Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Кейінгі бес жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциясының көлемі 24 есе, 73 трлн теңгеге дейін өскен. Ал олардың негізгі үлесі интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылады екен. Бұл адамдардың уақытын үнемдегенімен, өкінішке қарай, әртүрлі алаяқтық әрекеттердің де пайда болуына алып келді. Енгізілгелі отырған жаңа жоба алдымен осы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр.
«Open Banking» – бір қосымша арқылы бірнеше банктегі қаражатты басқару мүмкіндігі. Не болмаса бір ғана банктің клиенті болып, деректердің сол банкте сақталуы. Басқа банктер клиент келісімін бергенде ғана «Ашық банкинг» жүйесі арқылы банктен шот пен деректерді көре алады. Кез келген уақытта бұл келісімнің күшін жоюға, банк деректерін өшіріп, әрі қарай қолданбауға да мүмкіндік бар.
Клиент деректері API арқылы шифрланған күйде беріледі. Клиенттің келісімі Ұлттық банктің Ұлттық төлем корпорациясы сайтында клиентті бейнетексеру және оның нөміріне SMS-код жіберу арқылы расталады. Осылайша, клиент банк пен компанияларға берген барлық келісімді бір жерде көріп, басқарады. Бір банктің қосымшасын қолдана отырып, басқа банк шотындағы қалдықты көре алады. Қаражаттарын шоттан шотқа аударуға, банктік үзінді көшірмелерге, шоттардағы анықтамаларға қол жеткізіп, валюта бағамын салыстырады, төлем жасайды және қол қояды, кірістер мен шығыстарды талдайды. Бұл қызмет көрсетудің ыңғайлылығын арттырып, сонымен қатар клиенттің уақыты мен ақшасын үнемдейді.
Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздікті жүйенің реттеушісі болып саналатын Ұлттық банк қадағалауға тиіс. Сонымен қатар сарапшылар «Ашық банкинг» қаржы ұйымдары арасында бәсекелестікті қалыптастыратынын айтады.
«Ашық банкинг» – қаржы нарығындағы дамудың кезекті сатысы. Қазір цифрлық теңге және «Ашық банкинг» дейтін екі жаңа кезеңге келіп тұрмыз. Бұл отандық қаржы секторын дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бір QR-код кез келген қаржы ұйымының аударымдарын реттейді. Тұтынушылар үшін қолжетімді. Олардың құқығын қорғау мақсатында жасалған және орта деңгейлі банктерге таптырмас жоба болмақ. Сонымен қатар ірі банктердің клиенттер базасына шығуға мүмкіндік алады. Әрине, өзінің QR жүйесін жасаған ірі банктер үшін бизнес жағынан клиенттерін жоғалтып аламыз деген қауіп туындауы мүмкін. Бірақ бірді-екілі ірі банктің бизнес мүддесін емес, халықтың жағдайы мен нарықтың дамуы тұрғысын ойлау қажет. Өз басым осы жүйенің енгізілгенін қолдаймын», дейді белгілі сарапшы Айбар Олжаев.