Министрліктің хабарлауынша, абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен өтінім бере алады. Оның біріншісі – дәстүрлі, яғни қағаз түрінде тапсыру, екіншісі – egov.kz порталы арқылы электронды нысанда өтінім қалдыру. Бірінші тәсілмен 25 маусымнан, egov.kz порталы арқылы 1 шілдеден бастап құжат өткізуге болады.
Талапкерлердің біліміне қарай да құжат қабылдау мерзімі әртүрлі. Дәлірек айтқанда, негізгі білім алған 9-сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал негізгі орта білім алған 11-сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады.
Осыған қоса құжат қабылдауда кейбір мамандықтарға да белгіленген нақты мерзім бар. Мысалы, шығармашылық мамандықтар бойынша 25 маусымнан 20 шілдеге дейін; педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша 25 маусымнан 15 тамызға дейін құжат қабылданады.
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер үшін оқуға қабылдау аттестаттың орташа балы негізінде жүргізіледі. Бағалап бөлу міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Ал жұмысшы мамандығына түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.
Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді. Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде – 2 тамыз аралығында өтеді.
Айта кету керек, талапкерлер құжатын бірден 4 колледжге 4 мамандық бойынша тапсыра алады. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 145 мың абитуриентті оқуға қабылдау жоспарланған, бұл өткен жылдан 10 мың орынға артық.