Инвестиция • 22 Маусым, 2024

Еларалық қатынаста инвестиция тарту – басты бағыт

101 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сарапшылар ел экономикасының жыл санап инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті және тартымды болып келе жатқанын айтады. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) мәліметіне сәйкес, еліміз таза шетелдік тікелей инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістікте, Орталық Азияда және теңізге шығатын тікелей жолы жоқ 32 дамушы ел арасында көшбасшы болып саналады. 2019 жылдан бастап елімізге 117 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды деді бізбен сұхбаттасқан Сыртқы істер министрлігіне қарасты Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

Еларалық қатынаста инвестиция тарту – басты бағыт

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Әңгімені елдің инвес­ти­циялық әлеуетінен бастасақ. Алды­мызда қан­дай міндет пен мақсат тұр?

ва

– 2029 жылға қарай қосымша кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвести­ция тартуды қамтамасыз ету стратегиялық міндеті тұр. Еліміздің тоғыз жолдың торабында орналасқанын ескерсек, бұл – біз үшін ұтымды мүмкіндік. Әлем­дік сауда бағыттарын қарайтын болсақ Еуропа мен Қытай сауда қарым-қатынасында тиімді логистикалық бағыт болу мүмкіндігін толығымен пайдалану керек. Президент тапсырма­сын орындау нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты маңызды сауда жолдарының біріне айналып жатыр. Осы тиімді географиялық орна­ласуымыз инвесторлар қызығушылы­ғын арттырып келеді. Екіншіден, минерал­ды шикізат ресурстары, оның ішінде, әлем­де депозитариясы аз қалған материал­дар қоры елімізде жеткілікті. Қазір әлемде технологиялық прогресстің өршуіне байланысты табиғи сирек қазбаларға деген сұраныс ерекше артып келеді. Осы мүмкіндіктерімізге орай инвесторлар бүгінде Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Егер біздің елде өндіріс ашып, тауар шығарса онда біздегі шикізат оларға арзан әрі жеткілікті мөлшер­де беріледі. Бұл да ұтымды тұсымыз. Үшін­шіден, қолайлы инвестициялық ахуал бар. Заңнамада көзделген салық, кедендік төлем жағынан, сондай-ақ жер телімі, визалық сүйемелдеу сияқты пре­ференциялар беріледі. Инвестор қазақ еліне табан тірегеннен-ақ, оларға қажетті сервистік қызмет көрсетіледі. Бұл қызметті «Kazakh invest» ҰК» АҚ жүзеге асырады. «Бір терезе» қағидаты аясында инвесторларға түрлі деңгейде кездесулер ұйымдастыру, жобаларын сүйемелдеу, барлық артықшылық пен мүм­кіндікті түсіндіру, құқықтық жа­ғы­нан қолдау көрсету қызметтері ұсы­нылады. Инвестициядан кейінгі кезең­де тиісті мониторинг жүргізіліп, бұл әрбір инвестор және жобамен дәлме-дәл, барлық кезеңде жұмыс істеуге мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар туын­даған проб­леманы жылдам шешу үшін Инвес­тициялық штаб та тиімді жұмыс атқа­рып жатыр. Мысалы, жуырда әлем­дік деңгейдегі танымал «PepsiCo» ком­пания­сының 160 млн дол­­­лар тұратын инвес­­ти­­ция­лық жобасы нәти­желі бас­талып, 2026 жы­лы алғашқы өнімін шығар­­мақ.

– Отандық және ше­телдік инвес­торларға мемлекет тара­пынан көрсе­тілетін қолдауларды тар­қата айтып беріңізші?

– Бұл – муль­ти­пли­ка­тивтік әсер беретін сала. Өйткені инвесторлар бел­гілі бір жобаға қар­жы құю ар­қы­лы ара­лас салаларда жұ­мыс орнын ашуға мұ­рын­­дық болады. Шетелдік ин­вестиция үшін дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де сайысқа түсіп жатыр. Қазір инвесторлар үшін күрес заманында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін негізгі қолдаудың бірі – инвесторлық келісімшарт. Бұл бағыттағы жұмыстарға Инвестиция ко­митеті жетекшілік етеді. Кейінгі 5 жыл­да 347 инвестициялық келісімшарт жа­салды, қаржы көлемі 3 трлн тең­­гені құрады. Келісімшарт аясында ин­вес­тициялық жобаны іске асыратын заңды тұлғаларға инвестициялық преферен­циялар (кедендік баждан 5 жылға дейін босату, шикізат және (немесе) материалдар импортына қосылған құн салығы­нан 5 жылға босату, мемлекеттік заттай грант, 8 және 10 жылға арналған са­лықтар бойынша артықшылықтар) бері­леді. Мәселен, кәсіпорын Қазақстанда өн­дірілмейтін қондырғыны әкелсе, ол тиісінше баж салығынан босатылады. Бұдан бөлек кәсіпорын өнімді шығару үшін елде өндірілмейтін шикізат пен материалдардың кейбір түрі тіркел­ген актив пайдалануға берілген жағдай­да 5 жылға дейінгі мерзімде кедендік са­лықтан босатылады. Бұл мүмкіндік те кә­сіпорынның аяққа тұрып кетуіне үлкен жағдай туғызады.

– Олардың келісімшарт бойынша жұмысын қаншалықты адал атқарып жатқаны бақылана ма?

– Инвесторлық келісімшартқа қол қойылғаннан бастап инвестор әр жыл сайын 2 рет ақпарат беріп отыруы шарт. Оның ішінде, жобаға қанша қаражат құйғаны, оны қай деңгейде игергені туралы тұрақты түрде тиісті ақпарат алып отырамыз. Егер олар бастапқы уәдесін орындамай, жерді бос ұстап отыратын болса, алғашында хабарландыру жібереміз, одан кейін барлық ереже шеңберінде инвестициялық келісімшарт бұзылады. Инвестор бастапқы жоспар бойынша кәсіпорын жұмысын алға жылжытып, белгіленген мерзім ішінде қажетті жұмыстарды аяқтап, кәсіпорын талапқа сай салынған жағдайда ғана инвестордың міндеттемесі толық орындалды деп растаймыз.

Жақында инвесторлардың қызметін бақылап отыру және олардың жобаларын сүйемелдеу мақсатында Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформа іске қосылды. Онда инвестициялық жобалар пулына кіретін 32 трлн теңгеден асатын 704 инвестициялық жоба енгі­зілді.

– Бізге қай елдер көп инвестиция құяды? Олар жобаға кіріспес бұрын қандай мәселелерге мән береді?

– Көшті Нидерланд мемлекеті бас­тап тұр. Олар 34 млрд доллар салды. Одан кейін тізімді АҚШ, Швейца­рия, Ресей, Қытай жалғайды. Ұлттық ста­тистика бюросының мәліметі бо­йын­­ша, аталған мемлекеттер көп жағ­дайда тау-кен саласына қаржы құюға ықыласты. Себебі әлемдік экономика өскен са­йын шикізатқа сұраныс артып келеді. Сонымен бірге, қаржы, сау­да-саттық және өңдеу өнеркәсібін ілге­рілетуге де қызығушылық бар. Инвес­торлар бірінші кезекте капиталдың сақталуына, заң үстемдігіне, ашық әрі қолайлы бизнес ортаға кепілдік беретін мемлекеттерді таңдайды. Қазір шетелдік инвесторды көптеп тарту мақсатында Қазақстан­ның шетелдік мекемелерінің инвестиция­лармен жұмыс істеу тәсіл­дерін толық қайта қарадық. Осы ретте шетелдегі ел­шіліктеріміз үшін елдік инвестиция­лық бағдарламалар әзірленді. Оның аясында біз нақты күтетін инвестиция көлемін, сол мемлекеттегі қандай шетелдік компаниялармен нақтылы жұмыс істеу керек екенін және қандай салаларды қам­ту қажеттігін белгілейміз. Жақын арада облыстарда инвестицияға тапсырыс ретінде өңірлік бағдарламалар әзір­ленеді. Яғни әр өңірдің ерекшелігі ескеріледі – инфрақұрылымның болуы, бос жер телімдері және басқа да мәлі­меттерден тұратын өңірлік инвес­тициялық бағдарламалар негізінде біздің елшіліктер шетелден инвесторларды іздейді.

– Бұған дейін елде ерекше ин­весторлық виза енгізілгені хабарланған еді? Ол қандай мүмкіндіктер береді?

– Иә, ел аумағында инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыратын шетел­дік компаниялардың басшылары мен олар­дың отбасы үшін «А5» санатын­дағы инвесторлық виза беру тетігі та­бысты жұмыс істеп жатыр. Бұл визалар 5 жылға беріледі. Экономикаға 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін «А6» инвесторлық визасының жаңа санаттарын енгізуге қатысты жұмыстар аяқ­та­лып келеді. Аталған санат шетелдік­терге елде 10 жылға дейін тұру құқығын береді.

– Әлемде сауда-экономикалық үдерістер жылдам өзгеріп жатады. Бұл тұрғыда заңнамалық талаптарды да қолайлы ету сұранысы туады. Осы іспен айналысатын инвестициялық штаб қызметі қалай жүріп жатыр?

– Өткен жылдың соңында Прези­дент Жарлығымен Инвестициялық штабтың жұмысы күшейтілді. Оны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқарады. Ал мен штабта хатшылық қызмет атқара­мын. Инвестициялық штаб құрамына ма­ңыз­ды салалық министрліктер бас­шы­ларының орынбасарлары, Бас прокуратура және басқа да құқық қор­ғау органдардың орынбасарлары және өңір әкімдерінің орынбасарлары кіреді. Инвес­тициялық штаб отырыстары­ның күн тәртібінде әрбір инвестордың көтерген мәселесі мен олардың жобаларды іске асырудағы кедергілер бірінші кезекте қаралып, оны тиімді шешу мақ­сатында мемлекеттік органдарға нақ­ты тапсырмалар жүктеледі. Атап айт­сақ, Инвестициялық штаб шығарған ше­шімдер бұған дейін ұсыным ретінде қаралып келсе, Президент пәрмені­нен кейін орындалуы міндетті санатқа көшті. Кейбір заңдар ескіріп жатады. Егер заң инвесторларға кедергі келтірсе, Инвестициялық штаб шешім қабыл­дап, мемлекеттік орган орындайды. Кейіні­рек сол заңнамаға өзгеріс жасалып, әре­кет заңдастырылады. Осылайша, кейде бір жылға дейін созылып қабылдана­тын шешімдер Инвестициялық штаб арқасында жылдам қабылданып, нәти­жесінде инвестициялық жобалар уақы­тында өнім шығаруға көше бастайды.

– Таяуда Корея Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапармен Қазақ­станға келді. Осы сапар аясында қан­дай ұтымды инвестициялық келі­сімдер жасалды?

– Корея Президентінің сапары аясында екі ел арасындағы инвестиция бойынша бизнес форум өтті. Сол жерде құны 430 млн доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Жоба­­лар энергетика, металлургия, авто­­мо­биль өнеркәсібі, IT және көлік инфра­құры­лымы салаларын қамтиды.

Әсіресе автокөлік өнеркәсібі сала­сы­­на салынған инвестицияның жалпы кө­ле­­мі – шамамен 200 миллион доллар. Алма­тыда «Hyundai» көліктерін құрастыру жобасы жолға қойылып, Қостанайда «KIA» зауыты іске қосылмақ. Айта кету керек, «Kia» тарихта алғаш рет бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция салып, Корея Республикасынан тыс жерде зауыт салып жатыр. Автомобиль өнеркәсібі­нен бөлек, «Samsung», «LG», «Lotte», «Posco», «Doosan» сияқты ірі корпорациялар, жалпы бізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Екіжақты келісімдер елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін.

Жалпы, ол елден келетін тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 9,6 млрд долларды құрады. Ұлттық инве­с­тициялық цифрлық платформада байқа­ғанымыз, жыл басынан есептегенде Оңтүстік Корея ТОП ондықтан ТОП бестікке көтерілді.

Сөз соңында Қазақстан үшін әр ин­вестор маңызды екенін еске салғым келеді. Біздің елге инвестиция құюға қолай­лы жағдайлар жасалған және бұл үрдіс жалғасады. Өз тарапымыздан елі­­­міз­ге инвестицияның көптеп тарты­луына, сол арқылы ел экономикасын да­­мытуға бар күш жігерімізді саламыз.

 

Әңгімелескен –

Дана Мырзақадір,

«Egemen Qazaqstan»