Қоғам • 28 Маусым, 2024

Биыл 50-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалған

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өз қызметінде жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің арыз-шағымдарын қарап, заңнама аясында бұзушылықтарды жою бойынша жедел іс-шаралар кешенін қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 50-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалған

Фото: syrdidary.kz

 

Мемлекеттік қызмет қағидаттарын жүзеге асыру аясында шағымдарды қараумен шектеліп қана қоймай, мониторинг, талдау жұмыстарын жүргізу арқылы да мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша тиісті жұмыстар атқарылған.

Осы тұста, тексеру іс-шаралары аясында 50-ге жуық азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, мемлекеттік органның лауазымды қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралды.

Департамент басшысы Е. Ермаханбетовтің айтуынша, тиісті жұмыс нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтың бұған дейін туындаған кедергілердің салдарынан жүзеге асыра алмаған әлеуметтік мәселесі шешіліп, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне тіркелу және өзге де рәсімдердің жүргізілуі арқылы мемлекет тарапынан оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқығының қорғалуына септігін тигізген.

Е. Ермаханбетов осы жұмыстардың бірегейін мысал ретінде келтірді.

«Мәселен, тиісті мемлекеттік қызметшілердің қызметтеріне бағалау жүргізіліп, 2,5 миллион теңге берілген, 418 126 теңге іссапар шығындары мен 298 352 теңге еңбекақы, жәрдемақы төлемдерінің өсімпұлдары төленсе, 2,6 миллионнан астам теңге мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақылары, негізсіз үстеме жұмыс үшін 1,4 миллионнан астам теңге мөлшерінде төлем ақылар өтелген. Жүктеме жұмыс істеген қызметкерге ақысының 20%-ы көлемінде үстемақысы төленген, негізсіз артық жұмысқа тартылған 107 қызметкерге ақы төленетін демалыс күндері берілген, атқаратын қызметінен заңсыз төмендетілген 1 қызметкер лауазымына қайтадан орналастырылып, еңбекақысының айырмасы өтелген», деп түсіндірді Департамент басшысы.

Сондай-ақ Департаментке жүгінген Махамбет ауданы әкімдігінде қызмет еткен 2 қызметкердің штаттары қысқартылған. Осыған байланысты оларға 2 млн теңгеге жуық жәрдемақы беріліп, заңнамамен кепілдік берілген әлеуметтік кепілдіктері қорғалған.

Департаменттің нұсқамасы негізінде тиісті уәкілетті адамдардың 30-ға жуық актілерінің күштері жойылған.

Одан бөлек, соңғы айлардың өзінде Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің және Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының қызметкерлерінің оларға тиесілі 400 мың теңгеге жуық қаражат сомасы төленіп, заңбұзушылығы бойынша Ақкөл және Азғыр ауылдық округі әкімдері жазаланды.

Департамент басшысы осы сынды шаралар әлі де жалғасатынын айтты.