Германияда «Siemens» маркалы медициналық құрал-жабдықтар шығарылады. Сапасы мықты, қуаты орасан. Сол Сименсіңіз атағы жер жарған бай, бағлан емес, жарлы-жақыбай инженер екен. Басында идея көп, қалтасында ақшасы жоқ. Медицинада талай қондырғының жобасын жасаған. Соңында бір ақылды бизнесмен Сименсті қарамағына алады. Бар болғаны осы.
Шымкенттегі «Ордабасы» индустриялық аймағында елімізде тұңғыш рет балалар ойыншығын шығарып жатқан «Байтемірова» фирмасының «Наурыз-пластик» сауда белгісіндегі ойыншығына бастамашы болған Наурызбек деген бозбала.
Кәсіпорын директоры Рабиға Байтемірованың ұлы Наурызбек Қытайда жоғары білім алып жатқан студент. Алды Қытай, соңы Иран, Өзбекстанға сабылып, Қазақстанға балалар ойыншығын тасымалдайтын анасын аяған әрі бизнес қарекеті бойында барын аңдаған баласы отандық ойыншықтар шығаратын зауыт ашуды ұсынады.
Байтемірова ханым қалай болар екен деп ойланады. Шығыс-берісті есепшотқа салып байқайды. Жақындарымен ақылдасады. Ойлап отырса әйел затына тепеңдеп шетел асу, қаншама қиындықтармен тауар әкелу оңай шаруа емес. Қаржылық қиындықтар және бар. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген нақылды да есіне алып қояды. Қолынан келер ме екен.
Өзiмiз жинаған қаражатқа және «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы алынған несиеге Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдiк. Сөйтiп, үш желiнi iске қостық. Бүгiнгi таңда құрастырмалы Лего және әртүрлi көлемдегi «Мак» жүк көлiктерi ойыншықтарын шығарудамыз. Келешектегi жоспарымызда дистанциялық пультпен басқарылатын машиналар мен музыкалық және өзге де балаларға ұнайтын ойыншықтар жасап, көршiлес мемлекеттерге экспорттау ниетi тұр. Бұйымдарымыз патенттелген. Сондықтан да өзге елдiң дәл бiздiкiндей ойыншықтарының Қазақстанда сатылуына тыйым салынады. Сонымен бiрге, бiздiң ойыншықтар бала денсаулығына ешқандай қауiп төндiрмейдi. Өйткенi, экологиялық таза әрi сапалы шикiзаттан жасалған. Сол үшiн де шығар, Өзбекстаннан келетiн сапасы төмен ойыншықтар қазiр дүкен, базарларда азайып қалды. Керiсiнше, отандық тауарға деген сұраныс өсiп келедi. Өз кезегiнде, кәсiпорынның маркетингтiк стратегиясын, бизнес жоспарын жасап, Қазақстандағы ойыншықтар нарығының бүгiнгi ахуалына талдау жүргiзiп берген Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығына алғысымды бiлдiремiн. Тәуекелшіл Рабиға Байтемірова ханым осылай дейді.
Кәсіпорын ойыншық жасауға қажетті полипропилен мен полиэтиленді әзірге Ресейден алдырып отыр. Әзірше дейтініміз, Қазақстанда мұнайдан химиялық өнімдер өндіретін кәсіпорындар ашылатындығы жөнінде Үкіметте мәселе көтерілген. Ондай жағдайда, қазақстандық ойыншықтар нағыз отандық өнім болады.
Қытай, Өзбекстанның кооперативтерінен келіп жатқан ойыншықтардың дені улы заттар бөліп, балалардың денсаулығын бұзатынын эпидемиологтар талай рет айтып, дабыл қаққан.
Енді қазақстандық өнімдердің сапасы туралы алаңдамаса да болады.
Зауыт құрылтайшысының ендігі мақсаты өнімдерін шетелге де шығару. Ана тілімізде жүрекке жылы тиетін, шетел тілінде әуезді естілетін атауды тауып, әлемдік брендке айналдырғысы келеді.
Сөз басында жарлы-жақыбай инженер Сименсті айттық. Күндік тағамын зорға айырып жүрген өнертапқыш өз атының әлемдік брендке айналатынын армандап көрді дейсіз бе?! Сол сияқты қазақстандық ойыншықтардың нарықтан өз орнын ойып алмасына кім кепіл.
Мұндайда «генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дейді. Қазақстандық ойыншықтардың да шетелдік супермаркеттерде жайнап тұрарына сенгіміз келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.