Салық • 22 Маусым, 2024

Жаңа Салық кодексі ұсынылды

78 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен Үкімет мемлекет пен биз­нестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзір­леп жатыр. Аталған құжат алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Сарап­шылардың пікірінше, жаңа кодексте елдегі салыққа деген көзқарас түбегейлі өзгереді деп күтіледі.

Жаңа Салық кодексі ұсынылды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының талқылау алаңында жаңа Салық кодексінің таныстырылымы өтті. Айта кету керек, жаңа құжатта тек мемлекет мүддесіне ғана емес, бизнес өкілдерінің де сұранысына сай келетінін өзгерістер жеткілікті. Арнайы отырысқа Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қатысқан еді.

Жаңа кодексте бірқатар өзге­ріс бар, соның бірі – елдің тең жарымының тақымындағы ескі көлік үшін екі есе аз салық төлене­ті­ні. Егер кө­ліктің жүру мерзімі 10 жыл­дан асса мөлшері – 30, ал 20 жыл­дан асса 50 пайызға дейін төмен­дейді. Шетелден қымбат көлік әке­ліп, оның құны 75 млн теңгеден асса, салыққа 7,5 млн теңге төлеуге міндетті. Бұл жылжымайтын мүлікке де қатысты. Мұндайда мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеге бағаланса, салық сомасы да жоғарылайтын бола­ды. Демек ауқатты адамдар­дағы мүліктің мөлшеріне қарай салық та көтеріледі деген сөз.

«Көлік туралы айтатын бол­сақ, құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктер үшін көлік салығының мөлшерлемесін үш есе арттыру ұсынылып отыр. Ал жалпы құны 450 миллион тең­геден жылжымайтын мү­лік са­лы­ғы арнайы есеп бойынша ­2 пайыз мөлшерінде әрбір са­лық салынатын объектіге жүргізі­ле­ді. Бұдан бөлек, қымбат тұратын теңіз және әуе кемелеріне, литрі 500 мың теңгеден асатын қымбат алкоголь және бір данасы 10 мың теңге тұратын темекі өнімдеріне де қатысты салық төлемі дайындалған. Бұл шаралар ел экономикасындағы көлеңкелі айналым деңгейін төмендету үшін өз септігін тигізеді», дейді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Бұдан бөлек, құжат бойын­ша зейнеткерлердің табыс са­лығының мөлшерлемесі қыс­қа­рады, яғни оны төлеуден мүл­де босатылмақ. Сондай-ақ әр жар­ты жыл сайын есеп тапсырудан шаршаған кәсіпкерлер үшін де жағымды жаңалық бар. Енді салық есептілігін ұсын­бағаны үшін оларға айыппұл қарас­тырылмайды.

«Көбіне шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер мемлекетке есеп беруді ұмытып кетіп жатады. Сол үшін олар әкімші­лік жазаға тартылып, айыппұл арқалайтын. Енді жаңа Салық кодексіне сәйкес жаза алынып тасталды. Яғни есеп бермесе, біз нөлдік есептілікпен қабылдап жібереміз. Кейін қажет болса, өз бизнес есебін түзетіп алуына болады. Жалпы, елдегі есеп беру нысандары 30 пайызға қыс­қартылғалы отыр», дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Бұдан бөлек, өзіндік себептерге байланысты салықтағы берешегі бар кәсіпкерлердің шоты бірден бұғатталмайды. Бұл жерде кәсіпкер борышы 73 840 теңгеден аспаса, салық берешегі жайлы ескерту хабарлама жолданады. Ал қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен көп болса, шотындағы шығыс операциялар тоқтатылады. Бұдан жаңа құжат­та бизнес өкілдеріне жеңілдік көп­теп қарастырылғанын бай­қау­ға болады.

«Бізде арнайы салық режім­дері өте көп екені белгілі. Биз­нес саласындағылар да осы мәсе­лені қозғап, өздерінің шатасатынын да жиі айтады. Мұндай кемшіліктердің барлығын жою үшін режімдерді барынша қысқарттық. Мысалы, біріншісі – өз-өзін жұмыспен қамтушылар режімі. Оған қазір мобильді қосымша немесе интернет плат­формалар арқылы қызмет көр­сетушілер 34 қызмет түрі бо­йын­ша патент арқылы жұмыс істеушілер кіреді», дейді вице-министр Азамат Әмрин.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде бізде 1,9 миллионнан ас­там салық төлеуші оңайлатыл­ған декларацияны пайдалана­ды. Яғни жылдық максималды табыс 177,4 млн теңгеден аспай­ды екен. Сондай-ақ жаңа құжат­та кейбір салық төлеушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден босатылады. Тек табысы бойынша ­жай алым ғана төлейді. Ал табыс­тың салық мөлшерлемесі 4 пайыз­ды құрамақ. Оған қоса шағын және орта бизнеске арналған арнайы режімдер үшін салық мөлшері табыстың 3-тен 2 пайызына дейін төмендетіледі.

Бірақ ойын бизнесіне қо­сылған құн салығы салынбайды, алайда корпоративтік табыс са­лығы бойынша мөлшерлеме ­­25 пайызға өсуі мүмкін. Букме­кер­лік кеңселерге де арнайы салық көзделіп отыр. Бұл жерде ойыншылардан түскен кез келген соманың 8 пайызын аударуы қажет. Сонымен қатар ұтысқа ие болған ойыншылар да салық төлеуге тиіс. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жаңа құжаттағы кейбір тармақтарды әлі де жетілдіру керек деген пікірде.

«Кодекстегі жаңа өзгерістер­дің 70 пайызын бизнес өкілдері ұсынған еді. Бірақ әлі де шеші­лу­ге тиіс ауқымды мәселе бар. Мы­салы, бұрын салыққа 3 па­йыз төлеген кәсіпкер енді 8 па­йыз төлеуге міндеттеліп отыр. Біз бұған келіспейміз. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты мәселелер бар. Айта кетейін, өнімді өзі өндіріп, өзі сататын салық төлеушілер күшін корпоративтік табыс салығы 10 па­йызға, жеке табыс салығы 5 па­йызға төмендетіледі. Жал­пы, жаңа құжат мемлекеттің ғана емес, биз­нестің де мүддесі үшін жұмыс істейді деген сенім бар», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.

Кодексті әзірлеуге бизнес қауымдастығы белсене атса­лыс­қан. Ұлттық экономика вице-министрінің сөзінше, 500-ден астам өкілдің қатысуымен 300-ден астам кездесу мен кон­ференция өткен. Аталған шара­ларға экономиканың әр­түр­лі секторындағы бизнес-қауым­дастықтар, кәсіпкерлер, халық­аралық ұйымдар, салық сарапшы­лары, экономистер және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «Атамекен» ҰКП өкілдері қа­ты­сыпты. Сонымен қатар жаңа Салық кодексінің жобасын талқы­лауға Парламент депутаттары­мен бірге экономиканың бар­лық саласындағы өкілдердің қаты­суымен бірнеше кездесу ұйым­дастырылған. Кодекс бойынша талқылау әлі жалғаса бермек.

Айта кетейік, бұрынғы Салық кодексінде салық саясатына баса мән берілсе, жаңа кодексте са­лықтық әкімшілендіруге назар аударылған. Бұрын мұндағы режімдердің шамадан тыс әр­түрлі болуы, олардың шарттары мен критерийлері салық ісін­де көп қиындық тудырып кел­гені рас. Ал жаңа құжатта салық декларациясының нысан­дары 30 пайызға қысқарып, кейбір режімдер арнайы оңтайлан­дырылып отыр.