Ғылым • 28 Маусым, 2024

Болашақ геологтер – зерттеу алаңында

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Геолог мамандардың жаңа буы­нын даярлау мақсатында Гео­ло­гия­ коми­тетінің бастамасы­мен Қ.Сәт­баев атындағы универ­си­теттің Қ.Тұрысов атындағы Гео­логия және мұнай-газ ісі институты гео­ло­гия­лық универсиада ұйым­­дас­тыр­ды. Рес­пуб­ликадағы 10-ға жуық жоғары оқу орын­дары, колледж сту­­дент­тері қа­тыс­қан универсиада Жам­был облысы Май­лы Қаратау жо­та­с­ы маңында орна­­лас­қан полигонда өтті.

Болашақ геологтер – зерттеу алаңында

Қаратау геологиялық полигоны Тараз қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Ғалам­шар бетіндегі бұл нүк­тенің миллиардтаған жыл­­дық геологиялық тарихы бар. Табиғи кеңістіктегі оқу алаңы студенттерге жер туралы кеңі­нен ақпарат алуға, Қазақ­стан геологиясының бастауын­да тұрған академик Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдар зерт­теулерімен танысып, алғашқы геологиялық картаның жасалуы, кен орындарының тарихы, өндірістегі әдіс-тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді.

Полигон студенттер тәжі­рибесі үшін кез­дейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда талай дәуірлер тарихынан хабар беретін геологиялық қалдықтар бар. Бұл тың зерттеулерге жол ашумен қатар кен орындары жайында кеңінен мағлұмат беруге ықпал етті.

Қаратау қойнауында еліміздегі ірі полиметалл кендері шоғырланған. Қара­тау жотасының оңтүстік-батысы мен солтүстік-шығысының ауа райында да біраз айырмашылық бар. Беткейлерінің топырағы қоңыр, қызғылт қоңыр келеді. Тауаралық аңғарлар мен шатқалдарында бетеге, боз, көде кездесетін болса, өзен аңғарлары тоғайлы келеді. Еліміздің басқа жерінде кездесе бермейтін каучук ретінде қолдануға болатын тау сағызы осы Қаратау қойнауында мол кездеседі. Ең бигі – Бессаз тауы. Қаратаудың шығысы мен Кіші Қаратау протезойлық тақтатас және құмтастардан, оңтүстік батысы Қаратау карбонның әктас, құмтас, конгломерат, девонның жанартаутекті жыныстарынан түзілген.

«Жер қойнауымыз кен орындарына өте бай екені әлемге мәлім. Елімізде Менделеев кестесіндегі барлық металл кездеседі. Бірақ соған қарамастан, көптеген кен қорымыз сарқылуға жақын. Олардың дені сонау кеңес­ кезінен бері барланып, қазынасы игілік­ке жұмсалып келеді. Сондықтан қазір­гі жағ­дайда геология саласына жаңаша көз­қарас, тың ізденістер қажет. Бұл көмір­су­тектер саласымен қатар цифрлы индус­трия және басқа да салаларға қатысты. Сирек кездесетін металдар саласында жаңа кен орындарын ашу арқылы экономиканы да­мы­туға тың серпіліс туғыза аламыз», деп атап өтті Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұ­най-газ ісі институтының директоры Асқар Сыз­дықов.

Студенттерге қолайлы жағдай туғыза отырып, жетекші мамандар арнайы әзірленген бағдарлама аясында еліміздің геологиялық мүмкіншіліктерін барынша түсіндіруге тырысты. Бағдарлама аясында ғалымдар мен практик мамандар жалпы және құрылымдық геология, кристаллография және минералогия, петрография, палеонтология, гидрогеология және геофизика бойынша лекциялар оқып, тәжірибемен ұштастыруға тырысты.

Қатысушылар шатырлы қосындарда түнеп, күндіз нағыз геологтерге тән жос­пар­ланған маршруттар бойынша жорық­қа шығып, минералды тастар мен пайдалы қазбаларды барлады. Кешкілік мезгілде студенттер кеңсе жұмыстарымен айналысып, карталар жасады және жинаған мәліметтерін қағазға түсіріп, пікір алмасты. Болашақ геологтер кәсіби шеберлікпен қатар спорттық сайыстарға, шығармашылық байқауларға қатысты. Студенттерге арналған геологиялық квест жас ғалымдар мен геология ғылымының көрнекті өкілдерімен пікірлесуге, тәжірибе алмасуда тамаша мүмкіндік болды.

Іс-шараға «Қазақмыс Барлау», «ERG», «ERG Exploration», «KAZ Minerals» және «Оникс-Р» сияқты компаниялар қолдау көрсетіп, универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырды деуге негіз бар.

Соңғы жылдарда геологиялық байқаулар еліміздің мектеп оқушылары арасында «Жас геолог» республикалық олимпиадасы түрінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал студенттер арасындағы геология байқауы биыл алғаш рет өтіп отыр.

Универсиада қорытындысы бойынша Семей геологиялық барлау колледжінің командасы 1-орынды, Сәтбаев университетінің командасы 2-орынды иеленсе, үздік үштікті Назарбаев университетінің студенттері еншіледі.

 

АЛМАТЫ