Талбесік • 28 Маусым, 2024

Тұйғын

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шәулі құстарының ішіндегі әдемісі, ұшқыры, бағалысы осы – тұйғын. Бұның қадірлі болатын себебі: тұқым-түрі кең тарамаған және өте сирек жұмыртқалайды. Қолға сирек түседі. Ұясын адам аяғы жет­пейтін жерге жасырып салады.

Тұйғын

Тұйғын түр-тұқым жағынан: мырза тұйғын, құл тұйғын (кір тұйғын деп те айтады) деп екіге бөлінеді.

Мырза тұйғын – қағаздай аппақ, қана­тының үстінде, сыртқы жүнінде сар­ғыш шұбары болса, құл тұйғынның – сыртқы жүні қоңыр шұбар, бауыр жүнінде аздаған қоңырлау бедері болады. Екі түрдің айыр­масы жүнінде ғана. Яғни Шымқай ағы – мырза тұйғын, жүні баран кірлеу болса – құл тұйғын. Бұлардың дене бітімінде ешқандай айырмашылық жоқ. Басты сипаты – сүйріктей сұлу, ұзын тұмсықты жебелі құс. Әрқашан жұтынып тұратын жыланбас, жіңішке әрі ұзын мойын, қайқы қанат, ұзын құйрық, көзі ақшыл шегір болады.

Тұйғынмен құс қаққанда ұрымтал жерден жіберу қажет емес, өйткені оған олжа құстардың неғұрлым жоғарылай ұшқаны жақсы. Тұйғын сүзіле көкке атып шықса, алатын жеміне жетпей қоймайды. Әсіресе жыл құстарын көлге қарай ұшырып, аспандап келе жатқанда тұйғынды астынан сүзілте тастаса алмай түспейді. Тұйғын жылдам болғандықтан қазақ саятшылары онымен құс аулағанда ұшқыр ат мінеді. Ерекшілігі – ашқарақ шыдамсыз, бірақ өте елгезек, жылдам елігетін күйрек құс. Олжасын көп қумай­ды, алғашқы ұшқан бетінде сыпырып алса алып қалады, ала алмаса қонып қалады, қайталап қумайды.