Үкімет • 29 Маусым, 2024

Үкімет басшысының Сыр еліне сапары

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында жаңа ЖЭО құрылысының барысымен таныс­ты. Сондай-ақ жоспардағы шыны кластеріне қатысты табақ шыны өндіретін инвестициялық жобаны көріп, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді.

Үкімет басшысының Сыр еліне сапары

Қазір өңір тұрғындарын 1964 жылы пай­далануға берілген ЖЭО жылумен қамта­масыз етіп отыр. Бүгінде жабдықтың тозуы 75%-ды құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 2 949 нысан, оның ішінде 808 көппәтерлі үй қосылған. Биыл осы нысандарды ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Президент қойған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен 11 млрд, қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желі­лерін жаңғыртуға республикалық бюджет­тен 6 млрд теңге бағытталған. Қабылданған шаралар жылу трассаларының тозуын 42%-ға дейін төмен­детуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Премьер-министрге жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын жаңа ЖЭО құры­лысының қарқыны туралы баяндалды. Қазіргі уақыт­та жер қазу жұмыстары аяқталған. Жаб­дықты орнатуға негіз қаланып жатыр. Құры­лыс алаңына 600-ге жуық адам, 60 техника жұмыл­дырылды. Жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жос­парланған. Осы кезде инвестор жобаны іске асы­руға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Үкімет басшысы ел экономикасының белсенді дамуына және өнеркәсіптік кәсіпорын­дар­д­ың іске қосылуына байланысты қосымша энергия қуаты қажет екенін айтты. «Жаңа ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысы­ның ерекше бақы­лауында. Оның іске қосылуы оңтүс­тік өңір­дегі электр энергиясының жүк­теме­сін тұрақ­тан­дыруға және тұтас­тай алған­да елі­міз­дің энер­гетикалық қауіп­сіз­дігін нығайтуға оң әсе­рін тигізеді», деген О.Бектенов облыс әкім­дігіне газ жеткізуші құбыр мен ЖЭО құрылы­сын уақтылы аяқтау туралы, сондай-ақ барлық нысандардың жылу беру маусымына да­йын­дығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Өңір басшысының орынба­сары Ардақ Зебешев Премьер-министр­ге өңірдегі өнеркәсіптің дамуы туралы әңгі­мелеп берді. Биылғы 5 айда эко­но­миканың осы секторы 6,3% өсім көрсетіп­ті. Сондай-ақ инвестиция көлемі 40%-ға арт­қан. Оның 80%-ы – жеке салымдар. 2024-2028 жыл­дар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылады.

Шыны зауытының іске қосылуы дамуға ай­рықша серпін береді. Қазіргі таңда шы­ны клас­­т­ерін құру жұмыстары басталды. Кәсіп­орын жұмыс істеген уақыт ішінде 27,3 млрд тең­­геге 20,8 млн шаршы метр шыны өндірілді. Бүгін­де кәсіп­­орын 15 млн доллар көлеміндегі өз қара­жа­ты­­на қуаты жылына 5 млн шаршы метр энергия­ны үнем­дей­тін шыны шығаратын жаңа желіні іске қосты.

Үкімет басшысы ел экономикасы үшін маңызды жобаларға қаражат салуға дайын инвес­тор­ларға қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сон­дай-ақ жұмыс сапары аясында жол-көлік инф­ра­құрылымын дамыту мәселесіне назар аудар­ды. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жез­қазған», «Қызылорда – Үшқұдық» автомобиль жол­дарын салу және «Қызылорда – Ақтөбе» авто­­ма­гистралін реконструкция­лау жоба­лары бар. Көлік министрлігіне қажет­ті жұмыстарды жүр­гізуге және жобалар­ды уақ­тылы аяқтауға тиісті құжаттарды ресім­деу жөнінде тапсырма берді.