Мемлекет басшысы атап өткеніндей «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпы жұртшылық тарапынан қолдау тауып, кеңінен қанат жайып жатыр. Ілкімді іске облыстық кәсіпкерлер палатасы да білек сыбана араласып, экожүйені сақтауға және жақсартуға елеулі үлес қосатын кәсіпорындарды демеп, мерейлі мақсатты көздейді. Бірден айта кетейік, палата алаңында өңірдің экологиялық мәселелері, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мен өңдеу жайы әлденеше рет талқыланды. Сараптап қарасаңыз, негізгі мәселелердің өзектісі әлсіз инфрақұрылым, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының талапқа сай болмауы, оның ішінде заңсыз жұмыс істеуі тәрізді көптен қордаланып қалған жайлар бар. Кейінгі жылдары рұқсат берілмеген полигондардың қатары тым көбейіп кетті. Облыс орталығында және өңірдің бірнеше қалаларында кәріз тазарту стансаларының тозығы жеткен. Міне, осындай бірқатар мәселені оңынан шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды терең өңдейтін кәсіпорындардың қажеттілігі туындайды. Жоғарыда 45 жобаның пысықталғандығы туралы айттық. Өңірде қоқысты сұрыптап өңдейтін үш кешен салынбақ. Жобаға «ЭКО-DUMP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәриям Әбішева бастамашы болды. Алдағы уақытта қоқысты сұрыптау-өңдеу кешендерін облыс орталығында, Бурабай және Зеренді аудандарында салу жоспарланған. Ұзақ жыл түбегейлі айналысып келе жатқандықтан Мәриям Әбішева осы саладағы мәселелерді терең біледі. Табиғат жанашыры қаншама жылдан бері көрікті Көкше өңірінде заңсыз қоқыс орындарының көбейіп кеткендігі жайында айтып, мәселе көтерумен келеді. Енді міне, күрделі мәселенің күрмеуі шешілетін сыңайлы. Краснояр ауылында орналасқан полигонның тиісті құжаттары болмауына байланысты бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрды. Енді нысан жұмысын заңдастыру туралы шешім қабылданып отыр. Осы арада заңдастыру мен сәйкестендіруге көп уақыт пен күш-жігер жұмсалғандығын айта кетуге болады. Рұқсат құжаттарын дайындау үшін тұп-тура сегіз ай уақыт жұмсалған. Қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінде қайта өңдеуге жататын шикізат шамамен 24 пайызды құрайды екен. Ал қалғандарының барлығы кәдеге аспайтын қалдықтар. Өткен жылы Краснояр ауылының полигонынан өрт шығып, облыс орталығын қара түтін басып қалды. Мұндай оқыс оқиға бірнеше мәрте қайталанды.
Полигонға тәулігіне 150 тоннаға жуық қоқыс әкелінеді екен. Әлденеше жыл бойы тау-теңіз болып жиналған қоқыс қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта шіріп жатады. «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері кәсіпорын төрт мың тоннадан астам қоқыс қабылдапты. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі.
– Полигондарды қолдау мұқият жүргізілуге тиіс. Бұл бағытта заманауи жаңа технологияларды қолдана отырып, қайта өңдеу ісімен айналысу табиғи ресурстарды сақтауға септігін тигізер еді, – дейді Мәриям Әбішева. – Біздің жоба аясында Көкшетау қаласында, Зеренді және Бурабай аудандарында қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын сұрыптау желілерін салу көзделген. Бұл жобаларды іске асырған кезде қазіргі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды толық өңдеуге мүмкіндік береді. Сол арқылы экологиялық және санитарлық-эпидемиялық мәселе шешілмек.
Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысса, елді мекендердің ішкі, сыртқы келбеті жақсара түспек. Тазалық пен тәртіпті сақтай отырып, аймақта абаттандыруға үлес қосу – азаматтық парыз.
Ақмола облысы