рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті пайдаланғаны белгілі болды. Сол жарысты қола жүлдемен қорытындылаған грек-рим күресі шебері Нұрбақыт Теңізбаевқа арада сегіз жыл өткен соң күміс медаль табыс етілді. Жартылай финалда қазақ балуанын ұтып, екінші орынды иеленген әзербайжандық Вугар Рагимовтің да «таза емес» екені жалпақ жұртқа жария болды. Қытайдың астанасында жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру жаттығуында төртінші сатыға тұрақтаған Ольга Рыпакованың екі бірдей қарсыласы – ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Хрисопии Девецидің қитұрқы әрекеттерге барғаны белгілі болды. Ольга күміспен күптелді. Нәтижесінде, 2 алтын, 3 күміс және 4 қоланы еншілеген Қазақстан құрамасы Бейжің Олимпиадасында 29-орынды иеленді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, осы Олимпия ойындарынан кейін Үкімет тарапынан отандық спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері әжептәуір артты. Бұған дейін бас жүлде 100 мың, күміс медаль 75 мың және қола медаль 50 мың АҚШ долларына бағаланса, осы жарыста алтын тұғырға көтерілген саңлаққа 250 мың және жүлде­герлерге 150 мен 75 мың доллардан табыс етілді.

 

Бақыт Сәрсекбаев

Бокс (69 кг)

Алтын

Алла Важенина

Ауыр атлетика (75 кг)

Алтын

Ольга Рыпакова

Жеңіл атлетика

(үш қарғып секіру)

Күміс

Асхат Житкеев

Дзюдо (100 кг)

Күміс

Нұрбақыт Теңізбаев

Грек-рим күресі (60 кг)

Күміс

Елена Шалыгина

Әйелдер күресі (63 кг)

Қола

Марид Муталимов

Еркін күрес (120 кг)

Қола

Еркебұлан Шыналиев

Бокс (81 кг)

Қола

Арман Шылманов

Таеквондо (+80 кг)

Қола

 

 

Лондон – 2012

 

Тұманды Альбион елінде орасан зор табысқа кенелген еліміздің спортшылары барша жанкүйерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Дүбірлі додада 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальды олжалап, жалпы­есепте 12-орынды иелендік. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді! Бірақ көп кешікпей қуанышымыз су сепкендей басылды. Ұлыбританияның төрінде Қазақ елінің әнұранын шырқатқан төрт бірдей ауыр атлетіміз – Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Илья Ильинге ауыр айып тағылды. Себебі сол баяғы – допинг! Зілтеміршілер чемпиондық атақтарынан айырылып қана қоймай, түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілді. Соның салдарынан жерлестерміз Лондондағы жарыстың жалпы есебінде бірден 13 сатыға төмендеп, 25-орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Лондон Олимпиадасында 69 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ауыр атлет Анна Нұрмұхамбетова үздік бестікті түйіндеген еді. Алайда арада біраз уақыт өткен соң Беларусьтың қос спортшысы – аталған жарыстың қола жүлдегері Марина Шкерманкова мен төртінші сатыға жайғасқан Дина Сазановецтің допинг қолданғаны анықталды. Соның арқасында Нұрмұхамбетова үшінші орынға көтерілді. Көп ұзамай күміс медальды иеленген румыниялық Роксана Кокоштың да қанынан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектің нышаны табылды. Осылайша, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдесі біздің қызға бұйырды. Оны таяуда ғана Перуде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі барысында Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) құрметті мүшесі Иван Дибос Аннаға салтанатты түрде табыс етті. Сөйтіп, арада 12 жыл өткеннен соң жүлде өз иесін тапты. Зілтемірші қыздың осы табысының арқасында Қазақстан құрамасы жалпыесепте сәл болса да жоғарылап, 23-орынға көтерілді.

 

Александр Винокуров

Велоспорт (топтық сайыс)

Алтын

Ольга Рыпакова

Жеңіл атлетика

(үш қарғып секіру)

Алтын

Серік Сәпиев

Бокс (69 кг)

Алтын

Әділбек Ниязымбетов

Бокс (81 кг)

Күміс

Анна Нұрмұхамбетова

Ауыр атлетика (69 кг)

Күміс

Даниял Гаджиев

Грек-рим күресі (84 кг)

Қола

Марина Вольнова

Бокс (75 кг)

Қола

Гюзел Манюрова

Әйелдер күресі (72 кг)

Қола

Иван Дычко

Бокс (+91 кг)

Қола

Ақжүрек Таңатаров

Еркін күрес (66 кг)

Қола

 

 

Рио-де-Жанейро – 2018

 

Оңтүстік Америка құрлығындағы додада 104 отандасымыз спорт­тың 17 түрі бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, 17 жүлдеге иелік еттік. Оның 2-еуі алтын, 5-еуі күміс және 10-ы қола. Жалпы есептегі орнымыз – 30. Әрине, осындай байрақты бәсекеде 17 жүлде алу аз олжа емес. Бұрын-соңды дәл осылай қанжығамыз майланған жоқ еді. Десек те алтынның аздығы командалық сайыста жоғарылай алмауымызға кедергі келтірді. Негізі біз Рио Олимпиадасы аяқталған тұста 22-сатыға табан тіреген едік. Бірақ ауыр атлеттер сайысында топ жарған Нижат Рагимовтің бас жүлде олжалау үшін допингтің «көмегіне» жүгінгені анықталды. Соның кесірінен біраз сатыға төмендедік.

Тағы бір айта кетерлік жайт, зілтеміршілер сайысында 85 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Денис Уланов пен румыниялық Габриэл Сынкрэян бірдей нәтиже көрсетті. Екеуі де қоссайыста 390 ұпай жиды. Ауыр атлетиканың ережесіне сай ондай жағдайда кімнің жеке салмағы жеңіл болса, сол спортшының асығы алшысынан түсуге тиіс. Сөйтіп, Сынкрэянның бағы жанып, ол қола медальды иеленді. Біздің Уланов төртінші орында қалып қойды. Көп ұзамай «былықтың» беті ашылды. Балқан түбегінің беткеұстары допинг қолданғаны үшін жүлдеден қағылды. Арада екі жыл өткеннен кейін Ашғабадта өткен әлем чемпионаты барысында Бүкіләлемдік ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Тамаш Аян Рио Олимпиадасының қола медалін біздің Денистің мойнына ілді.

 

Дмитрий Баландин

Жүзу (200 метр, брасс)

Алтын

Данияр Елеусінов

Бокс (69 кг)

Алтын

Елдос Сметов

Дзюдо (60 кг)

Күміс

Жәзира Жаппарқұл

Ауыр атлетика (69 кг)

Күміс

Василий Левит

Бокс (91 кг)

Күміс

Әділбек Ниязымбетов

Бокс (81 кг)

Күміс

Гюзел Манюрова

Әйелдер күресі (75 кг)

Күміс

Отгонцэцэг Галбадрах

Дзюдо (48 кг)

Қола

Фархат Харки

Ауыр атлетика (62 кг)

Қола

Карина Горичева

Ауыр атлетика (63 кг)

Қола

Александр Зайчиков

Ауыр атлетика (105 кг)

Қола

Ольга Рыпакова

Жеңіл атлетика

(үш қарғып секіру)

Қола

Елмира Сыздықова

Әйелдер күресі (69 кг)

Қола

Екатерина Ларионова

Әйелдер күресі (63 кг)

Қола

Иван Дычко

Бокс (+91 кг)

Қола

Дариға Шәкімова

Бокс (75 кг)

Қола

Денис Уланов

Ауыр атлетика (85 кг)

Қола

 

 

Токио – 2020

 

2020 жылы Токиода алауы тұтануға тиіс Олимпия ойындары жер-жаһанды шарлаған коронавирус індетінің салдарынан бір жыл кейінге шегерілгені баршаға аян. Бұл – ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада. Күншығыс еліне 97 спортшымыз аттанғанымен, ұлы дүрмекте әнұранымыз бірде-бір рет шырқалған жоқ. Бас жүлдені олжалау былай тұрсын, тіптен күміске де қол жеткізе алмадық. Сенім артқан серкелеріміздің сегізінің ғана қола медальды иеленуге ғана шама-шарқы жетті.

Жапонияның астанасында ел сенімінің ақталмауы салдарынан командалық сайыста 83-орынға сырғып түстік. Алпауыттарды айтпағанда, бұрындары тек артымыздан сығалап жүрген Өзбекстан, Грузия, Уганда, Эквадор, Қатар, Багам аралдары, Филиппин, Индо­незия, Фиджи, Эстония, Бермуд аралдары, Пуэрто-Рико, Моңғолия, Сан-Марино, Иордания, Малайзия, тіптен Қырғызстан мен Түрікменстан спортшылары отандастарымыздың алдын орап кетті.

 

Елдос Сметов

Дзюдо (60 кг)

Қола

Игорь Сон

Ауыр атлетика (61 кг)

Қола

Зүлфия Чиншанло

Ауыр атлетика (55 кг)

Қола

Қамшыбек Қоңқабаев

Бокс (+91 кг)

Қола

Сәкен Бибосынов

Бокс (51 кг)

Қола

Нұрислам Санаев

Еркін күрес (61 кг)

Қола

Дархан Асаділов

Каратэ (67 кг)

Қола

София Берульцева

Каратэ (+61 кг)

Қола

 

 

Сөйтіп, 1996-2001 жылдар аралығында алауы тұтанған жеті жазғы Олимпия ойындарында ел құрамасы 14 алтын, 22 күміс және 34 қола медальды олжалады. Барлығы – 70 жүлде! Ең көп олжаға кенелген боксшылар. Шаршы алаңды шайқағандар 24 рет (7 алтын+7 күміс+10 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңіл атлеттер (2+2+4) мен ауыр атлеттердің (1+3+4) де көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Олардың әрқай­сысының қоржынында сегіз жүлдеден бар. Сондай-ақ жаһандық додада грек-рим күресі (1+2+2), велоспорт (1+1+0), қазіргі бессайыс (1+0+0), жүзу (1+0+0), еркін күрес (0+2+4), дзюдо (0+2+2), нысана көздеу (0+2+1), әйелдер күресі (0+1+4), каратэ (0+0+2) және таеквондодан да (0+0+1) медальдыі иелендік.