Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл цифрлы көрме – қоршаған ортаны қорғауға және көрікті жерлерді сақтауға арналған. Аталған іс-шара Манхэттендегі (Нью-Йорк) «The Canvas 3.0» галереясы мен «Qazaq National Parks» жобасының (серіктес) қолдауымен ұйымдастырылды.
«Біз – қоршаған ортаға құрметпен қарайтын елміз. «Winds of Change» көрмесі – біздің ұлттық саябақтарымыздың кереметін көрсетіп қана қоймай, әлемдік саяхатшыларға насихаттап отыр. Екіншіден, біз мұндай дамыған елдермен күш біріктіру арқылы қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сақтауға мол тәжірибе алмасамыз. Сонымен қатар жаһандық экологияның жақсаруына үлес қоса аламыз», дейді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
«Winds of Change» көрмесі америкалық натуралистерге еліміздің ұлттық табиғи әсем саябақтарын және бірегей креативті жобаларын таныстырады.
«Көрмеге қойылған «Іле-Алатау тарихы» кітабы келушілердің қызығушылығын оятты. Онда ұлттық саябаққа қатысты өз өмірін табиғатпен байланыстырған адамдар: ғалымдар, зоологтер, ботаниктер, археологтер, гляциологтер, астрономдар, орманшылар, альпинистер, туристер, еріктілердің қызықты оқиғалары берілген. Ал «Адам және табиғат» лэнд-арт жобасы қазіргі адамдар табиғаттың бір бөлігі болып қала ма, жоқ па деген мәселені зерттейтін жоба. Аюсай шатқалында туристер қалдырған қоқыстар көрсетіледі», дейді «Qazaq National Parks» серіктестігінің директоры Динара Гужавина.
Көрмеге келушілер «Шарын», «Алтынемел», «Іле-Алатау» қатарлы ұлттық саябақтардың символдық өнімдерін сатып алыпты. Жалпы, ұлттық саябақтарымыздың насихатын жасайтын және туристік инфрақұрылымды дамытумен айналысатын бірден-бір орын – ол «Qazaq National Parks» серіктестігі екенін айта кеткен жөн.
«Еліміздегі ұлттық саябақтар десе, жусанның исі, орман сыбдыры және тау бөктеріндегі құлпырған гүлдер есімізге түседі. «Winds of Change» көрмесінде келушілерге осыны сездірдік. Біздің саябақтар сонысымен талайларды қызықтырып тұр», дейді көрме жетекшісі Наргиз Магаева.
Айтпақшы, шығыстағы Катонқарағай ұлттық саябағы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының басым экоөңірлерінің бірі деп танылғаны белгілі. Талайды тамсандырған әсем бақ биыл наурызда «Green destinations Story Awards» байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінгені ел есінде болса керек. Байқау «ITB Berlin» ірі әлемдік туристік көрмесінде өткен еді.
Туризм – табысы тасқындап тұрған сала. Қазір әлемде кірісінің 90 пайызын осы саладан түскен қаражат қалыптастыратын елдер жетерлік. Біздің күніміз бұған қарап тұрмаса да, артық дәулет бас жармасы анық. Елімізде ондай қосымша табыс көзі боларлық туристік әлеует мол. Оны міне, Нью-Йорк төрінде тағы бір дәлелдеп бердік.