Үкімет • 27 Маусым, 2024

Әлеуметтік мәселелер шешімін табады

112 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің ке­зек­ті отырысы өтіп, палатаның екін­ші сессияда атқарылған жұмы­сы қо­ры­тындыланды. Сондай-ақ «Ғы­лым мә­сел­елері бойынша өзгеріс­тер мен тол­ықтырулар енгізу тура­лы» заң жо­басы қаралып, Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Тамара Дүй­сенова мемлекеттік органдар­дың де­пут­аттарға келіп түскен аза­­мат­­тар­дың өтініштерін қарау нә­ти­­желері жайында баяндама жасады.

Әлеуметтік мәселелер шешімін табады

Ауылда медициналық мекеме жеткіліксіз

Тамара Дүйсенова заң шығарушы органға бірлесіп атқарған ауқымды жұмыс үшін шынайы ризашылығын білдірді. Былтыр қазан айында өңірлерге жұмыс сапарлары аясында тұрғындар бірқатар өзекті мәселені көтерген. Үкімет тұрғындар тарапынан айтылған түйткілді проблемаларды егжей-тегжейлі қарап, жалпы алғанда 1 700-ден астам сұрақ жүйеленіп, нақты қандай шаралар қабылданғаны туралы есеп берілгенін жеткізді. Бұл формат өзінің тиімділігін көрсеткен. Бұған қосымша қаңтар айында келіп түскен тағы 1 000-ға жуық сұрақ бойынша баяндама жасаған ол: «Олар­дың орындалу барысы Үкіметтің ерекше бақы­лауында тұр. Жүйелі мәселелердің басым бөлігі өз шешімін тапты. Олардың негіз­гі бөлігі ауылшаруашылық саласы, өңір­лерді дамыту, тұрғын үй мәселелері мен қауіпсіздік бағыттарын қамтыса, 30%-ы инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде құрылыс, жол, газ бен су, әлеуметтік нысандарды салу, оларды жөндеуге қатысты болды. Қалғаны әлеуметтік проблемаларға арналған», деді.

Бұдан кейін денсаулық сақтау саласына қатысты 3 негізгі мәселеге тоқталды. Т.Дүйсенованың айтуынша, тұрғындар негізінен ауылдық жерлерде медициналық мекемелердің жеткіліксіздігі жөнінде мәселе көтерген. Жалпы, ауыл азаматтарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында қазір 96 объектінің құрылысы аяқталса, 321 нысан­ның құрылысы жалғасын тауып отыр. Алдағы уақытта олардың санын 655-ке дейін жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ аудандарда бірнеше аймақты қамтитын көпсалалы ауруханалар жаңғыртылып жатыр. Облыстарда перинаталдық орталықтар салынып жатса, республика көлемінде жедел жәрдем жұмысын реттейтін және телемедициналық консультация беретін және ірі онкология орталықтары іске қосылып келеді. Бюджет тапшылығына қарамастан, бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің тапсырмасымен бюджеттен және Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлініп отыр. Үкімет бас­шы­сының орынбасары бұл бағыт өзінің жеке бақылауында екенін де жеткізді. Апта сайын әкімдіктердің жұмысы қадағаланып отырғанын да тілге тиек етті.

Сайлаушылар тарапынан көп көтерілген мәселенің бірі – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі. Жүйенің тиімді екенін дамыған елдердің, әсіресе ОЭСР тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтқан ол: «Олардың тәжірибесі бұл жүйенің үш мәселені шешкенін көрсетіп отыр. Клиникалардың басым көпшілігі науқастарды емдеу үшін ең жақсы жағдай жасауға өткен. Олай болмаса, бұл қаржы ала алмайды. Себебі қаражат ауырып қалған азамат таңдаған клиникаға төленді. Азаматтың денсаулығын қорғау бойынша жауапкершілікті тек мемлекетке емес, сонымен бірге жұмыс беруші мен жұмыскерлерге жүктеуді қарастырған жалғыз жүйе. Маңыздысы, ынтымақты қағидатта жұмыс істеу медициналық көмектің барлық түрінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді», дейді.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы озық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бірін­шісі – жүйемен қамтылмаған азаматтар­дың мәртебесін анықтау. Екіншісі – өтініштерде ақылы және тегін медициналық көмектің нақты тізбесінің жоқтығына назар аударылған. Ендігі жерде азаматтарға ондай тізбенің қажеті болмайды. Тек жүйеге қатысушы болса, жетіп жатыр. Яғни клиникаға емдеген ауруының түріне қарап мемлекеттен «базалық» немесе медициналық сақтандыру қорының есебінен «сақтандыру» пакеті ретінде қаржыландырылмақ. Үшінші мәселе – дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі, сапасы және бағасы. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты да бір ізге түсіруді мақсат етіп отыр. Енді дәрі-дәрмектерді өндірушіден пациентке дейін таңбалау, яғни маркировкамен қамтамасыз ету қолға алынады.

 

Көпшілікті білім сапасы мазалайды

Тұрғындар білім беруге қатысты мәселені де жиі көтеріп келеді. Атап айтқанда, білім берудің сапасын көтеру, мектеп салу, интернетпен қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі туралы мәселелер жиі мазалайтын болғаны рас. Т.Дүйсенованың сөзінше, білім сапасын көтеруге қатысты Ұлттық баяндама даярланып, мамандармен және өңірлермен толық талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес бұл талқылауларға 200 мыңнан аса мұғалім, жоғары және орта оқу орындарының педагогтері қатысқан. Бұдан бөлек, өңірлердегі мәдениет ошақтарына көңіл бөлуге ерекше назар аударылған. Биыл өңірлердегі мәдениет ошақтары түгенделіп, Мәдениет министрлігі стандартқа сәйкес ұсыныс енгізіп, жыл соңына қарай қажетті заң жобасы жасалатыны белгілі болды.

Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де сөз болды. Бүгін еліміздің әрбір бесінші азаматы мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау алады. Ал оның қолжетімділігін арттыруда цифрлық өнімдерді енгізу тиімді. Былтыр саладағы цифрландыру нәтижелері БҰҰ және халықаралық институттар тарапынан оң бағасын алып, өзге елдерге үлгі етіп көрсетілген. Бүгінде әлеуметтік қол­даудың басым көпшілігі проактивті фор­мат аясында жүргізілетінін жеткізген Тамара Босымбекқызы: «Былтыр Мемлекет бас­шысының жолдауында қарастырылып, өз­дері­ңіздің тараптарыңыздан қолдау тап­қан қауіпті жұмыс орындардағы қызмет­керлердің арнаулы жәрдемақылары биыл­дан бастап төлене бастады. Бүгінде оны алу­шы­лардың саны 7 140 адамға жетіп, ол мақ­сат­қа 1,2 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр», деді.

Сонымен бірге медициналық оңалту жасайтын инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары да қолға алынған. Қазір меди­циналық оңалту қызметін көрсететін мекемелер саны 838-ге жеткен.

Ауыл шаруашылығы саласына қатысты да қордаланған мәселе көп. Соның ішінде көктемгі егіс жұмыстарына қаражаттың жетіспеушілігі, жайылымдық жерлердің тапшылығы бойынша жұмыс қайта қаралып, берілген несиелер толығымен талданған. Бұған сәйкес бірқатар проблемалық мәселелер анықталып, оны шешудің жолдары қарастырылып жатыр.

 

Тұрғын үй саласының түйткілдері

Тұрғын үй саласына қатысты нақты жос­пар бекітілген. Бұл бойынша биыл кемінде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу көздел­ген. «Отбасы банкінің» жаңа жеңіл­детіл­ген ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес инфрақұрылымдық жобалар да іске асырыла бастады. Осылай деген Үкімет басшысының орынбасары автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу, елді мекенді газдандыру, жылыту маусымына дайындық, интернет желісіне қатысты мәселелерді тиімді шешудің жолдары түзілгенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған депутат Айдарбек Ходжаназаров «Respublica» партиясының фрак­циясы еліміздің 11 өңірінде болып, оның ішінде 30 ауылдық жерде халық­пен 50-ден астам кездесу өткізгенін жеткіз­ді. Айтуынша, аймақтағы халықты толған­дыра­тын мәселе жетерлік. Оның ішінде меди­ци­налық қызметтердің сапасы, студент­терді жатақханамен қамтамасыз ету, елді мекендерді сумен жабдықтау, су тазар­ту қондырғыларын жаңғырту, шағын кәсіпкер­лерге салынатын салық мөлшерін реттеу­ге қатысты шағым көбейген. Кездесулер нәтижесі бойынша фракция 100-ден астам сұрақтарды жинақтады.

Депутат Елнұр Бейсенбаев «Amanat» партия­сының депутаттары қысқы сапар бары­сында 644 елді мекенде 1,5 мыңға жуық кездесу өткізгенін айта келіп, жеке мәсе­ле­лер бойынша қоғамдық қабылдаулар ұйым­дас­тырылғанын жеткізді. Оның айтуын­ша, сайлаушылардан мыңнан астам ұсыныс пен талап-тілектер жинақталып, Үкімет­ке берілді. Бұлардың артында халықты толған­дырып жүрген жүйелі мәселелер, түйіні тарқатылмай келе жатқан мыңдаған түйткіл мен он миллион адамның тағдыры жатыр.

Депутат Серік Егізбаев «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары халықпен кездесу қорытындысы бойынша ең жиі көтерілетін 123 мәселенің тізбесін жасаған. Оның 94-і орталық мемлекеттік органдардың, ал 26-сы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сұрақтардың дені негізінен ауыл шаруашылығы саласына қатысты көтерілген. Атап айтқанда, субсидиялау, жайылымдардың жетіспеушілігі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын шектеу, ауылдарда сою пункттерінің болмауы, ЖПШ ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға көмек көрсету, кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін төмендетуге қатысты қордаланған мәселе жетерлік.

 

Мемлекеттік орган тарапынан кері байланыс жоқ

Биыл 3-12 қаңтар аралығында Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракция­сы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында болған. Депутат Магеррам Магер­рамовтың айтуынша, өңірлерге сапар ба­рысында уәкілетті органдарға 165 проб­лема­лық мәселе жолданды. Кері жауап 164 сұрақ бойынша алынды, оның ішінде 83 жа­уап оң, 72 жауап қанағаттанарлықсыз және 9 жа­уап республикалық бюджеттен қар­жы­лан­дыруға байланысты екен. Уәкілет­ті органдардан ұсынылған жауаптарды зерделеген фракция депутаттары мемлекеттік орган­дар өкілдерінің формалды тәсіліне назар аударған. «Біздің сұрақтарымызға жауап­тан бас тарту, сұрауларымызды бір-бірі­не ба­ғыттаумен бітіп жатады. Біз мем­ле­кет­­тік органдардың өз функциялары мен өкі­лет­тік­тері туралы нақты түсінігі жоқ деген қо­ры­­тынды жасап отырмыз», дейді депутат.

ЖСДП фракциясының депутаттары қаң­тар­да 9 өңірде болып,Үкіметке 80-ге жуық сауал жолдады. Алайда берілген жауапта сы­дыр­ма сөз, іліп алар мәселе жоқ. Депу­тат Ас­хат Рақымжановтың айтуынша, жауап­тар­дың көпшілігінде пайдалы ақпарат жоқ. Көбі­несе әртүрлі органдардың жауаптары бір-бірі­не қарама-қайшы келеді. «Әзірленеді, жос­пар­ланады» деген бұлыңғыр, нақты емес жауап мәселенің шешуге септігін тигізуі қиын.

 

Мәжіліс 100 заңды мақұлдады

Бұдан кейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжілістің екінші сессиясы жұмысы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті. Президенттің ауқымды реформалар бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бо­йынша байыпты да қажырлы іс атқарылғанын жеткізген ол: «Осы сессияда біз 39 жалпы отырыс өткізіп, 302 мәселені қарадық. Мә­жіліс 100 заң қабылдады, соның ішінде әр үшін­ші заңға депутаттар бастамашылық етті. Біз Президенттің саяси реформаларын ілге­рі­летуге бағытталған заңдар топтамасын қабыл­дадық. Олардың ішінде Сот жүйесі тура­лы конс­т­итуциялық заң, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, Масс-медиа туралы заңдар бар. Сондай-ақ қоғамды ұзақ уақыт бойы алаңдатып келген өткір мәселелер – халықтың шамадан тыс несие алуы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ лудомания мәселелері заңнамалық тұрғыдан реттелді», деді.

Аса маңызды заңдар ішінен «Ұлттық қор – балаларға» және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заңдарды атап айтуға тұрарлық. Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаттары іс жүзіне асып жатқанының айшықты айғағы.

Ондаған жылдар бойы шахтерлердің, кеншілердің, металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі шешілмей келген еді. Осы орайда зиянды еңбек жағ­дайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Сол арқылы заң шығарушы орган 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлері­нің талап-тілегін орындаған. Бұған қоса ел Президентінің жаңа экономикалық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу, бизнес жүргізу, жылу энергетикасы, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар қабылданды. Депутаттар Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған заңнамалық бастамаларын да іске асырды. Атап айтқанда, вейп таратуға қарсы, бірегей тарихи объектілерді қорғауға арналған заңнамалық шаралар қабылданды. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілді.

Мәжілісмендер мемлекеттік органдар­дың лауазымды адамдары атына 527 депу­таттық сауал жолдаған. Халықпен кездесулерде айтылған мәселелер мен проблемаларды шешу жайында Үкіметтің жа­уабы сессия барысында екі рет тыңдалса, бүгінде сайлаушылардың проблемалық мәселелерін шешу жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқаны да рас.

Сөз соңында Мәжіліс спикері бұл тек заң қабылдау жұмысында ғана екі ай үзіліс болатынын, дегенмен депутаттардың қызметі жалғаса беретінін айтты. Себебі осы аралықта депутаттар өңірлерге барып, халықпен жүздесіп, жұрттың жайымен жете танысады.