Фото: itecgroup.ru
Брифингте сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдік жоғары оқу орындарының (ЖОО) филиалдарын ашуда 3 модель қолданылатынын жеткізді.
«Аталған жұмыс еліміздегі ЖОО-ның ғылыми және академиялық дамуын күшейтуге, озық ғылыми тәжірибені енгізуге, басқару жүйесін трансформациялауға, білім мазмұны мен оқу үдерісіне әлемдік білім стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді. Шетелдік ЖОО филиалдарын ашуда 3 модель қолданылады (1.Мемлекеттік гранттар, 2. Академиялық, бірлескен білім бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын іске асыру, 3. Инвесторлар есебінен қаржыландыру және преференциялар пакетін ұсыну арқылы). Жалпы, 2029 жылға қарай елімізде шетелдік ЖОО филиалдары ел экономикасы үшін қажетті 2000-нан аса жоғары білікті маман даярлайды. Қазақстанды Еуразия аймағындағы үлкен академиялық хабқа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін елге шетелдік брендтерді әкелу қажет. Шетелдік университеттердің Қазақстанға келіп, өз инвестициясымен ғимаратын салып немесе сатып алып, шетелдік форматпен оқытуына рұқсат бердік, ЖОО арнайы үкіметтік қаулылармен жұмысын атқарып жатыр. Мысалы, Алматыда «De Montfort» университетінен келер жылы тұңғыш түлектеріміз шығады», деді С.Нұрбек.
Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру арқылы үш филиал жұмысын бастады. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында құрылған «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы 2022 жылы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында ашылды. Аталған филиалдарға 200 грант бөлінді, МИФИ-де 94 студент, Губкин филиалында 61 студент оқиды. Сонымен қатар «University Heriot Watt» филиалы 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында құрылды. Бұл филиал бойынша 300 грант бөлінді, 286 студент білім алып жатыр.
«Ал стратегиялық серіктестік моделі бойынша екі филиал ашылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2022 жылы «University of Arizona»-мен келісімге отырды. Бұл бағытта 10 мамандыққа 1200 грант бөлінді, 589 студент оқиды. Ал Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында 2022 жылы Берлин техникалық университеті, Дармштат техникалық университеті, Берлин еркін университеті, Гамбург қолданбалы ғылымдар университетімен консорциум құрылды. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының қаражаты есебінен Семей қаласындағы Шәкәрім университеті базасындағы Польша экономика университетінің филиалы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасындағы Марке политехникалық университетінің (Италия) филиалы; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Сеултехтің (Оңтүстік Корея) жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі; Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасындағы «Luban» (ҚХР) шеберханасы ашылды. Биыл Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында екінші шеберхана құрылып жатыр», деді министр.
Брифингте баяндалғандай, елімізде енді тағы 8 шетелдік ЖОО филиалы ашылады. Әзірге белгілісі: М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университеттің (Түркия), Астана Халықаралық университеті базасында Бейжің тілдер және мәдениет университетінің (ҚХР); Нархоз университеті базасында Квинс университетінің (Ирландия) филиалы ашылады. КАИСТ және Вусонг университеттерімен (Оңтүстік Корея) келіссөз жүргізіліп жатыр.
200 жылдық тарихы бар британдық «Хериот-Уотт» университеті төртінші өндірістік революцияға кадр даярлау мақсатында өз бағдарламаларын бүкіл әлемге ашуға тырысып келеді. Аталған ЖОО Қазақстанда да осындай бастаманы қолға алды. Бұл туралы «Хериот-Уотт» университетінің провосты және вице-канцлерінің орынбасары Марк Бигс баспасөз жиынында айтты.
«Осыдан 2 жыл бұрын әлемді аралап, үздік локация іздедік. Былтыр сіздердің Ғылым және жоғары білім министрімен кездестік, Қазақстанның амбициясы бізді таңғалдырды. Осы ұсынысты қабылдап, үшінші кампусты Қазақстанда ашуға шешім шығардық. Таңдауымыз Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университетіне түсті. Біздің мақсатымыз – білім ордасын халықаралық университет деңгейіне жеткізу. Бұған бар күшімізді саламыз», деді спикер. Оның айтуынша, «Хериот-Уотт» университетінің мамандары қазақстандық ЖОО-ның білім сапасын көтеріп, кәсіби маман даярлауға басымдық береді. Шетелдіктер жылына 300 студентті оқытуға қауқарлы. Бакалавриат бағдарламасы 3 бағытта жүргізіледі: электрондық және электрикалық инженерия, компьютерлік инженерия, мұнай-газ инженериясы. Алдағы уақытта мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері де оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын ашу көзделген.