Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтың 40-қа жуық түрі өcеді. Ғалымдар дала гүлдерін толыққанды зерттеп, тұқымын сақтап қалуға барынша тырысып жатыр. Ботаникалық бақта биыл қызғалдақтың 15 сұрыпының 9 000 данасы егілді. Ал былтыр 600 данасы отырғызылған. Олардың ішінде «Tulipa Curry», «Tulipa Royal Virgin», «Tulipa Sweet Rosy», «Tulipa Novi Sun» секілді эксклюзивті түрлері бар. Жабайы қызғалдақтар топтамасына «Жалған қосгүлді қызғалдақ», «Түркістан қызғалдағы», «Тік сабақты қызғалдақ», «Төрт жапырақты қызғалдақ», «Леммерс қызғалдағы», «Бузе қызғалдағы», «Бём қызғалдағы», «Зинаида қызғалдағы» енді. Сондай-ақ ботаникалық бақтың базасында «Қазақстан», «Астана» атты сұрыптар да бар. Оларды елімізге Голландық селекционерлер тарту еткен-тұғын.
– Жалпы жобаны 2019 жылы университет басшылығының қолдауымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Апушев пен биология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Юсупов ұйымдастырған болатын. Алғашында қызғалдақтың 3 мың данасын өсірген жылыжай көлемі қазір ұлғайды. Онда 9 мың эксклюзивті Голландиялық қызғалдақ гүлдеп тұр. Қызғалдақтарды көбейтудің инновациялық технологиясы бойынша ғылыми зерттеу жүргізілуде. Сонымен қатар Қаратау орманшылығы мен Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде арнайы зерттеу үлескерлері құрылып, жұмыс істеп жатыр, – деді жоба жетекшісі Нұрдана Салыбекова.
Оқу орнының аумағындағы жылыжай «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» жобасы бойынша салынған. Басты мақсат – қызғалдақтың перспективті, жерсіндірілген түрлері мен сорттарын өндіріске енгізу, селекция үшін бастапқы материалдар коллекциясын жасау, жедел көбейтудің тиімді әдістерін қарастырып, еліміздің гүл өсіру саласын дамыту. Нақты айтар болсақ, биология кафедрасының ғалымдары қызғалдақтың жабайы өсетін түрлері мен мәдени сұрыптарының топтамасын жасау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Н.Салыбекованың айтуынша, қызғалдақ қазақтың бренді болып қалыптасуы үшін, көптеген ғылыми ізденіс керек.
– Қазіргі уақытта бүкіл әлем Қазақстан – қызғалдақтың тарихи отаны екенін мойындады, бірақ оның көптеген табиғи популяциялары теріс антропогендік әсерге байланысты жойылып кету қаупі бар. Қызғалдақтардың табиғи жаңаруы өте ұзақ үдеріс. Себебі гүлді өсімдікті тұқымнан алу үшін 3-4 жылдан 7 жылға дейін уақыт қажет. Біз жергілікті ауа-райына бейімдерін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол өте қиын жұмыс. Бұл жұмыстарды бастағанымызға үш жыл болды. Сондықтан қызғалдақтың қазақстандық сұрыптарын іріктеу үшін бастапқы материалдар топтамасын жасау қазіргі заманғы биологиялық ғылымның өзекті міндеті, – деді жоба жетекшісі.
Ғалымдардың айтуынша,қызғалдақтарды өсірудің шетелдік технологиясының скринингі әрі олардың нақты топырақ-климаттық жағдайларға бейімделуі еліміздің бәсекеге қабілетті гүл өсіру шаруашылығының қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, Еуропадағыдай 9 градуста өсіру технологиясы біздің жаққа сәйкес келмейді. Сондықтан түркістандық ғалымдар қызғалдақ өсіру технологиясының негізгі тәсілдерін зерттеп, тың дүниелер жасап, температуралық, ылғалдылық, топырақ жағдайы ерекшеліктеріне қарай өсіруге қолайлы сорттардың ұсынымдарына баса мән беріп отыр.