Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өткен жылы Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті мен аумақтық департаменттер 50 мыңнан астам өтінішті қараған. Былтыр 23 мыңға таяу өтінішке байланысты құқықтық көмек көрсетілген. 19 мыңының талабы қанағаттандырылып, 9 мыңға жуығы мемлекеттік органдарға жолданған. 600-і кері қайтарылған. Шағымдардың біразы бөлшек саудаға (36,5 пайыз), электронды саудаға (15,2 пайыз), тұрмыстық қызметтерге (12,7 пайыз),тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына (9,1 пайыз) және байланыс қызметтеріне (4,1 пайыз) қатысты болған. Қабылданған шаралардың арқасында шағым түсірген тұтынушылардың құқығы қорғалып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Биылғы жұмыс топтарының отырыстарында тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту, ақпараттық жүйе мен электронды саудаға қатысты заң жобаларының ережелерін кеңейту, жеке хабарландырулардың интернет-алаңында қоғамдық қатынастарды реттеудің нормативтік-құқықтық актілерін енгізуге бірқатар депутаттық бастама қабылданды. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбекұлының айтуынша, заң жобасындағы жаңашылдықтар аясында тұтынушыға өз құқығын қорғау жолдарын таңдау ұсынылады. Қолданыстағы тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, тұтынушы сотта құқығын қорғау үшін дәйекті міндетті кезеңдерден өтуі керек. Нәтижесінде, тұтынушы күрделі, көп деңгейлі бюрократияға тап болады. Осыған байланысты заң жобасында тұтынушыға өз құқығын қорғау тәсілінде сотқа тікелей талап қою немесе мемлекеттік органға жүгіну мүмкіндігі ұсынылмақ. Сондай-ақ осы салада омбудсмен енгізу мәселесі қарастырылған.
Қолданыстағы заң аясында офлайн сатушыға қойылатын талаптар онлайн режімде де қолданылады. Былтыр осы сегменттегі тұтынушылар шағымының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе, яғни 2,6 мыңнан 7,7 мыңға дейін өскен. Жалпы, тұтынушылар құқығын қорғаудың жүйесі өткен жылы тұтынушының құқығын қамтамасыз ету алгоритміне негізделіп қайта құрылды. Тұтастай алғанда, заң жобасы тұтынушының құқығын жан-жақты және тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, қоғамда халықтың өмір сүру сапасын арттырып, үкіметтік емес институттар рөлін күшейтуге бағытталып отыр.
Тұтынушылар шағымын талдау нәтижелері жыл сайын Үкімет жанынан құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің қарауына шығарылады. Онда мемлекеттік органдар жұмысының қорытындыларын талқылау, орын алған олқылықтарды анықтау және тиісті шешімдер қабылдау жоспарланған.