– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қайда білім алып, журналистикаға қашан қадам бастыңыз?
– Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Муромское деп аталатын шағын елді мекенде дүниеге келдім. Екі көшені жағалай орналасқан 60 түтін бар. Қызық-шыжығын, қайғы-мұңын бір отбасыдай өткерген ауыл еді. Сол өңірдің жасыл желегіне аунап, балалық шағымның тәтті кезеңдерін өткіздім. Кейін нашар инфрақұрылым әсерінен тұрғындары көшіп тынды. Бізде көппен аудан-қала маңын жағаладық. Кішкентайымнан әдебиетке құмарлығым бір төбе, шығарма жазғанды жаным сүйетін. Тіпті маңдайалды басылымдардың бірін қалдырмай оқитынмын. Осының барлығы менің гуманитарлық салаға бет бұруыма сеп болды. Одан қалды, теледидардағы сериалдардан журналист мамандығына махаббатым ашылды.
Әкем еңбекқор, өмір бойы тракторшы, ал анам еден жуушы болып жұмыс істеді. Содан болар, әкем шешіміме үзілді-кесілді қарсы болды. «Жұрттың балалары секілді мұғалім не дәрігер бол» деп үгіттеді. Көнбедім. Сөйтіп жүріп ҰБТ таяды, ақыры сынақтан сүріндім. Сонда да 2006 жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына ақылы бөліміне қабылдандым.
Бірінші курста ата-анам сиырын сатып, оқудың ақысын амалдадық. Шығармашылық ортаға тез бейімделдім. Алғашқы семестрден-ақ облыстық «Қазақстан-Петропавл» (қазір Qyzylzhar) арнасындағы студенттік «Парасат» бағдарламасы аясында шағын репортаждар жасай бастадым. Оң-солымды танып, 19 жасымда «Қазақстан» телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Жас болсам да, аймақтың өткір мәселелерін қаузап, өңірдің проблемаларының шешілуіне түрткі болдым. Журналистика тегінде теориядан гөрі тәжірибе дер едім. Өйткені жұмыс істеп жүріп, теорияны да, тәжірибені де тез игердім.
– Алып держава АҚШ-тағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Джонс Хопкинс университетінде магистратурада оқыдыңыз. Қарапайым ауыл баласының «Болашақ» арқылы Америкада білім алуына не себеп болды?
– Шетелге барып білім алуды кім армандамайды? Бәріміз де жақсылықты көруге ұмтылып, ізденіске ден қойдық. Сол мотивпен университет бітірген соң, 2010 жылы алғаш туристік визамен АҚШ-қа табан тіредім. Тура бір жылда Батыс мәдениетімен танысып, тұрмыс-тіршілігіне бейімделдім. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты елге қайтуыма тура келді. Десек те, араға уақыт салып, 2016 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Вашингтондағы Халықаралық журналистер орталығы ұйымдастырған студенттік саяхатқа грант ұтып алдым. Орталық Азия елдерінен шамамен 10 журналист қана таңдалды. Тур барысында біз америкалық телеарналарда, газеттерде, ақпараттық порталдарда, редакцияларында болдық. Сондай-ақ журналистика факультеттерінде білім беретін жоғары оқу орындарын араладық. Сол жердің атмосферасы қатты ұнағаны сонша, оқуға қайта оралғым келді.
Сөйтіп жүріп, 2018 жылдың жазында достарымнан «Болашақ» бағдарламасы туралы естідім. Әрине, басты мәселе – ағылшын тілін білу. Аз ғана уақыт ішінде деңгейімді көтердім. Құжат тапсыру мерзімі аяқталуға шақ қалғанда, керек қағаздарды өткізіп, бағымды сынап көрдім. Асығым алшысынан түсіп, «Filmand Media» бағдарламасымен магистратураға оқуға түстім. Деректі кино мен журналистиканың арасында ортақ нәрселер көп. Мәселен, оқу бағдарламасында сценарист, иммерсивті сторителлинг, дыбыс режиссері, деректі кинорежиссер сынды бағыттар қамтылған. Мен деректі кинорежиссер болуды мақсат еттім. Деректі кино, сценарий жазу, монтаждау, операторлық өнер бойынша көбірек сабақ алдым. Былайша айтқанда, техникалық дағдыларымды шыңдадым. Камерамен жұмыс істеуді, түсіруді, монтаждауды, дыбыс жазуды, жарық қоюды үйрендім. Жалпы, ақпараттық кеңістікке қажетті қазіргі тенденцияның машықтарын меңгердім.
– Қазақстандық оқу бағдарламасынан айырмашылығы мен артықшылығын айта өтсеңіз. Сондай-ақ еліміздегі медиа саласының басты проблемалары қандай? Бізге әлі нені екшеу керек?
– Оқуды аяқтағаныма 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Жаһандану дәуірінде технологияның игілігін ұтымды пайдаланғалы айырмашылық жер мен көктей деуден аулақпын. Десек те, көштен іркіліп келе жатқан тұстарымыз жетерлік. Отандық білім ордаларында репортаж жасауға, сюжеттердің құрылымын түзуге, мақала жазуға машықтайтын «практик» журналистердің қатары әлі де аз. Теориялық жағынан, әрине, бәрі бір-бірімен бақталасып, жарысуы мүмкін, бірақ тілшілікте кез келген тақырыпта материал жаза алу машығың, оперативтілігің, digital-ды жақсы меңгергеніңмен сыналасың. Қарапайым мынадай дүние бар – бізде оқу орындарында күнтізбелік кесте көп жағдайда студенттің қалауына емес, оқытушы, профессордың жүктемесіне қарай ыңғайланады. Ал Америкада бір семестрге университет арнайы пәндерін ұсынады, кейін студент болашақта пайдасын тигізетін сабақты ғана таңдайды. Егер студентке пәннің мазмұны немесе профессор ұнамаса, пәннен еш кедергісіз бас тарта алады. Яғни пәннің қызығушылық тудырып, студенттерге ұнауын оқытушылар мен профессорлар қамтамасыз етеді. Ол үшін профессорлар арнайы сауалнамалар да жүргізіп тұрады. Сайып келгенде, ұстаздардың табысы мен беделі студенттің қаншалықты қанағаттанғанына байланысты.
Мен елге жақында ғана оралдым. Әрине, көңіл толмайтын дүниелер дамыған мемлекеттерде де болады. Қарапайым журналистің көзқарасымен жауап берсем, айырмашылық сезіледі. Жасыратыны жоқ, Батыста журналистердің сөз бостандығы бар. Оны АҚШ Конституциясы қорғайды. Оның үстіне Америкада кәсіподақтар мен түрлі кәсіби бірлестік өте жақсы жұмыс істейді. Журналистер әлеуметтік желіде пост жариялағаны үшін түрмеге жабылмайды. Бізде тіпті бірнеше жыл өткен, ескіріп кеткен жазбалары үшін де жауапкершілікке тартылып жататын жағдайлар да кездеседі. 10 не 15 жыл бұрын жазылса да, шенеуніктер немесе бизнес қауымдастық өкілдері ар-намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп сотқа шағымдана алады. Тек жуырда ғана «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Құжатта ақпаратты терістеу мерзімі бір жылға қысқартылғаны оң шешім болды. Бұл да бір қозғалысты аңғартады. Сондай-ақ АҚШ-та журналистер сот алдында жауап беруден қорықпай, үкіметті сынап, кез келген проблеманы көтере алады. Ал бізде журналистер биліктің цензурасы мен қысымына жиі ұшырайды. Одан қалды проблеманы жасыруға тырысатындары тағы бар. Бұған бірден-бір себеп – елде бұқаралық ақпарат құралдарының 90 пайызы мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді. Бұл редакциялық саясатқа ықпал етеді. Америкада бұқаралық ақпарат құралдары жарнамадан немесе жазылушылар саны арқылы ақша табады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, америкалық журналистиканың кәсіби стандарттары өте жоғары. Мұнда этика, ақпараттың объективтілігі және сенімділігі маңызды. Бізде редакциялық стандарт жоқ.
Америка Құрама Штаттарында ақпарат еркіндігі туралы заң бар. Ол мемлекеттік органдарды журналистер мен азаматтардың сұрауы бойынша деректер мен құжаттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндеттейді. Қазақстанда ақпарат алу, әсіресе мемлекеттік органдардан қиын болуы мүмкін. Бұл контенттің сапасына тікелей әсер етеді. Елде тәуелсіз БАҚ-тың саны артса ғана, баланс болуы ықтимал.
– Елімізде журналистиканы азаматтық белсенділіктен ажыратып тұратын шекара бар ма?
– Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы ретінде кейінгі жылдары журналистика мен азаматтық белсенділіктің шекарасы бұлыңғыр болып бара жатқанын байқадым. Бірақ кәсіби журналист ретінде айырмашылық бар екенін түсінемін. Мәселен, журналистер оқиғаны қашанда объективті түрде көрсетуге, салмақты ақпарат беруге ұмтылады. Кәсібіне адал болса, фактілерді тексеруге міндетті. Бейтарап бола отырып, қоғамды ақпараттандыруымыз қажет.
Ал қоғам белсенділері керісінше, белгілі бір мақсаттар мен міндеттерді көздейді. Мүдделерге жұмыс істейді. Қазіргі танымал блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының іс-әрекеттері жеке мақсаттарына жетуге бағытталған. Олар көбіне ақпаратты эмоцияға ерік беріп, кейде бұрмалап, тіпті дұрыс-бұрысын тексермей, біржақты ұсынып жатады. Аудитория болса, кім еститіндей, құлақ асатындай жеткізе білсе, көп жағдайда соның артынан ілесіп кетеді.
– Қазір қоғамда «Болашақ» бағдарламасының болашағы талқыланып жатыр. Бірі жобаның нәтижесіне көңілі толмайды, енді бірі қос қолдап әлі берері бар бағдарлама деп артықшылықтарын тізбектеп әлек. Бұл ретте сіздің пікіріңіз қандай?
– «Болашақ» бағдарламасының игілігін сол бағдарламаның арқасында шетелде білім алып, өмірін өзгерткен адамдар ғана толық түсіне алады. Саралап қарасақ, бұл – Батыста білім алуға, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндігі бола бермейтін мен сияқты еліміздің қарапайым азаматтары үшін бірегей мүмкіндік. Кейінгі кездері «Болашақтың» үнемі сынға ұшырап жүргені рас. Оған, өкінішке қарай, теріс ниетті түлектердің кесірі тигенін айта кеткен жөн. Негізінде, күні бүгінге дейін қаншама бағдарлама стипендиаты билік тармақтарына өзгеріс енгізіп жатыр. Әртүрлі саланың аяқ алуына, заманауи қарқынға ілесуіне септігін тигізіп жүр. Осыны да таразы басына салу керек.
– «Болашақ» стипендиаттарының белгілі бір бөлігі мемлекеттік тілді білгенімен, әдетте орысша сөйлеседі. Бұл туралы не айтасыз?
– Шынын айту керек, бұл тек «Болашақ» түлектерінің мәселесі ғана емес. Бұл – бүкіл қоғамға қатысты үлкен проблема. Өкінішке қарай, үрдіс мемлекеттік қызметшілердің арасында да жиі кездеседі. Жеке өз басым мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде оқыған азаматпын. Бұл қажеттіліктен емес, Солтүстік өңірде шалғайда орналасқан ауыл-аймақтардағы мемлекеттік тілдегі білім ордаларының жетіспеушілігінен не болмауынан туындады. Елордаға қоныс тепкен соң ғана қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойымды жеткізуді үйрендім. Сондықтан тіл мәселесі әлі күні тәртібінен түспейтіні анық. Біз тек орта, қоғам болып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге күш салуымыз қажет.
– Қазақстан журналистикасы он жылдан соң қандай болады деп ойлайсыз?
– Мен оптимиспін. Демек 10 жылдан кейін елімізде журналистер тәуелсіз, цензура мен мемлекеттік бақылаудан ада болатынына сенемін. Сайып келгенде, оның болашағы көптеген факторға, соның ішінде саяси, экономикалық, әлеуметтік және технологиялық жағдайға байланысты. Сөз бостандығы мен журналистер құқығын қорғау саласында оң өзгерістер болса, әрине, медиа саласы дамып, объективті тәуелсіз ақпарат көздерінің саны көбейетіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»