Сотталып жатқан екеудің біреуі – аққұба жүзді, екіншісі – қараторының өзі. Аққұба жігіттің анасы сотта: «Өте жақсы ақша таптым, осы баламды ештеңеден таршылық көрмей өсуі үшін жан аямай жұмыс істедім. Сондықтан да ұлыма қарайтын уақытым тым аз болды. Шынымды айтсам, тәрбиесіне қарай алмадым», деп мұңын шағыпты. Ал қараторы жігіттің анасы: «Мен балама барынша қарадым. Тәрбиесін үнемі қадағаладым, қарамадым деп айта алмаймын. Ақшадан да қысылған күні жоқ, неге мұндай жолға түсіп кеткенін білмеймін», депті. Дәл осы сөздерді танысымыздан естіген бойда: «Әкесі қайда? Екеуінің әкесі сотқа қатыспады ма?» деп сұрадық. Ең алғаш ойымызға келгені сол болды. Сотты көзімен көрген танысымыз екеуінің де әкесі 3 рет өткен сот отырысының біреуіне де келмегенін, өйткені баласы істі болып жатқан екі әйелдің бірі ажырасқанын, екіншісі баласының әкесі туралы жақ ашпағанын айтты. Не керек, өрімдей екі жас өмірінің ең керемет кезін, 13 жылын темір торда өткізеді. Өте өкінішті...
Осы жағдай көп тақырыпқа тереңдеуге түрткі болды. Ойлаңызшы, сотталып жатқандардың екеуіне де ортақ нәрсе – әкенің тәлімінсіз жетілгенінде. Олардың өмірінде әке тәрбиесінің орны ойсырап, үңірейіп тұр. «Әкесі барлар да жаман жолға түсіп кетіп жатыр ғой» дерсіз, бұған айналамыздан көргенімізбен жауап берелік. Білесіздер ме, өмірде әкесі болса да, ата-анасы ажыраспаған, толық отбасынан шыққан жандардың ішінде де әке тәлімін, әке тәрбиесін, әкенің қамқорлығы мен қолдауын, махаббатын сезінбей өскендер бар. Қалай деріңіз бар ма? Қайбір жылы бір ағамыз жұрт таныс-тамырын салып жете алмай жүрген орнын өзі босатты. Әдетте, мұндай өзгеріс қызметтің жоғарылауымен байланысты болады ғой, сол себепті ағамыздан: «Қай жаққа жоғарылайын деп жатырсыз?» деп сұрадық. Сонда ол кісі: «Осы орнымда табан алдырмай 6 жыл істедім, жұмыстың графигі, жауапкершілігі бар, демалыста да үй көрмей қызмет қылдық. Кішкентайым мені танымайды. Ол таңда ұйықтап жатқанда үйден кетемін, түнгі ұйқыға жатқанда келемін, мені мүлдем көрмейді десе де болады. Қызметтен кетуіме осы себеп», деді. Бұрынғысынан жоғары болмаса да графигі ыңғайлы жұмысқа орналасқанда ағамыздан баласымен қарым-қатынасын сұрадық. Сол кезде: «Енді-енді таныса бастадық», деп, әзіл-шыны аралас жауап берген еді. Біреу солай баласымен байланыстың жоғын білгенде өзін тоқтатады, кейбірі қоғамдық қызметті немесе бала тәрбиесінен де «маңызды» жұмысты тауып, жүктеп алады.
Сөзіміздің басындағы қос кейіпкердің жазасынан кейін әкенің рөлі төңірегіндегі ой мазалап, әкелерден ононим сауалнама алдық. 10-нан тоғызы бастапқы сауалдарға «әйелім» деп, соңғы сұраққа «иә» деп жауап берді. Оларға «Балаңызбен кім үй тапсырмасын орындайды?», «Балаңыздың мектептегі немесе балабақшадағы жиналысына кім барады?», «Балаңызға кім киім, ойыншық, керек затын таңдайды, сатып алады?», «Екпе салдыруға немесе ауырып қалғанда балаңызды емханаға кім апарады?», «Балаңыздың мектептегі я балабақшадағы жарыстары, іс-шараларына кім барады?», «Әйеліңіз жұмыс істей ме?» деген сұрақтар қойылды. Мұндай әрекеттің бәрін ұсақ-түйек санайтындар, ерлердікі ірі істер болуы керегін айтатындар бар. Алайда сенсеңіздер, сауалнамаға қатысқан жандардан бала кезіндегі естеліктерін, өмірде адам болуына кім көп ықпал еткенін сұрағанымызда: «Университетке құжат тапсыруға анаммен келгенмін, өміріме серік болған мамандықты таңдауыма себепші болып еді», «Алматыдағы шешуші сайыстан жарақат алғанымда анам жанымда болған, мен үшін жұмыстан сұранып, шалғайдағы қалаға мені сүйрегені жеңуге жігер берді», «Мен 7-сыныптағы сайысқа анамның түннен таңға дейін ұйықтамай мультфильм кейіпкерінің киімін тігіп бергенінен кейін ісмерлікке қызықтым» деп, көбі майда-шүйде көретін қарапайым әрекеттердің өмірінде маңызды екенін меңзеп жауап берді.
Жоғарыдағы әкелердің жауаптарын оқып отырғанда бір оқиға есімізге түсті. Пойызда купелес көрші жігіт 2 жасқа жетер-жетпес баласымен келе жатты, өзі емізікпен сүт берді, жөргегін ауыстырды, ойнатты, еркелетті. «Анасы қайда?» дегенімізді көзімізден оқыды ма, бізге өзі: «Анасы бала үстінде кетті. Әкесі де, анасы да – өзіммін», деді. Баласын ешкімге жәутеңдетпей қарап жүргеніне сүйсіндік. Бірақ сол кісінің қөзі мөлтілдеп «Бәрібір анасының орны бөлек екен» дегені жүректе қалды. Дәл осы сөз әкенің орнына да қатысты. Бала үшін әкенің де, ананың да өз орны бар және сол орын мүмкіндік барда бала өмірінде үңірейіп қалмаса, қуыскеуделер көбеймейтіндей көрінеді.