Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Үшінші айналымда Айқасқа шығандап алға шықты. Жүйрік, шын жүйрік. Жарысқа қатысқан отыз қаралы бәйге аттарының бәрі осы төңіректің аты шыққан жүйріктері.
– Айқасқа жарады, үмітіңді ақтады, – деп қуанып жатыр ауылдас ағайын.
Көп тілегі қабыл болып, Айқасқа бірінші болып келді. Сауырына дейін ақсабынданып терлеген. Солықтап тұр. Талай көріп жүрген жануар. Бір қарағанда бітіміне көңіл тола қоймайтын. Тұрқы шағындау. Шоқтығы да анау айтқандай биік емес. Танауы құтты бөкеннің танауы тәрізді делдиіп жатыр.
Ендігісі қорытынды. Биыл жазғы алғашқы бәйге. Бәлкім содан ба екен, бәйгені қызықтаушылар қарасы көп. Бірінші орынға 1 миллион теңге тиді. Соңғы жылдары ауыл-аймақта жүйрік жылқы ұстап, ат жаратып, бәйгеге қосатын атбегілер көбейді. Біздің жиен Нұрбол да солардың қатарында. Әне бір жылы ағылшын тұқымдас құнан сатып алған. Онысы бір бәйгеге қосқанда тасырқап, алдыңғы оң жақ аяғын мертіктіріп алды. Қаншама қаражаты шығын болса да, Нұрбол мүлде қайғырған жоқ. «Тұлпар тұяқтан қалады» деді де қойды.
Ат иесін қаумалай қоршап, құтты болсынды жаудырып жатырмыз. Қолындағы бір бума ақшаны өзімен бірге қуанып, тұлпарына тілектес болған ағайынға таратып беріп жатыр. Бәйгені қызықтай келген көршінің он жасар баласы:
– Аға, ана кісі неге ақша таратып жатыр? – деп сұрады.
– Тәбәрік, – дедім мен, – бұрынғының жоралғысы. Атбегілер, құсбегілер осындай төтеннен бұйырған олжадан ағайынға сый-сияпатын жасайды. Бұл дәстүр бұрын тәбәрік деп аталған. Атам қазақтың көңілінің дарқандығын, пейілінің кеңдігін білдіретін дәстүрі.
Көршінің баласы кекілін бір сипап қойып, ойланып қалды. Несі бар, осындай жақсылықты сүйегіне сіңіре берсе, ізгіліктің ізетіне бөленіп өспей ме?
Көкшетау