«Бұл бұған дейінгі құндылықтар мен сенімнің маңызын жоймайды. Керісінше олардың мазмұны заманмен рухтас болуға тиіс деген сөз. «Партияның ребрендингін дәл сол себепті жүргізіп жатырмыз. Жылдар бойы қалыптасқан жақсы дәстүрлерді сақтаймыз. Сөйтіп, партияға бүгінгі сын-талаптарға жауап беретін жаңа келбет береміз. Өткенді дәріптей отырып, идеалдардың жалауын жықпаймыз», деді С.Егізбаев.
Съезд өткен Зеренді мәдениет сарайында ауыл адамдары мен балалар бейнелеген картиналардың көрмесі ұйымдастырылды. Жүзге жуық туындының әрбірінде ауыл және ондағы тіршіліктің бір сәті керемет көрініс тауып тұр. Бұл – ауылдарда салынған мыңдаған картинаның арнайы байқауларда жүлделі орын алып, съезге арнайы іріктеліп әкелінген үздіктері.
«Ауыл» партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірлерді аралап, халық пікіріне құлақ түрген. Нәтижесінде, «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» екі заң жобасын әзірлеген. Екеуін де қос палатадағы 60 пайыздан аса депутат қолдаған. Партия төрағасы бұл бағыттағы жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдармен жалғасын табатынын айтты.
Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Су тасқыны салдарын жоюда сіздердей жарқырап алға шыққан, жастар құрылыс жасағын түзіп, сапқа тұрғызған ешкім болмады» деп атап өтті.
«Партияның саяси бағдарламасын «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» деп атадық. Халықтың мәдени дәстүрі мен рухани құндылықтарына негізделген, гүлденген ауылдары мен қалалары бар аграрлық, саяси тұрақты, экономикалық күшті, әлеуметтік әділетті, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құруды мақсат ретінде айқындадық», дейді партия басшысы.
Расында, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің маңызы ұшақ пен компьютер жасап шығарудан артық болмаса, кем емес. Пандемия мен геосаяси оқиғалардың қасіретті сабағы азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі элементіне айналатынын көрсетті. Табыстың төмен деңгейі ауыл тұрғындарын қалаға көшуге мәжбүр етеді. Жалпы, аграрлық өндірісте кірістің төмен болуы, отандық ауыл шаруашылығының басты проблемасына айналған. Бұл орайда партия мемлекеттік қолдаумен ауылдық кооперативтерді дамыту қажет деген ұстанымда.
«Ауыл» партиясы есепті кезеңде жақын және алыс шетелдердің саяси партияларымен, қоғамдық халықаралық және отандық бірлестіктермен ынтымақтастықты жандандырған. Биылдың өзінде 30-дан астам кездесу өткізіпті. Онда қызметтің түрлі бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Қазір Азия мен Еуропаның аграрлық бағыттағы 13 саяси партиясымен, оның ішінде Еуропа Парламентінде, Чехия, Польша, Литва, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан парламенттерінде өз фракциясы бар партиялармен қарым-қатынас орнату жүріп жатыр.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен» (ФАО), «Ауыл әкімдерін оқыту мәселелері бойынша Конрад Аденауэр қорымен», «Қазақстан –Герман аграрлық-саяси диалогі» ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасамақшы. «Түркия түлектері қауымдастығымен» «Түркия бурслары бағдарламасы», «Берлин Еуразиялық клубы», «Потсдам климаттық өзгерістерді зерттеу институты», тағы басқа халықаралық ұйымдармен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуді жоспарлапты.
Жастарды патриотизм, бірлік және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Ұлттық волонтерлер желісімен бірқатар меморандумға қол қойған. Сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылым академиясымен және Агроколледждер қауымдастығымен меморандумда агроөнеркәсіп кешенін ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету мәселесін талқылаған.
Уақыт талабына сай жаңғырған партияға толық ребрендинг жасалды, партия атауы мен логотипіне киіз үй таңдалған.
Саяси іс-шарада ауыл мен ондағы тұрмыс-тіршілікке қатысты көптеген мәселе көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.