
Қаланың Алашахан даңғылы бойындағы пайдалануға жаңа берілген 34 А үйдің тұрғындарына пәтер кілтін табыстауға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов арнайы келді.
Жаңа пәтерлердің 13-і көпбалалы отбасыларға, 15-і жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 32-сі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға берілді.
Салтанатты сәтте облыс басшысы Жезқазған қаласында биыл 270 пәтер пайдалануға берілетінін мәлімдеп, жалпы облыс бойынша тұрғын үй құрылысы қарқын алғанын қуана жеткізді.
«Қазіргі кезде облыстың барлық өңірін қоса есептегенде 36 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұл – 400-ге жуық баспана деген сөз. Әрине, кезекте тұрғандар саны баршылық. Сондықтан біздің міндетіміз – тұрғын үй құрылысының барынша қарқынды жүргізілуіне қолайлы жағдай тудыру», деді облыс әкімі.
Пәтер кілтін алғандардың бірі көпбалалы ана Жанат Есетова еді.
«Біз көптен бергі арманымызға қол жеткіздік. Осындай істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғысымыз шексіз», деді Жанат Фермебайқызы қуанышын жасыра алмай.
Бір күнде 60 пәтердің кілті тапсырылған жағдай Жезқазғанда көптен бері бола қоймаған оқиға еді. Халықтың ерекше қуанышқа кенелгені де сондықтан. Бұл жаңа облыстың ертеңіне деген сенімді нығайта түскені анық.
Жезқазған