Саят құстары арасында бүркіттен кейінгі қыраны осы – ителгі. Оның үлкені алты тұтам, қанатының ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады. Өзге саят құстары сияқты бұл да үлкен-кішілігіне қарай: ірі, тана, бұқа, шәулі деген төрт түрге бөлінсе, түс-тұқым жағынан қара тарлан, ақ тарлан және құба тарлан деп үшке бөлінеді.
Қара тарлан ителгінің – сыртқы жүні қара қоңыр, бауыр жүні күйедей қара, бет қылшығы қара, көзінің алдына түскен қарасы желкесіне ойыса айналып, аламойнақтанып тұрады. Құйрығының үстінде ақ танадай теңбілі болады.
Ақ тарлан ителгінің – сыртқы жүні құбақан, бауыр жүні ақшыл болады. Қанат құйрығындағы теңбілдері ақ шұбар, бет қылшығы ақ келеді, ерекшелігі аламойнағы болмайды.
Құба тарлан ителгінің – сыртқы жүні құбақан қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар тұрымтай жүндес, аламойнағы көмескі келеді. Бұл үш тұқымның бәрі де қыран болады.
Қазақ құсбегілері басы үлкен, тұмсығы жебелі, кеудесі кең әрі қайқы, мойны ұзындау, аяғы салалы, көзінің шарасы үлкен ителгіні қыран деп есептейді. Ителгі қырандығына байланысты: «Жылаулы текті», «Тілеген текті», «Сеңсең затты», «Қара сұңқар текті» деп бөлінеді.
Жылаулы текті ителгінің – екі көзінің алдында суаттанып тұратын қара жағалы болады. Өзі ашқарақ қомағай, шабытқа ұшқанша, жем жегенше шыдамсыздық танытады, үнемі шақырып отырады.
Тілеген текті ителгінің сипаты – жылдам ұшады әрі сезімтал келеді. Қонған жерінде көп отырмайды, ұдайы шабыт тілеп ерінбей ұшып жүреді.
Сеңсең заты ителгі – денесі ірі әрі мойны жуан, тұмсықты, жүндес келеді. Бұл ұшып-қона бермейді, бірақ әлді болады.
Қара сұңқар текті ителгі – жүні тығыз, мойны ұзын, құйрық-қанаты қайратты, қара тіл, лашын бітімді, ұзын құйрық, қайшы қанатты болады. Жоғарыдағы қара тарлан ителгі дегеніміз осы құс. Басты ерекшелігі – талмай ұшады, олжасын қажымай алады. Жалпы айтқанда, ителгі – баулуға көнімді, түлек талғамайтын құс.