Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.
Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.
Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.
Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың қатал сынын басынан кешті. Осының салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар – мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеліп соқты. Әйтсе де, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында аянбай күресті. Тіпті, мына бір мысалдың өзі осыған нақ айғақтай.
Он төрт жасында Қазыбек би Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп, алғаш рет қалмақ қоңтайшысына барған екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығып: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең, жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» деген екен. Сонда Қалмақ ханы жас баланың сөзінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарып, шешендігі мен өжеттігіне риза болған көрінеді. Міне, осындай ата-бабаларымыздың ерен ерліктері мен шын тілеулері бүгінгі Тәңір сыйлаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзгелермен тең дәрежедегі бейбіт елге айналдырды.
Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұрғандай. Тіпті, қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшіліксүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.
Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге бейбітсүйерлігімен мойындата білген Қазақстан жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне атсалысуда.
«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.
Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой, – дейді.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.
Ел ынтымағын орнатып, бейбітшілікті сақтауға дініміз қалай қарайды?! Қазақ халқы да ежелден ислам дінінің болмысына сай ғұмыр кешіп келеді. Араб тілінен алынған «ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәләм» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі де – «әс-Сәләм». «Есендік беруші», «Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» деген мағыналарын қамтиды.
Олай болса, Алланың ақиқи діні – ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды: «Расында, Біз сені әлемдерге рақым шуағы етіп қана жібердік», делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бейбітшілікті меңзейді.
Қасиетті Құранда: «Алла құзырындағы дін, тек Ислам ғана» («әл-Имран» сүресі, 19-аят) делінеді. Аталған аят исламның жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін екенін көрсетуде. Шынында, ислам бейбітшілікке үндейді. Ал мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-әрекетімен, пайым-парасатымен, көркем әдебімен көрсете түседі. Міне, сонау ықылым заманнан мұсылманшылықты ту еткен халқымыз өмір болмысында татулыққа бекем болған. Дініне берік болып, өзара бөлінбеген, бірігіп ел бола білген.
Өкініштісі, қазіргі кезеңде ел ынтымағын бейбіт діннің атын жамыла отырып ыдыратқысы келетіндер де аз емес. Тіпті, үй ішінен үй тігіп, ынтымағы жарасқан мұсылмандардың арасына іріткі салып, бәзбір діни ағымдарды дін етіп көрсеткісі келетіндердің жымысқы әрекеті қоғамның бірлігіне әжептәуір зиянын тигізуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке-дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін», дейді.
Ал Алла тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят) делінген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі», дейді. Шындығында, ислам – мейірім, сыпайылық, көркемдік және әдемілік діні.
Ислам – жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту дініміздің нақ әмірі. Ал оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы – отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді... Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық... Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін де білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек», – деген-ді.
Исламға негізделген қазақы болмысымыз да, дәстүріміз де, мәдениетіміз де ынтымақ пен бірлікті қашан да жоғары қояды. Ынтымақ пен бірлік – бақыттың бастауы. Бірлігі жарасқан елдің берекесі артатыны әмбеге аян.
Ата-баба арманы болған Мәңгілік Елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсаттаған Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы – қазақ халқын «Мәңгілік Елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.
АТЫРАУ.