Жұмыс күні басталысымен Астана қаласы Есіл аудандық полиция департаментінің криминалистика бөлімшесіне түрлі дәрежедегі қылмысқа күдікті 33 азамат жеткізілді. Түнгі кезекшіліктен шыққан криминалист Р.Мұқышев әуелі кешегі күнді қорытындылады. Ендігі мақсат – қылмысты кім, қашан, тәуліктің қай мезетінде, қалай жасағанын анықтау. Қат-қабат шиеленіскен қылмысты ашудың ерте-кеші жоқ.
– Жайсыз жағдайға тап болған азаматтар оқиға туралы құзырлы органға қаншалықты тез хабарласа, оның сырын ашуға соншалықты жылдам көмектеседі. Мұндайда іле-шала оқиға орнына барып, қажетті аумақты қызылала лентамен белгілейміз. Бұл қылмыскердің аяқ-қол іздері бөгдемен араласып кетпеуі үшін қажет. Қоршалған орынға өзіміз де арнайы аяққап, қолғаппен кіреміз. Әр айғақты дәл сол сәтте суретке түсіріп, тіркейміз. Қазір технология дамыған заманда көп жер бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Аулалардағы, ғимаратқа кіре берістегі, үй-жайлардағы камераларды жіті тексеру нәтижесінде, күдікті тез қолға түсіп жатады. Сондықтан күрделі қылмыстың өзі тәулік ішінде айқындалады. Ал бейнебақылау құрылғысы жоқ жерлерден айғақтарды табуға тырысамыз. Сондай-ақ аяқ, қол ізі, алақан иісі алынады, – дейді Ринат Серікұлы.
Криминалистер үшін қылмыскердің жымысқы әрекетін қолғап, бетперде киіп жүзеге асырғаны да кедергі емес.
– Әккі қылмыскерлер жеке басын жасыратын атрибуттарға жүгініп жатады. Оқиға осылай өрбіген жағдайда мамандардың да зерттеу тәсілдері өзгереді. Аяқ киім ізі арқылы адамның салмағы, бойы қанша екенін табаны тиген жердің ерекшелігіне қарай болжанады. Қылмыс орнынан табылған барлық аяқ киім іздері сараптамаға алынып, оның иелері куә ретінде тартылады. Мәселен, үй тоналса, ол бір аптадан кейін хабарланса, сол уақыт аралығында үйге келгендердің аяқ киім ізі алынып, салыстырылады. Белгілі адамдардың аяқ киімінен басқалары күдіктінің ізі ретінде қаралады. Аяқ киімнің іздері көп болуы қорқыныш тудырмайды, оның иелері анықталған сайын күдіктіге жетер жол қысқара түседі. Саусақ іздері де солай зерттеледі. Оқиға орнындағы із бен күдіктінің саусақ іздерінің сәйкестігін папилон аппараты анықтап береді, – деді криминалист.
Маманның айтуынша, оқиға болған үйдің көршілері келтірген дәйектер де көп ретте қылмыскерді ұстауға септеседі. Олардың сипаттауымен күдіктінің фото-роботы жасалады. Ал күдіктінің сұлбасы бейнебақылау камерасына іліккен жағдайда «Визирь» бағдарламасы күдіктінің бейнесін айқынырақ етуге қауқарлы.
Күдікті ұстаған әр затта алақан иісі қалады. Қолға түскен адамның исі оқиға орнынан алынған испен салыстырылады. Оның 100 пайыздық сәйкес келуін одорологиялық, яғни иісті анықтайтын зертхана тексереді. Одорологиялық тәсіл, жоғалған адамды табу үшін де көп қолданылады. Бұл іске иісшіл иттер де тартылады. Мәселен, қылмыс жасалған орында күдіктіге тиесілі киім табылса, ол кинологиялық итке иіскетеді. Күдікті алысқа ұзап кетпесе, үйретілген иттерге қылмыскерді табу қиынға соқпайды.
«Қылмыс жасалған орындарда қол іздері аз болса криминалист фантазиясын іске қосу керек. Күдіктінің орнында болғанда не істер едім деп, сыни ойға берілемін. Оның әрекеттерін қайталап көріп, саусақ іздері қайда қалуы мүмкін екенін болжап, сол жерден саусақ ізін аламын. Осындай іс нәтижесінде бірнеше қылмысты аштық. Мәселен, асүйдегі тартпаны бәрі тұтқасынан ұстап жауып жатпайды. Тұтқаның жанынан итере салатындар бар. Ал дәл сол жерден саусақ ізі табылып қалады», деді криминалист.
Криминалистика – күрделі сала. Қызығушылықпен бірге тәжірибені шыңдап отыру маңызды. Бұл қызметте 10 жылдық тәжірибесі бар Ринат Мұқышев әріптестеріне «кеңесіп пішкен тон келте болмайтынын» тілге тиек етті.
«Криминалист болу үшін жоғары қызығушылық керек. Қызықсаң, қылмысты ашу, сол бағытта жұмыс істеу қиын емес. Біздің жұмыста бір оқиға күн сайын қайталанбайды. Күнде алдымызға жаңа жұмбақ түседі. Құпияны ашуға ынтығып, қызығып тұрсаң бәрі оңай. Әрдайым әріптестің пікірін білу, оқиғаны талқылау, таразылау жұмысты жеңілдетеді. Ал кісі өлімі сынды ауыр қылмысты зерттеуге психологиялық тұрғыда дайындалып барамыз. Айналаның бәрі қан-жоса болса да салқынқандылық сақтаймыз. Осы тұста, мына жайтқа назар аударғым келеді. Қылмыскерлер сілекей, қан, т.б. тамған орынды арнайы сұйықтық не сумен жуып тастап, із қалдырмағансиды. Алайда едендегі қан ДНҚ-сы мүлде өшпейді. Біз арнайы ұнтақтар арқылы қанды еден бетіне шығарамыз. Тәжірибемде киім-кешекті, айғақты жуып, белгісіз орынға лақтырып жіберсе де су өткізетін құбырдан ізді алып, сол арқылы қылмысты ашқан сәт болды», деді Ринат Серікұлы.
Асылында, Қылмыстық кодексінде криминалиске істен бас тартуға мүмкіндік берілген. Алайда Ринат Серікұлы мен оның айналасындағы мамандар бұл жеңілдікке жүгінбейді. Олар үшін әр іс – адам тағдыры.