Сұхбат • 25 Маусым, 2024

Прагматикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды

100 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, Әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасу керек», деген еді. Әрине, бұл топтасуды сыртқы әлеммен байланыс тұрғысынан да ұмыт қалдырмауымыз керек. Қанша дегенмен біздің қоғам ретінде де, мемлекет ретінде де дамыған елдерден үйренеріміз жоқ емес. Оның үстіне халықаралық қауымдастықтың да бізге назары аз түсіп тұрған жоқ. Осы мәселе төңірегінде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел НАЗАРБЕТОВАМЕН сұхбат құрып, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын сараптадық.

Прагматикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды

– Әсел Қожахметқызы, саясаттанушы ретінде сіз Әділетті Қазақ­стан қағидатын қалай тү­сіндіресіз? Осы жолда біз өзі­міз­дің негізгі ұлттық өзегі­мізге, өткен тарихымызға арқа сүйе­геніміз жөн бе, әлде сан ғасыр­лық демократиясы қалып­тасқан, дамудың даңғыл жолына түскен шет мемлекеттердің тәжірибесін, өркендеу моделін үлгі еткеніміз жөн бе?

– Әрине, Мемлекет басшысы­ның Әділетті Қазақстан идея­сы мен қағидаты қоғамда кең қолдауға ие болды. Бұл идеяны елі­міз­дің қазіргі кезеңдегі даму сатысына негізделіп ұсынылған идеологема деп қарастыруымыз керек. Әділетті Қазақстанды аза­маттарының әл-ауқатын, тұр­мыс-тіршілігін өз бетінше сапалы қалыптастыруға мемлекет тарапынан қолайлы жағдай мен мүмкіндіктер жасалған, құ­қықтары қорғалған. Осы орайда Мем­лекет басшысының Ұлттық құрыл­тайдың Атыраудағы үшін­ші отырысында ұсынған құнды­лықтарының бірі – әділдік пен жауапкершілікке үлкен мән беруі орынды. Дегенмен қоғамдағы теріс түсініктен, яғни әділеттілікті тек мемлекеттің ресурстарын халыққа теңдей бөліп беру дегеннен арылту қажет. Керісінше сол игілікті дұрыс игеріп, пайдаланып, оны келер ұрпаққа да қалдыруға қоғамның әр мүшесі жауап­ты екенін ұғындырған жөн.

Егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде 30 жылдан аса жүріп өткен жолымызда түрлі соқпақ­тан өттік, сол жылдарда әлем­дік қауымдастықтың толық­қанды мүшесі ретінде танылып, мо­йын­далып, сонымен бірге өзін­­дік модель қалып­тас­тыр­дық. Әділетті Қазақ­стан құруда біз әлемде бар демо­кратиялық институттардың стан­дар­ттарын, әсіресе заң үстем­дігі мен тәртіпке байланыс­ты дамыту­мен қатар еліміздің мемле­кет­тілігін қалыптастыр­ған тарихи жолымызға, сол жолда аянбай еңбек еткен тарихы тұлғаларымыздың озық ойлы ел болсақ деген нұсқауларына терең үңіле отырып, яғни дала демократиясына, ұлттық болмы­сымызға сай өркендеу моделін жасағанымыз жөн. Осы бағытта Қазақстанның болашақ келбеті қандай болмақ деген ауқымды зерттеулер жүргізіліп жатыр.

– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттік сапармен Сингапурға барып, ма­ңыз­ды кездесулер өткізіп, екіжақты тиім­ді келіссөздер жүр­гізді. Жалпы, біз бұл елден нені үйреніп, қан­дай артық­шылықтарын қабыл­дағанымыз жөн?

– Президент Қ.Тоқаевтың Син­гапурға мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайтындығы айтылды. Қазақстан мен Сингапур ара­сындағы дипломатиялық қаты­настар 1993 жылы орна­тылған, оған дейін 1991 жылғы қыркүйекте Сингапур­дың Премьер-министрі Ли Куан Ю Қазақстанға сапармен келген болатын. Ал біздің елдің президенттік деңгейдегі Сингапурға алғашқы ресми сапары 1996 жылы болды. Сол кезеңнен бері елімізде 140-тан аса сингапурлық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар қызмет жасап, екіжақты сауда көлемі 2 млрд доллардан асты, Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 1,7 млрд доллар шамасында.

Аталған көрсеткіштерді ұл­ғайтуға, сауда және инвестиция­лық қатынас­тардың қарқын алуына, екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашу­ға мүдделілік Мемлекет басшы­сы­ның Сингапурға сапары барысында айрықша аталды. Осы орайда жасалған келісімшарттар еліміздің Сингапурмен энергетика, шикізатты өңдеу, инфра­­құрылымды дамыту, цифр­лық эко­номика, қаржы технологиясы, агротехнология, логистика бағыт­тарынд­ағы ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік туғызады.

Айта кетерлігі, Сингапур – Оң­түстік-Шығыс Азияның қар­қынды дамыған, жарты ғасыр ішінде «үшінші әлем» елінен әлемдік саудадағы жетекші 20 мемлекеттің қатарына кірген, «азиялық жолбарыс» аталған қала-мемлекет. 90-жылдардың басынан Син­гапурдың осы ғажайып даму жолы, жасаған реформалары мен саяси шешімдері Қазақстан үшін қызық та үлгі аларлық болды. Сарап­шылардың пікірінше, Сингапурдың модернизациясы білім беру саласындағы реформалар, өңірлерге инвестор­лар­ды тарту, сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы күрес, экологиялық жағ­дайды қалыпқа келтіру сынды бағыттарды тиімді жүргіз­ген­дігімен ерекшеленеді. Қазақстан да осы бағыттарда ауқымды шаралар атқаруда, дегенмен тиімділігін әлі де арттыру қажет. Мемлекет басшысының 46-Сингапур лекциясында «Әділетті Қазақстан» және «Алға, Сингапур» бағдар­ламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсастығына назар аударылды. Сингапурдан Қазақстанның ерекшелігі – табиғи байлығы, хал­қының бастапқыдан-ақ сауат­тылығының жоғары болуы. Сол себепті еліміз Азияның ғажайып жолмен қарқынды дамыған мемлекетіне айналуы әбден мүмкін, оған саяси жігер мен адами әлеуеті толық  жетеді.

– Идеология саласында бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының маңызды рөл ат­қаратынын жақсы білесіз. Дамыған елдермен салыстыр­малы түрде алсақ, біздің отан­дық медиа өз миссиясын қан­шалықты орындап жүр?

– Әлемнің барлық елінде сая­сат пен масс-медиа салалары жақындасып келеді, масс-медиа кеңістігі саяси коммуникация­ның негізгі ортасына айналатын медиа-саяси жүйе қалыптас­ты. Ақ­параттық-коммуникация­лық тех­нологияларды жүзеге асы­ру­дың басты құралдарының бiрi бола отырып, масс-медиа қоғамдық пiкiрдiң күнделiктi қалыптасуына едәуiр әсер етедi. Сонымен қатар адамдардың мiнез-құлық реакцияларына ықпал етуге қабiлеттi, iшкi және әлемдiк саясат саласында саяси шешiмдер қабылдауға ықпал етуi мүмкiн. Бұдан басқа бүгінде бірқатар мемлекеттердегі масс-медиа азаматтарды маңыз­ды мемлекетішілік және халық­аралық оқиғалар туралы хабар­дар ете оты­рып, оларда дұрыс саяси мінез-құлық пен ұстаным­дарды қалып­тастыра отырып, халықты саяси ағарту функцияларын жеткілікті түрде табысты іске асырып келеді.

Қоғамның алдында Әділетті Қазақстан құру жөніндегі міндеттерді іске асыру қажеттігі тұр. Осы жолда барлық уәкілетті мемлекеттік органдармен қатар масс-медиаға да ерекше жауапкершілік жүктелген. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде ақпараттық-ко­м­муникациялық тех­ноло­гия­лардың қарқынды дамуы кәсі­би журналистерден бірегей мультимедиялық контентті талап етеді. Журналистік білім беру дағдарысы тек Қазақстан­да емес, бүкіл әлемде бай­қалады. Қазақстанда тек кәсіби жур­налистердің емес, қазіргі заманғы медиа нарықтың талаптарына сай келетін менеджер­лер­дің, шығармашыл қызметкерлердің, сарапшылардың, тележүр­гізу­шілер­дің де жетіс­пеушілігі өткір сезіледі. Осыған байланысты сапалы заманауи журналистік білім беру медиажүйенің тиімділігін, саяси коммуникациядағы жаңа технологиялардың өсуін айқын­дайды. Сондай-ақ ақыл-ой революция­сын жүзеге асыра отырып қоғамдық сананы жаңғыртады. Осы орайда айта кететін жайт, отандық медианың жай-күйін, қоғамдық санаға ықпалын, оның қауқарлығын сараптайтын кешенді зерттеулер жетіспейді.

– Қазіргі геосаяси тұрақ­сыздық жағдайында Қазақ­станға, жалпы Орталық Азия ай­мағына әлем елдерінің қызы­ғушылығы еселеп артып отыр. Оған дәлел ретінде «С5+» форматындағы алпауыт мемлекеттермен түрлі деңгейдегі форумдар мен саммитерді айтуға болады. Бұл үрдістің астарына үңілсек нені байқауға болады? Қазақстан осы бағытта қандай сыртқы саясат жүргізуге тиіс?

– Бүгінде әлем жаһандық өзге­рістер қарсаңында тұр. Қазір­гі жа­һан­дық өзгерістердің тұжы­рым­­дамалық айыр­машы­лығы ретін­­де олардың ауқымын ғана емес, бұрынғы тарихи дәуір­лер­мен салыстырғанда осы өзгеріс­тер­­­дің пайда болу қарқыны мен жыл­дам­­дығын да атап өтуге болады.

Қазіргі күр­делі геосаяси жағ­дайда Қазақ­стан үшін барлық шетел­дік серік­тестерімізбен, ең алды­мен, көр­шілерімізбен өзара тиім­ді және прагматикалық ынты­­мақтастықты дамыту ма­ңыз­­ды. Ал Қазақстан үшін ең жақын­дары – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері.

Жыл басында «Egemen Qazaq­stan» газетіндегі сұх­батында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев Орта­­лық Азия аймағындағы ынты­мақ­тастық­тың маңызына ерек­ше на­зар аударды. Прези­дент «С5 +» фор­матын және оның аймақ ел­дері­нің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту­дағы рөлін атап өтіп, эконо­ми­калық даму үшін мультипли­ка­тивтік әсер алу үшін страте­гия­лық әріптестікті тереңдетуге ұмты­лысын атап өтті. Бұл Қазақ­станның аймақтық бастамаларды дамытуда, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақ­тас­­тықты нығайтуда саналы түр­де белсенді рөл атқаруға ұмты­ла­тынын көрсетеді. Бүгінгі таңда Орталық Азия – геосаяси шын­дыққа өз көзқарасы, саудада, инвес­­тицияларда, бизнесте, ин­но­ва­цияларда кең мүм­кін­діктері бар, серпінді дамып келе жатқан аймақ. Сондықтан да әлемде Орталық Азияға деген қы­зығу­шылық арта түсуде, «С5 +» диалог алаңына деген сұраныс артып келеді.

Бұл жерде Германиядағы танымал «Ғылым және саясат қоры (Stiftung Wissenschaft und Politik/SWP)» инс­титутының зерттеуіне назар аударған жөн. Ол «Орта дер­жавалар – халықара­лық саясат­тағы маңызды акторлар» ғылы­ми-талдамалық жинағын жария­лаған, онда Қазақстан әлемдік «орта державалар» тізіміне енгізілген. «Қазақстандық кейс» Орталық Азиядағы ірі мемлекеттің әлеуеті мен даму келешегін шетелдік сарапшылар мен бизнес өкілдері үшін жақсы түсінуге ықпал ететіндігімен қызықты.

Германиялық сарапшылар­дың Қазақстанды «орта державалар» тізілі­міне енгізу шешімі – Астанаға деген қандай да бір саяси комплимент емес, дәйекті түрде айқындалған фактінің көрінісі. Осы ретте Қазақстан әрі қарай орта держава ретінде әлемдегі қазіргі қалыптасқан ахуал­ғ­а бейжай қарамай, бар­лық мемлекеттермен ашық қа­тынас жасай отырып, сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етуі қажет. Орта держава ел­дері­нің рөлі, әлемдегі геосаяси мә­се­лелерге, оларды ше­шу жолдарына ықпалы мен үлесі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» телеар­насына мамыр айын­да бер­­ген сұхбатында атап өтіп, Қазақ­стан сияқты орта держава ел­дер негізгі ойыншыларға айналып отырғандығына, олардың өз аймақ­тарында да, бүкіл әлемде де тұрақтылық, бейбітшілік пен дамуға үлес қосатын әлеуетінің артқандығына баса назар аударды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»