18 Маусым, 2010

БЕС АЙДЫҢ БИІК БЕЛЕСІ

595 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысында 8,3 пайызды құрады. Бұл дағдарыс салмағын серпіп тастаған Қазақстан экономикасының қайтадан қарқынды дамуға бет алғандығын білдіретін көрсеткіш. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанның қорытындысында даму деңгейіміз 6,7 пайызды құраған еді. Содан екі ай өтісімен 8,3 пайыздық биікке көтеріліппіз. Демек, бағытымыз – дұрыс, қарқынымыз – қарышты, табысымыз – толайым. Әрине, бұл табыс оңайлықпен келген жоқ. Елімізді дағдарыс ахуалы кеулей бастаған 2007 жылдан бастап, онымен кү­рестің стратегиясы айқындалып, ба­рын­ша жедел іс-қимылдар жасалғандығы белгілі. Сөйтіп, төтеден төнген қиындықты еңсеріп кеттік. Және онымен де тоқталып қалмадық. Дағдарыс қаупімен алыса жүріп Елбасының сара басшылығымен алдағы күндерді де ойластыра жүрдік. Соның нәтижесінде Қазақстанда әлем елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып дағдарыстан кейінгі дамудың нақты бағдарламасы өмірге келді. Биылғы жыл­дың басында жасаған халықққа арналған Жолдауында Елбасы осы уақытқа дейінгі жинақтаған тәжірибелерді қорыта отырып, еліміздің 2020 жылға дейінгі онжылдық даму стратегиясын белгілеп берді. Осы стратегияны қолға ұстаған Үкімет жедел әрекетке кірісіп, стратегияны жүзеге асырудың шараларын әзірледі. Сөйтіп  еліміздегі кәсіпкерлікті дамытудың, инвестиция тартудың ұзақ мерзімді бағдарламалары әзірленді. Осылардың негізінде үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық дамудың 2014 жылға дейінгі бағ­дарламасы дүниеге келді. Мұны бес­жылдық жоспар деп атасақ та артық емес. Міне, осы шаралардың ас­тарында дағдарыспен күре­стің елімізде қалыптасқан тиім­ді әдіс-тәсілдері одан әрі іске асырылуда. Соның бірі ретінде өткен жылы өз тиімділігін ба­рынша дәлелдеген “Жол кар­тасы” бағдарламасын айтуға бо­л­ады. Бұл бағдарлама биылғы жылы тағы да жалғасын тапты. Иә, биылғы жыл Үкімет үшін қар­ба­ласы көп шаруамен басталды. Жыл ба­сынан бастап Ресей, Беларусь елдерімен бі­рігіп Кеден одағының құры­луына байланысты оның тиісті тетіктерін, құқықтық базасын қамтамамыз ету ба­ғы­тында көптеген жұмыстар жүргізілді. Кеден одағы құрыл­ған соң онда әр елдің өзіндік ұлттық мүддесі болатындығы белгілі. Қазақ­стандық мүддені қорғау үшін ауыр келіссөздер жүргізуге де тура келді. Бір қуаныштысы, осы бағытта жүргізілген келіссөздер барысында еліміз­дің ұлттық мүддесі артығымен қорғалды деп айтуға болады. Міне, үстіміздегі жылдың бес айлық қорытындысының биік белесі осындай көптеген жұмыстарды үйлестіре жүргізу арқылы бағындырылған болатын. Осындай қат-қабат шаруалардың арасында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов уақыт тауып, жекелеген ел өңірлерінде де болып қайтты. Соның маңызды бірі ретінде өткен аптадағы Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарына жасалған сапар­ларды айтуға болады. Бір шеті Тарбағатай, Сауыр-Сайқан тауларынан басталып, екінші шеті Сібірдің нулы ормандарына ұласатын, айбарлы Алтай тауы мен арналы Ертіс өзенінің алабына орналасқан Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ең дамыған өнеркәсіпті өңірлердің бірі. Облыстың сыртқы шекарасы Қытай мен Ресей секілді алып елдермен шектесіп жатқандықтан өңірдің сауда-экономикалық тұрғыдан перспек­тивалық бағыттары да мол. Облысқа тәжірибелі басшылардың бірі Бердібек Сапарбаев әкім болып келген соң Шығыс Қазақстанның екінші тынысы ашыла бастағандай. Мәселен, өткен жылы Елбасының тапсырмасымен қолға алынған “Жол картасын” жүзеге асыруда алдыңғы қатардан көріне білді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларының аралығында 233,7 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 есе артық. Ал ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 29,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың аталған мерзіміндегіден 9,6 пайызға асып түсті. Міне, осындай жақсы көр­сеткіштер басқа салалардан да бай­қалып отыр. Қысқасын айтқанда, облыс дағдарыстан кейінгі кезеңде дамудың қарышты қадамын көрсете бастады. Дегенмен, соңғы екі жылдан бері бұл өңірде түрлі табиғат құбылыстарына байланысты көлденең туындаған қиын­дықтар да баршылық. Өңір халқына, әсіресе, өткен қыс өте ауыр тиді. Облыста үдемелі ин­дустриялық-инновациялық дамудың мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асы­рылатын жобалардың ауқымы да қомақты болып отыр. Жалпы, жиыны 446,9 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылмақ. Ал облыстың өз еншісінде жиыны 34,9 миллиард теңгеге бағаланып отырған 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда 7 мың тұрақты жұмыс орны құрылуға тиіс. Міне, осындай облыс өміріндегі маңызды оқиғаларға байланысты болса керек, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өткен аптада осы өңірге арнайы іссапармен келді. Бұл сапарды соңынан із тастаған маңызды сапарлардың бірі болды деп айта аламыз. Премьер-Министрдің сапары қазақ халқына Абай мен Шәкәрім, Мұхтардай да­на­ларды берген қасиетті Семей топырағынан бастау алды. Соңғы бірқатар жылдардан бері осы қаладағы жылу жүйелерінің тоз­ғын­дауына байланысты қала халқының қыстан әупірімдеп шығып келе жатқандығы белгілі. Негізгі проблема – 1934 жылы салынып, құрал-жабдықтары әбден ескірген бірінші жылу-энергетикалық орталықтың қаланы дұрыс жылуымен қамтамасыз ете алмай отыр­ғандығы. Осыған орай оны қайта жаң­ғыртуға республикалық бюджеттен 1 мил­лиард 240 миллион теңге бөлініп, жаңа жылу қазандығын салу жұмысы қолға алынған болатын. Үкімет басшысы ең бірінші осы жылу-энергетикалық орталыққа келіп, оның жұмысымен жан-жақты танысты. Қаланың Жаңасемей аталатын бөлігін жылумен қамтамасыз етуге тиіс осы орталықтың жұмысымен Кореяның “Құс жолы” фирмасы шұғылдануда. Кәрім Қа­жым­қанұлы осындағы бу қазандығының құ­рылысын көргеннен кейін осы жерде көш­пелі жиын өткізді. “Құс жолы” ком­па­ния­сының басшысы Ли мырза орталық құ­ры­лы­сының белгіленген уақытта іске қо­сы­латындығына Үкімет басшысын сендірді. Көшпелі жиынды қорытындылаған Кәрім Мәсімов егер инвестор өзінің орталықты жаңғырту жөніндегі міндеттемесін орын­дай­тын болса, Үкіметтен қолдау болатындығын, ал қандай бір күрделі мәселе пайда болып, іс тұйықталатын болса, мұны шешуді өздерінің қолға алатындықтарын жеткізді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне аймақта халық үшін тарифтің негізсіз көтерілуіне жол бермеуін тапсырды. “Семей үшін қуатпен, соның ішінде жылумен қамту  ең басты мәселе болып отыр. Біз бұл жөнінде көптен бері айтып келеміз. Мемлекет бас­шысы да осы мәселеге көңіл бөлуде” деп атап көрсетті Премьер-Министр. Жоғарыда Шығыс Қазақстанның өткен ауыр қыс пен көктемгі тасқыннан қатты зардап шеккенін айтқан болатынбыз. Аталған зардаптарды жою үшін Үкімет қорынан 4 миллиард 6,2 миллион теңге бөлінбек. Осы қаржыға облыстың 15 қаласы мен ауданында жағалауларды бекіту, тұрғын үй­лерді салу мен жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Білім және ғылым министрлігі Күршім ауданындағы Барақ батыр ауылында және Тарбағатай ауданындағы Жантекей ауылында салынатын 2 мектепті қар­жы­лан­дыру мәселесін шешті. Ал Тарбағатай ауданындағы Көкжыра ауылында салынатын 600 орындық мектепті қаржыландыруға қажетті 977,5 миллион теңге Үкімет қорынан бөлініп отыр. Осыған байланысты қазір бұл өңірде жекелеген ауылдарда жаңа тұрғын-жайлар салу ісі қызу жүріп жатыр. Көкжыра ауылындағы құрылыс бары­сы­мен танысқан Премьер-Министр осындағы ауыл адамдарымен сөйлесіп, көктемгі су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі барлық жұмыстар Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­масы бойынша жүргізіліп жатқан­дығын жеткізді. Үстіміздегі жылдың қазан айында, яғни құрылыс жұмыстары аяқталар тұста осы Көкжыра ауылына қайта келіп, бүгінгі атқарылып жатқан істердің нәтижесін көре­тін­дігін айтты. Ауыл ақсақалдары ел През­и­дентіне, Үкіметке, облыс әкімдігіне өздеріне қиналған шақта қол созып, үлкен көмек көр­сет­кендері үшін алғыстары мен риза­шы­лықтарын білдірді. Мұнан кейін Үкімет басшысы Өскемен тауық фабрикасында болып, осы жердегі жүзеге асып жатқан инвестициялық жобаның барысымен танысты. Оның жалпы құны 2,6 миллиард теңгеге бағаланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда жылына 20 мың тонна бройлер етін өндіруге болады екен. Облыстағы қазіргі таңдағы жүзеге асу үстіндегі индустриялық-инновациялық бағыттағы іргелі жобалардың бірі “Казцинк” ЖШС қолға алған “Жаңа металлургия” жобасы болып табылады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда жыл сайын 70 мың тоннаға дейін тазартылған мыс, 100 мың тоннаға дейін қара қорғасын өндірудің мүмкіндігі қалыптаспақ. Жобаның жалпы құны 96,9 миллиард теңге тұратын болса, оның 63,9 миллиард теңгесі – жеке меншік қаражат, 33,2 миллиард теңгесі – несие қаржысы. Оның аяқталуы үстіміздегі жылдың же­л­тоқ­санына белгіленіп отыр. Жоба құры­лысын жүргізу кезінде 1234 адам жұмыспен қамтылса, ол іске қосылғанда 567 тұрақты жұмыс орны пайда болмақ. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Өскеменде өткен форумда Шығыс Қазақстан облысында жүріп жатқан жұмыстарға жақсы баға берді. “Мен осы аймақта өткізген екі күннің ішінде, тұтастай алғанда, әлемдік экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруде облыста бетбұрысты жағдайдың қалыптасып отырғандығын байқадым. Бұл жетістікке сіздер қол жеткіздіңіздер” деп атап көрсетті. Мұнан кейін сапар Жамбыл облысында жалғасты. Премьер-Министр бұл өңірге келісімен “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің 536-593 шақы­рымындағы учаске құрылысымен танысты. Еліміз үшін бұл дәліздің маңызы ерекше болып отыр. Премьер-Министр, сондай-ақ Айша бибі ке­се­несінде, Қазақстан-Қырғызстан ше­ка­расындағы кедендік бақылау-өткізу пунк­тінде, “Амангелді” ЖШС шикі мұнай өнді­ретін зауытының құрылысында, минералды тыңайтқыштар зауытында, Қарахан кесе­ні­сінде болды. Таразда Премьер-Министрдің қатысуымен “Саламатты Қазақстан” бағд­ар­ла­масының жобасы тал­қыланды. Осы талқылау ба­рысында Үкімет басшысы халықтың денсаулығы мен білім алуына қатысты бағдарламалардың еліміз үшін өте маңызды екендігін атап көрсетті. “Жамбыл облысында оң үрдістер бар. Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмалары пысықталуда, индустриялық бөлігі орындалып жатыр” дей келіп облыстың жаңа басшылығының жұмысына ризашылығын білдірді. Осы аптаның басында Үкімет басшысы Үкімет мүшелерімен, облыс басшыларымен бірігіп селекторлық кеңес өткізді. Онда бі­рінші мәселе ретінде биылғы жылға ар­налған “Жол картасы” бағдарламасының жүзеге асу барысы қаралды. Аталған бағдарламаны нақты жүзеге асыру жұмыстары қызу қарқын ала бастаған. Осы іске бөлінген 133 миллиард теңгенің қазірге дейін 41 пайызы игеріліпті. Жұмыс барысы Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында жақсы жүруде. Оларда орта есеппен алғанда қаржының 45 пайызы игерілген. Үкімет басшысы онлайн режімінде интерактивті байланыс арқылы барлық облыстар басшыларымен байланысқа шығып, бағдарламаның жүзеге асу жайын пысықтады. Сөз алған қай өңірдің басшысы болмасын аталған мәселеде проблеманың жоқ екендігін айтып, жыл аяғына дейін қаржының толық игерілетіндігін жеткізді. Осы отырыста бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді шектеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да сарапқа салынды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Эконо­микалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселесіне бай­ла­нысты қолданыстағы заңдарға толық­ты­ру­лар мен өзгерістер енгізу туралы жаңа заңның жобасын жария етті. Осы бойынша рұқсат беруге қа­тысты 1015 құжат әзірлеу үрдісі енді 331 бірлікке азай­ты­латын болды. Бұл кәсіпкерлер үшін жиыны 27 мил­лиард тең­генің шы­­ғын­да­рын үнем­деуге мүм­­кіндік береді екен. Үкімет бас­шысы “Жол кар­тасы” ая­сындағы қаржы ре­сурстарын тиімді пайдалану мәселесін ерекше атап көрсетті. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында үнем­деген қаржыны ауыл­дық жерлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағыттау қажеттігін айтты. Осыған орай Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне осы мәселе бойынша тиісті қаулы әзірлеп, оны бір апта­ның ішінде Үкіметке енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіне “Жол картасын” жүзеге асыру барысында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға қажетті мамандарды әзірлеуге басымдық беру жөнінде тапсырма берілді. Жалпы, аталған бағдарлама аясында қаржы ресурстарын тиімді пайдалану ісіне бақылау жасау Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа жүктелді. 2009 жылдың қорытындысы бойынша 60 миллиард теңгенің бюджет қаржысының игерілмей қалғандығы белгілі. Үкімет басшысы осы мәселені терең зерттеп талдау, игерілмеу себептерін және оған кінәлі тұл­ғаларды анықтап, тиісті жаза белгілеу үшін арнайы жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Сондай-ақ осы селекторлық кеңесте Үкімет басшысы Парламент депутаттары тарапынан осы мемлекеттік өкілетті органға ратификациялау үшін енгізілетін халық­аралық келісім жобаларының мем­лекеттік тіл мен орыс тіліндегі жобалардың ара­сындағы сәйкестікке байланысты сыни ескертпелердің келіп түскендігін айтып, осы бағытта жіберілген әрбір қателіктің халықаралық келісімнің мазмұнын бұрмалауға ықпал ететіндігін, ал мұның өзі Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіретіндігін атап көрсетті. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың басшыларына халықаралық шарттардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігін қамтамасыз ету тапсырылды. Алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауда болмақ. Бұл іске әрбір органның бірінші басшысы жеке жауап беретін болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.