Ғылым • 27 Маусым, 2024

Қызғалдақ – ғылым тақырыбы

179 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде қызғалдақтар ерте гүлдейді. Көркі көздің жауын алады. Себебі ғалымдар Голланд қызғалдағының эксклюзивті түрлерін өсіріп жатыр.

Қызғалдақ – ғылым тақырыбы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университеті­нің ботаникалық бағында қызғалдақ­тың 40-қа жуық түрі өcеді. Ғалымдар дала гүл­дерін толыққанды зерттеп, тұқымын сақ­тап қалуға барынша тырысып жатыр. Бота­ни­калық бақта биыл қызғалдақтың 15 сұры­пының 9 000 данасы егілді. Ал былтыр 600 данасы отырғызылған. Олардың ішінде «Tulipa Curry», «Tulipa Royal Virgin», «Tulipa Sweet Rosy», «Tulipa Novi Sun» секілді эксклюзивті түрлері бар. Жабайы қызғалдақтар топтамасына «Жалған қосгүлді қызғалдақ», «Түркістан қызғалдағы», «Тік сабақты қызғалдақ», «Төрт жапырақты қызғалдақ», «Леммерс қызғалдағы», «Бузе қызғалдағы», «Бём қызғалдағы», «Зинаида қызғалдағы» енді. Сондай-ақ ботаникалық бақтың базасында «Қазақстан», «Астана» атты сұрыптар да бар. Оларды елімізге Голландық селекционерлер тарту еткен-тұғын.

ва

– Жалпы жобаны 2019 жылы университет басшылығының қолдауымен ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Апушев пен биология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Юсупов ұйымдастырған болатын. Алғашында қызғалдақтың 3 мың данасын өсірген жылыжай көлемі қазір ұлғайды. Онда 9 мың эксклюзивті Голландиялық қызғал­дақ гүлдеп тұр. Қызғалдақтарды көбейтудің инно­вациялық технологиясы бойынша ғылыми зерттеу жүргізілуде. Сонымен қатар Қаратау орманшылығы мен Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде арнайы зерттеу үлескерлері құрылып, жұмыс істеп жатыр, – деді жоба жетекшісі Нұрдана Салыбекова.

Оқу орнының аумағын­дағы жылыжай «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материал­дар коллекциясын жасау, эксклюзивті түр­лері мен сорттарын көбейту мен өсі­рудің инно­вациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» жобасы бойынша салын­ған. Басты мақсат – қызғалдақтың перспективті, жерсіндірілген түрлері мен сорттарын өнді­ріс­ке енгізу, селекция үшін бастапқы материалдар коллекциясын жасау, жедел көбейтудің тиімді әдістерін қарастырып, еліміздің гүл өсіру саласын дамыту. Нақты айтар болсақ, биология кафедрасының ғалымдары қызғал­дақтың жабайы өсетін түрлері мен мә­дени сұрыптарының топтамасын жасау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Н.Салыбекованың айтуынша, қызғалдақ қазақ­тың бренді болып қалыптасуы үшін, көптеген ғылыми ізденіс керек.

– Қазіргі уақытта бүкіл әлем Қазақстан – қызғалдақтың тарихи отаны екенін мойындады, бірақ оның көптеген табиғи популяциялары теріс антропогендік әсерге байланысты жойылып кету қаупі бар. Қызғалдақтардың табиғи жаңаруы өте ұзақ үдеріс. Себебі гүлді өсімдікті тұқымнан алу үшін 3-4 жылдан 7 жылға дейін уақыт қажет. Біз жергілікті ауа-райына бейімде­рін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жос­парлап отырмыз. Ол өте қиын жұмыс. Бұл жұмыстарды бас­та­ғанымызға үш жыл бол­ды. Сондықтан қыз­­ғал­дақтың қазақ­стандық сұ­рыптарын іріктеу үшін­ бастапқы материалдар топтамасын жасау қа­зіргі заманғы биологиялық ғылымның өзекті міндеті, – деді жоба жетекшісі.

Ғалымдардың айтуын­ша,қызғалдақтарды өсірудің ше­тел­дік технологиясының скри­нингі әрі олардың нақты то­пырақ-климаттық жағ­дай­ларға бейімделуі еліміздің бәсекеге қабілетті гүл өсіру шаруашылығының қалыпта­суына ықпал етеді. Мысалы, Еуропадағыдай 9 градуста өсіру технологиясы біздің жаққа сәйкес келмейді. Сондықтан түркі­стандық ғалымдар қызғал­дақ өсіру технологиясының негізгі тәсілдерін зерт­теп, тың дүниелер жасап, температуралық, ылғал­дылық, топырақ жағ­дайы ерек­шеліктеріне қарай өсіру­ге қолайлы сорттардың ұсыным­дарына баса мән беріп отыр.