Almaty.tv жазғандай, Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Талды тарихи-археологиялық паркінде жаз басталғалы жұмыс қызу. Қазір мұндағы қола дәуіріне жататын Талды мен Ақкезең қорымы мұқият зерттеліп жатыр. Бағзы заман адамдарының тұрақтарын қазу кезінде солардың бірінен сақ дәуіріне жататын темір қанжар табылды. Археологтар «шірімей, пішіні де сол күйі сақталған қарудың иесі де осы жерде жерленуі мүмкін» дейді.
– Сақ дәуіріндегі «акинак» дейді. Темір сол күйі сақталған. Адам жерленген жеріне әлі түскен жоқ. Қазба жұмыстары жасалып жатыр. Табылған қанжар өлкетану музейіне табысталады. Ол туристерге, қала тұрғындарына көрсетіледі, – деді Ескерткіштерді қорғау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов
Сақтардың қаруы саналған ақинақтан бөлек, қазба жұмысы кезінде қыш құмыра мен өзге де әшекейлер табылған. Ал қыпшақ дәуіріне жататын қорымнан төрт түліктің сүйегі көп шығыпты.
– Қыпшақ дәуіріне жататын таспен қоршалған аумақты қазып жатырмыз. Қорымдардың салыну ерекшелігі қыпшақ кезеңінің дәстүр-танымына сай келеді. Мал шаруашылығымен айналысқан. Ұсақ мал, жылқы сүйегі көп табылып жатыр, – деді «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Талды кешенінен тарихи жәдігердің табылуы бірінші рет емес. 2016 жылы археологтар анықтаған сатылы «Сарыарқа пирамидасы» талай жаңалықтың ашылуына сеп болған. Кейіннен зерттеу нәтижесінде экспедиция мүшелері бұл аумақтан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын қала орнын, қос ат пен қыш ыдыстар қоса көмілген көне қорымды анықтаған. Аталған тарихи қорымдар бүгінде қалыпқа келтіріліп, туристер келетін орынға айналған.