Көксарай су реттегіші туралы қоғамда, ғылыми ортада, мамандар арасында түрлі пікірлер, әртүрлі әңгімелер болғаны белгілі. Ол түсінікті жағдай. Себебі осындай саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік маңызы орасан зор гидротехникалық нысанның өмірге келуі бәрімізді ойландыратыны шындық.
Міне, осындай жағдайда Мемлекет басшысы барлық мәселелерді салмақтай келе Көксарайды салу туралы шешім қабылдады. Осы қабылдаған шешім мен оның жүзеге асуы тәуелсіз Отанымыздың болашаққа деген нық қадамдарының бірі деп білеміз.
Қызылорда облысының суармалы егіншілігі Сырдария өзенінің су қорына байланысты. Сонымен бірге судың ең көп пайдаланылатын кезі маусым-шілде айларында өзендегі су қорының азаюынан шаруашылықтар зардап шегіп келген және егістік жерлердің топырақ-мелиоративтік, экологиялық жағдайы нашарлап, инженерлік дайындалған жерлер ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. “Көксарай” су реттегішінің іске қосылуы, осы мәселелердің оң шешілуіне тікелей әсер ететініне сеніміміз мол.
Қай уақытта да Президент назарда ұстап келе жатқан аса маңызды табиғи нысан – Арал теңізінің біртіндеп қалпына келуіне де Көксарайдың ықпалын тигізетінін Сыр жұртшылығы аса қанағаттанғандық сезіммен жылы қабылдауда. Енді осы баға жетпес байлық – суды үнемдеп, тиімді пайдалану, басты мәселелердің бірі. Қызылорда облысындағы негізгі дақыл – күріш. Ол суды өте мол тұтынады. 1 тонна күріш өндіру үшін орта есеппен 6-8 мың тонна су жұмсалады.
Осы бағытта біздің ғалымдар күріш және ауыспалы күріш егісі дақылдарының жаңа сорттарын шығарып, оларды өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, өндіріске енгізуді жүзеге асырудамыз. Соңғы жылдары күріштің отандық Ару, Арал-202, Түгіскен-1 сорттары мемлекеттік сынақтан өтіп, аудандастырылды. Бұл сорттардың пісіп-жетілу мерзімі 95-115 күн аралығында және әлеуетті өнімділігі гектарына 70-90 центрден. Сонымен бірге шетелдік (ресейлік) жоғары өнімді, сабағы нығыз сорттарына балама ретінде қылтықсыз КазНИИР-5, Каз-НИИР-6, КазНИИР-7 жаңа перспективалы күріш сорттары шығарылды.
Бұл сорттар дәнінің ірілігімен, қоршаған ортаға бейімделгіштігімен тұзға, суыққа, су тапшылығына және терең бастыруға төзімділігімен ресейлік сорттарынан айрықша ерекшеленеді.
Күріш шаруашылығында алғаш рет минималдық, нөлдік және жалға егу технологиялары сынақтан өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Күріштің жаңа сорттарын, ғылыми негізделген технологияларды өндіріске енгізу арқылы суды 20-25% пайызға үнемдеуге қол жетеді. Экологиялық таза өнім алу әлем қауымдастығының алдындағы күрделі міндеттердің бірі. Осы бағытта институт ғалымдары минералды және органикалық тыңайтқыштарды балансты жағдайда қолдану арқылы, экологиялық таза өнім өндіру технологиясын жасап, өндіріске ұсынды және түрлі пестицидтерді экологиялық сынақ-тардан өткізуді жүзеге асыруда.
Қызылорда облысы әкімдігі мен “ҚазАгроИнновация” АҚ арасында жасалған меморандум “ҚазНИИР” ЖШС жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, күріштің отандық және ресейлік перспективалы сорттарының бірегей және элиталық тұқым шаруашылығын ұйымдастыруға жол ашты. Егін шаруашылығын әртараптандыруды жүзеге асыру мақсатында суды аз тұтынатын рапс, сафлор, соя, арпа секілді дақылдарды күріш ауыспалы егістігі жағдайында өсірудің технологиясы жасалуда. Бұл жағдай өз кезегінде суды үнемдеу арқылы облыс аймағындағы көлдерді, Арал теңізін толтыруға мүмкіншілік тудырып, өңірдің экологиясының айтарлықтай қалпына келуіне жол ашады.
Аудан, шаруашылықаралық магистральді каналдар мен коллекторларды тазалау, ондағы гидро-техникалық құрылымдарды жөндеу жұмыстары республикалық, облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып отырса, ал шаруашылықішілік суару, коллекторлы-кәріздік жүйелер және олардағы гидротехникалық қондырғыларды жөндеу шаруашылықтардың қаржы тапшылығына байланысты жүзеге аса бермейді. Бұның өзі жоғарыда жасалған орасан зор жұмыстардың тиімділігін төмендетіп, су ысырабына жол береді. Сондықтан ендігі кезекте осы жұмыстарды мемлекет есебінен субсидиялау немесе қаржы мәселесін шешу, Жолдауда көрсетілгендей, агроөнеркәсіп саласына қойылған еңбек өнімділігін 2 есе көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті көтеру сияқты күрделі міндеттерді жүзеге асыруға жол ашар еді.
Серікбай ӨмірзаҚов, “Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-нің бас директоры.