Парламент • 27 Маусым, 2024

«Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы аталымдардың жеңімпаздары марапатталды. Биыл жеті номинация бойынша 17 адам үздік деп танылып, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан сыйлық алды.

«Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

Алдымен Палата спикері «Пар­ла­мент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Кейінгі жылдары журналистердің қызметін, сөз бостандығын қамтамасыз ету жолында көп шаруа атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі өзегі де сол. Соның бірден-бір көрінісі – осы Мәжіліс алаңы. Бүгінгі таңда БАҚ – ақпаратты халыққа жеткізудің ең маңызды, объективті және жедел арнасы. Ал журналистер қауымын депутаттардың елді дамыту жолындағы нағыз одақтастары деуге болады», деді Палата спикері.

Ерлан Қошанов Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» жаңа заңды депутаттар журналистермен бірге жазғанын және олардың көптеген ұсыныс-пікірін ескергенін атап өтті. Жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарының мүдделерін қорғайды және отандық медиа саласын жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Оның жұмысына журналистер арасынан шыққан ең белсенді депутаттар қатысты. Олар әрқашан өз әріптестерімен байланыста және Мәжілістің ашықтығы үшін көп жұмыс істейді.

Cалтанатты жиында «Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымымен «Түркістан» газетінің бас редак­торы Бауыржан Бабажанұлы, «Юриди­чес­кая газета» басылымының тілшісі Линара Сакта­ганова марапатталды. 

«Үздік телевизиялық сюжет үшін» аталымында «Хабар» телеарнасының тілшісі Алина Бржанова, «Almaty» телерадиокомпаниясының журна­лисі Өмір Әнуарбек, «Еуразия» бірінші арнасы» телеарна­сының тілшісі Жанел Қайнетден үздік деп танылды.

«Үздік бейне-сурет материалы үшін» аталымы «Қазақпарат» халықаралық ақпа­рат агенттігінің фототілшісі Виктор Федю­нинге, «МИР» телеарна­сының телеоператоры Марат Кураков табысталды.

«Үздік интернет және радио мате­риа­лы үшін» аталымын «Baq.Kz» ақпарат агент­тігінің тілшісі Гүл­жан Раман­құлова, «NS» ра­дио­сынан Ербол Бегімбетов, «BES.media» желілік басылымы­ның журна­лисі Дамир Байманов алды.

«Арнайы репортаж» аталымы бо­йынша «24.kz»  телеарнасы «Мәжіліс live» бағдарламасының жүргізу­шісі Анна Шол­гина, «Abai.live» Youtube арнасының жүргізу­ші-ре­дакторы Абай Тіленшиев, «Zakon.kz» сайтының тілшісі Андрей Губенко марапатталды.

«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Apta» бағдарламасының жетекшісі Жайна Жаксылықова мен «Время» газетінің бас редакторы Лев Тараков жеңіске жетті.

Сондай-ақ «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы аталымы «Tengrinews.kz» желілік басылымы мен «Jibek joly» телеарнасының ұжымына табыс етілді.