Суретті түсірген – Солтан Жексенбеков
Сараптама орталығы бірінші кезекте өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне ден қояды. Зертханаға түскен әрбір тауарды біліктілігі жоғары мамандар мұқият әрі жылдам зерттеп, құрамын, құндылығын да көп күттірмей нақтылайды. Білсеңіздер, белгілі бір өнімге күдік, күмән туындап, арыз-шағым түссе, ол шаруамен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері айналысады. Сәйкесінше, олар кейбір құрамын анықтау қиынға түсетін өнімдерді зерттеу үшін де осы сараптама орталығына жүгінеді. Орталық басшылығы ішкі және сыртқы нарыққа бағдарланған отандық бизнесті қолдауға әр кез дайын. Тауарын сараптамадан өткізуді ойлаған кәсіпкерлердің қаперінде жүрсін деп, қызметтің ақылы екенін ескерткеніміз жөн болар. Біз орайы келгенде Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы зертханалардың әлеуеті туралы мекеменің директоры Сәуле Шәріповадан сұрап білген едік.
«Орталықтың артықшылығы көп. Мұндағы зерттеулер сынама дайындаудан бастап, қорытынды нәтиже алғанға дейін автоматты режімде жүргізіледі. Жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен жаңа әдістерді қолдана отырып, жылдам әрі дәл талдауға мүмкіндік бар. Орталықта бактериологиялық, молекулалық-генетикалық, паразитологиялық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, радиологиялық және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Мысалы, су, ауа, топырақ, тамақ өнімдерімен қатар жеңіл өнеркәсіптің өнімдерін де тексеруге болады. Әуелі біз тауарлардың қауіпсіздігіне назар аударамыз. Өнім құрамында токсиндер, диоксиндер, басқа да зауіпті заттар болуы мүмкін ғой. Сонымен қатар біздегі тәжірибелі мамандар алыс-жақын шетелде біліктілігін арттырып тұрады. Озық зерттеулер жүргізіп, дамып келеміз. Осыны ескере келе, біз маусымда халықаралық тренинг орталығын ашуды ойластырып отырмыз. Оған бірнеше елден сарапшы маман келеді», дейді С. Шәріпова.
Былайғы жұрт күнделікті тұтынатын өнімнің құрамын, құндылығын тауардың қаптамасына қарап біледі. Ал өнім қоспаларының мөлшерін, сапасын бақылау жағы кәсіпкердің құзырында. Кәсіпкер өзінің өніміне қатысты бекітілген техникалық, басқа да стандарттарды мұқият сақтауға тиіс. Себебі өндірісте елемеген бірді-екілі кемшіліктің өзі өнімнің сапасына әсер етуі ықтимал. Осындай келеңсіз жайттарда тұтынушыға қауіп төнетіндей кемшілік анықталса, тауардың сатылымына бірден шектеу қойылып, тіпті кәсіпкер лицензиясынан айырылуы да әбден мүмкін ғой. Осыны ескерген кейбір кәсіпкерлер зертханаға жылына бір емес, бірнеше мәрте келуге тырысады. Орталықта зерттеудің түр-түрі жүргізілетінін айттық. Мысалы, қазір бірнеше маман мұздатылған өнімдердегі ылғалдың үлесін анықтап жатқан көрінеді. Егер өнімде ылғал шамадан тыс көп болса, тұтынушы тауардың құрамындағы пайдалы заттармен қоса суға да ақы төлейді деген сөз. Ал тұтынушы мүддесін ойлаған кәсіпкер мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге тиіс.
Бұдан кейін біз орталықтың санитарлық-химиялық зерттеу бөліміне бардық. Мұнда тағам құрамындағы заттарды, косметика, тұрмыстық химия, топырақ, белсенді заттардың құрамындағы микро, макроэлементтерді анықтайтын құрылғылар орналасқан. Соның көмегімен мамандар бұрын бірнеше күнде алатын сынамаларды қазір бір тәулікте алуға дағдыланыпты. Бұл жөнінде бізге Санитарлық-химиялық зерттеу бөлімінің зертхана маманы Айнұр Кенжебаева айтып берді.
«Мысалы, осы күнге дейін сынамаларды 7 сағатта әзірлесек, қазір микротолқынды сәулемен ыдырату құрылғысының арқасында жұмыс біршама ширады. Бүгінде 20–24 сынаманы лезде дайындауға болады. Мысалы, зертханаға бүгін бір зат келсе, оның құрамы, санитарлық талаптарға сәйкестігі, бәрі-бәрі ертесіне дайын болады. Егер заттың құрамындағы ауыр металдарды анықтау қажет болса, кәсіпкер өнімді таңертең әкеліп, түстен кейін сынамасын алып кете алады. Тағы бір мысал келтірейін, бізге сүт өнімі келді делік. Біз оның қышқылдығын, антибиотиктерге, ауыр металдарға, тағысын-тағы өнімнің бекітілген стандарттарға сай болуын қараймыз. Себебі кейбір заттар нормадан көп болса, адам ағзасына кері әсер етуі мүмкін. Бізге жиі келетін өнімдердің ішінде ет, сүт, балық, су, косметикалық заттар, сусабындар, сол сияқты тағы басқа да заттар бар. Олардың барлығын санамалап шығудың өзі оңай емес», дейді А.Кенжебаева.
Негізі Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы 2004 жылы ашылыпты. Содан бері орталықтың зертханаларында санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар жасалып, кейбір заттардың адам денсаулығына әсері сыналып келді. Орталық ашылған тұста тек 2 зертхана жұмыс істесе, қазір мұнда бас-аяғы
8 зертхана бар. Осы зертханаларда тамақ өнімдерінің барлық дерлік түрін сынамадан өткізуге болады.