Фото: joltap.kz
Аталған жобаның негізгі ерекшелігі – мамандар азаматтардың келуін күтпей, керісінше, сауда орталықтары секілді адам көп жүретін жерлерге шығып, кеңес береді. Бұл бағытта өңірлерде атқарылып жатқан шаралар Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Қарағанды облысында жоба 25 маусымнан бастап жүзеге асырылып жатыр. Төрт бірдей кеңес беру пункті ашылған. Олардың үшеуі облыс орталығында, біреуі Теміртау қаласында орналасқан. Мұнда арнайы оқытылған 8 маман қызмет көрсетеді.
«Жоба аясында 15 маусымда комьюнити-орталық ашылды. Мұнда жастар үшін дыбыс және подакст жазу студиялары жұмыс істейтін болады. Яғни оларға креативті өнім шығаруға қатысты тренингтер ұйымдастырылып, дағдыларды игеруге мүмкіндік беріледі. Біз, сондай-ақ көмекке жүгінген азаматтарға 5 колледж базасында қысқамерзімді оқу курстарын ұсынып отырмыз. 1 тамыздан бастап, меңгеретін мамандықтардың күрделілігіне қарай ұзақтығы 5-30 күн аралығындағы курстар ұйымдастырылады. Соңында сертификат табысталып, жұмысқа орналастырылады», деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
Сонымен қатар өңірде 60-50-50 нөмірлі байланыс орталығы да жұмыс істеп жатыр. Қолданушылардың ыңғайлылығы үшін Телеграм-арна іске қосылған.
Алматы жобасы аясында құрылған Telegram-бот өзіндік ақпараттық жүйе іспетті. Мұнда жазған азаматқа бірден бос жұмыс орындары мен тегін онлайн-курстар тізбесі ұсынылады. Ол үшін бот «jasalmaty.kz» жастар порталымен интеграцияланған. Қызметтер азаматтарға проактивті режімде ұсынылады.
«Біз Астанада жүзеге асып жатқан «Jol Tap» негізінде жұмыс істеуді ұйғардық. Алайда Алматы ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар талапты өзгерттік. Қаладағы 8 комьюнити-орталықта кеңес беру нүктелері ашылды. Оған қосымша ірі сауда орталықтары ішінен 3 пункт ұйымдастырылды. Жобаны толығымен 1 шілдеден бастап жүзеге асыруға дайынбыз», деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Шымкентте жоба 25 мамырдан бастап жүзеге асырылып жатыр. Осы уақыт аралығында 10 кеңес беру пунктінде 183 азамат түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, олардың бірталайы әлеуметтік көмек алушылар тізіміне тіркелсе, енді бірі тұрғын үй кезегіне қойылған. Бірқатар азамат кәсіптік оқыту шараларымен қамтылды.
Ал Ақтөбе облысында жоба арқылы жұмысқа орналастырудың 2 нұсқасы жүзеге асырылмақшы. Облыстың жастар саясаты басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, бүгінде өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде, 40 кәсіпкер жобаға қатысушылар үшін шеберлік сағаттарын өткізіп, кейін оларды жұмысқа орналастыруға келіскен.
«Сондай-ақ біз индустриалды даму басқармасы арқылы өнеркәсіп орындарындағы вакансияларды ұсынбақпыз. Қазіргі таңда алдын ала келісім бар. Бұл ретте еңбек мобильділігі орталығының мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр», деді М.Ермағанбетов.
Өңірде жоба 15 шілдеден бастап жүзеге асырылмақшы. Оның шеңберінде облыс орталығының халық көп шоғырланған аумақтарында 5 модульді пункт орнату қарастырылған.
«Жоба әр өңірдің өз ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырылып келеді. Дегенмен оң тәжірибелермен өзара алмасу қажет деп ойлаймын. Ең негізгі мақсат – азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл ретте барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», деді Т.Дүйсенова.