Еңбек • 22 Маусым, 2024

Қызмет жас буынды шыңдайды

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 34,8 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Жергілікті мем­­­ле­ке­т­тік органдарда еңбек етіп жүрген қыз­мет­ші­лер­­дің 28-і Мемлекеттік басқару академиясының түле­гі­­ болса,­ 5 маман «Болашақ» бағдарламасын аяқтаған.

Қызмет жас буынды шыңдайды

Фото: syrdidary.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпанда өткен Президенттік жас­тар кадр резерві фору­мын­дағы: «Елімізде ел игілігі үшін қызмет етуге дайын дарын­ды, талантты жастар көп. Эко­номикада, мемлекеттік қыз­метте немесе басқа сектор­да жұмыс істеп жүрген жас­тары­мызға қолдау білдіру үшін қол­дан келгеннің бәрін жасай­мын. Уақыты келгенде, сіз­дер­ге жол береміз. Біз зейнет­ке шығамыз, орнымызға сіз­дер­дей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болу­ла­ры­ңыз қажет. Мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отан­шыл азаматтар көптеп келуі керек. Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», деген сөзі елге қызмет етуді енді бастаған жас мамандардың айнымас бағдарына айналуға тиіс.

Ал жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт», деді. Осы қағида барлық мемлекеттік қызметшінің негізгі ұстанымы болуға тиіс. Себебі мемлекеттік қызметші – ел саясатын алға жылжытушы тұлға.

Күнделікті жағдайда «Мем­ле­кеттік қызмет – абыройлы міндет» деген сөздерді жиі естіп жүрсек те, осы сөз­дер­дің мағынасына терең бой­ламаймыз-ау деген күдік бар. Жақсы маман атану үшін адам бойында терең білім, әдептілік, төзім, үлкен жауапкершілік қасиеттері болуы керек. Бүгінде кей жас­тар «отбасылық дәстүрді жалғастырамын» деген желеу­мен атасынан бері жалғасып келе жатқан мамандықты таңдаса, басқалары жүрек қалауымен ғана барады. Өз қалауымен таңдаған мамандық немесе кәсіп жасты биікке көтереді. Себебі ол өзі ұнатқан мамандықтың қыр-сырына жету үшін аянбай көп ізденіп, аянбай тер төгеді. Классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген ұлағатты сөзі бар. Мемлекеттік қызметші ғұламаның қағидаттарын бас­шы­лыққа алса, өзіне де, адам­дарға да пайдасы тиіп, тұтас­тай алғанда қоғамды ал­ға жылжытады. Осы тәмсіл Пре­зидент айтқан «Адал адам» тұжырымдамасымен де үйле­сіп жатыр. Мемлекеттік қыз­мет­шінің жұмысы оңай емес, жауап­кершілігі зор. Кейде оның жұмысы уақытқа да бағын­бай жатады. Тұрғындар тара­пынан мемлекеттік орган­дар қызметіне көңіл толмау­шы­лық та жиі кездеседі.

Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіруде басы артық кедергілерді жою мен қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соңғы өзгерістерде жастарға көп мүмкіндік берілгенін атап өткен жөн. Оның бір мысалы, мемлекеттік тапсырыс­пен жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусы бойынша ең төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданады. Бұл жерде жас маманға қойылатын талап – дипломы 3,33 GPA-дан жоғары болуға тиіс. Басқа­ша айтқанда, дипломындағы баға­­лары балдық жүйе бо­йынша 85-89% болуы керек. Осы енгізілген жаңашылдық нәти­жесінде елімізде жүзден астам түлек, оның ішінде Ақтө­бе облысы бойынша 10 түлек аудандық және ауыл­дық деңгейдегі төменгі, бас­шы­лық емес лауазымдарға кон­курссыз қабылданды. Мәселен, М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан меди­цина университеті, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­техникалық зерттеу уни­верситеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық уни­вер­ситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінің түлектері мем­лекеттік әкімшілік лауа­зым­дарға жұмысқа алынды. Дәлі­рек айтқанда, А.Ідірісова, Д.Қалдығали, А.Тілектес, А.Шаратдинова орталық мемлекеттік органдардың Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Хромтау аудандарындағы аумақтық бөлімшелеріне, А.Құрмантаева Алға аудан­дық мәслихат аппаратына, Н.Мұрат, Н.Қалданова, Н.Рах­метова, Н.Фанилова, Қ.Қала­ғанов Алға, Әйтеке би, Хромтау, Шалқар, Темір аудандарының әкімшіліктеріне жұмысқа қабылданды.

Мемлекеттік қызметке енді келген жастарға осы сала ардагерлерінің ақыл-кеңесі өте маңызды. Жас қыз­метшілердің кәсіби бейім­делуіне көмек көрсету мақ­са­тында Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Кеңеске мемлекет­тік қызметте абыройлы еңбек еткен С.Шаңғұтов, С.Ботаға­рин, М.Жекеев, А.Мырзалин, С.Қалдығұлова, С.Еңсегенұлы кірді. Осы күнге дейін жас қызметшілер аға буын өкіл­дерінен көптеген ақыл-кеңес алды. Тәлімгерлер кеңесінің бір отырысында конкурссыз жұмысқа қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер ант берді. Еркін форматта өткен басқосуда жастар «Ауылда жұмыс жоқ деп айтуға болмайды. Ниеттенген адамға міндетті түрде жұмыс табылады. Қазақ аулын біз көтермесек, кім көтереді?» деп бастама көтеріп, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», «Отан туралы» өлеңдерін жатқа оқыды. Жиын­ды «Біз – жас мемлекеттік қызметшілер, білімді, жігерлі жастарды алтын бесігіміз – ауылға жұмысқа шақырамыз!» деп қорытындылады. Арлы, намысты, қайратты, отансүйгіш жастарымыз қазіргі уақытта ауылда кәсіпкерлікті дамытып, балабақшалар мен мектептерде, медицина, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, түрлі үйірме мен спорттық секция ашып, ауыл өмірін жақсартуға барынша үлес қосқандары абзал. Дана халқымыз «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» дейді. Қай уақытта болсын елдің жүгін арқалап, мемлекеттік қыз­­­метте жүр­ген­дердің еңбегі Отаны мен халқына адал қыз­мет етумен бағаланады. Осы мақ­сатта жас буын мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады деген үлкен сенім бар.

 

Роза ШУМЕКЕЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы департаментінің бас маманы