Марапат • 29 Маусым, 2024

«Тұмардың» таңдаулылары

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Тұмар-2024» ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Айта кетсек, биыл «Тұмар» бәйгесі сегізінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

«Тұмардың» таңдаулылары

Байқауға 12 аталым бойынша 300-ден астам өтініш түсті. Оның ішінде республикалық және аймақтық телеарналар, студиялар мен компаниялар қатысты. Қысқа тізімге 48 жұмыс еніп, биыл «Төтенше жағдай кезінде түсірілген үздік репортаж» атты жаңа аталым қосылды.

Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Qazsport» телеарнасына «Тұмар-2024» арнайы жүлдесін табыс етсе, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Almaty» телеарнасына арнайы жүл­де табыстады. Жеңімпаздарға «Тұмар» мүсіншесімен қатар, отан­дық телевизия саласындағы ең жоға­ры жетістіктері үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық байқауы алғаш рет 2017 жылы Мәде­ниет және ақпарат министрлі­гінің бастамасымен құрылған. Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық телевизияның сапалы дамуына ықпал ету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау және оның ең мықты өкілдерін мадақтау.

Сонымен, биылғы байқауда үздік шыққандарға тоқталсақ, жаңадан қосылған «Төтенше жағдай кезінде түсірілген үздік репортаж» аталымында «Qazaqstan» телеарнасының «Алапат тасқын» бағдарламасы топ жарды.

Бұдан бөлек, «Үздік журналистік зерттеу» аталымында «Atameken Business» телеарнасының «Экономика vs экология: су үнемдеудің жолдары қандай?» арнайы репортажы, «Үздік aқпараттық бағдарлама» аталымында «Astana TV» телеарнасының «Astana Times» жаңалықтар қызметі, «Үздік aналитикалық бағдарлама» аталымында «Хабар» телеарнасы­ның «Жеті күн», «Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «Qyzylorda» телеарнасының «Құдайы қонақ», «Үздік деректі фильм» аталымында «Jibek Joly TV» телеарнасының «Шетелдегі қазақ балалары», «Үздік телехикия» аталымында «НТК» телеарнасының «Мошенники», «Үздік өңірлік ток-шоу» аталымында «Жетісу» телеарнасының «Ділмар» бағдарламалары оқ бойы озық шықса, «Үздік өңірлік телеарна» атағын оралдық «ТДК-42» телеарнасы иеленді.

«Жетінші арнаның» «АуылDone» бағ­дар­ламасы балаларға арналған үз­дік бағдарлама деп танылса, «Хабар» телеарнасының қызметкері Гри­го­рий Беденко «Үздік тележурналист», «КТК» телеарнасының қызмет­кері Мә­дина Балғабаева «Үздік тележүргізуші» аталымында топ жарды.