Қоғам • 02 Шілде, 2024

Қазақстанда Азия саудасы мен мәдениетін қатар алып жүретін қауымдастық құрылды

240 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» құрылып, оның төралқасының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда Азия саудасы мен мәдениетін қатар алып жүретін қауымдастық құрылды

Төралқаның құрамына елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси және мәдениет қайраткерлері енген. Атап айтқанда, Төралқа мүшелігіне Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі, профессор Дүйсен Қасейінов, Премьер-министрдің кеңесшісі, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов,  Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы, Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат Айгүл Құспан, Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның саясат және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Жандарбек Кәкішев,  Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков,  «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек  кіріп отыр.

Жиында күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша төралқаның төрағасы мен хатшысы сайланды. Қауымдастық Жарғысына сәйкес, төраға – консультациялық-кеңесші органның қызметіне басшылық жасайды, Президиум  мүшелерінің арасынан сайланады. Ал төралқа хатшысы Президиум мүшесі болып табылмайтын, консультативтік-кеңесші органның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын лауазымды адам.

Төралқа мүшесі Ералы Тоғжановтың ұсынысымен төрағалыққа Дүйсен Қасейінов сайланды.

«Төрағаның жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дүйсен Қорабайұлы бәрімізге белгілі, елімізде де халықаралық деңгейде де өте танымал тұлға. Беделді халықаралық ұйымды басқарған, мәдениет саласының халықаралық деңгейдегі майталманы. Төтенше және Өкілетті елші деген лауазымы бар. Сондықтан төраға лауазымына Дүйсен Қорабайұлын ұсынамын», деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ төрағаның ұсынысымен төралқа хатшысы болып Қанат Тоқабаев сайланды.

Күн тәртібіне орай, төралқа отырысында «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының» мақсат-міндетін айқындайтын Стратегиялық тұжырымдамасы талқыланып, қолдау тапты.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған басқарма төрағасы Қанат Бейсектің айтуынша, қауымдастық бұған дейінгі «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығының»  тәжірибелерін ескере отырып, ауқымын кеңейту бағытында құрылған.

«Жаңа қауымдастықтың кеңеюі тек географиялық тұрғыдан ғана емес, салалық бағытымыздан да болсын деген шешім қабылдадық. Өткен тарихымыздан белгілі – Азия саудасының салты басқа өңірлерге, басқа өркениеттерге қарағанда ерекше. Сауда жүрген жерде мәдениет те қоса жүретіні, елдер арасындағы интеграцияға, дамуға сауданың әсері зор болғаны анық. Қазіргі уақытта халықаралық сауда жүйесі күрделі өзгеріске ұшырап, геоэкономикалық жағдай, өңірлердегі сенім дағдарысы мемлекеттер дамуына түрлі кедергілер туғызып отыр. Дәстүрлі сауда жүйесінің заманауи үлгісі де өзгеріп, елдер мен өңірлер арасында экономикалық, технологиялық алшақтық ұлғайды. Сонымен бір мезгілде көптеген сарапшылар ендігі ғасырды «Азия ғасыры» деп атай бастады», дейді Қанат Бейсек.

Оның айтуына қарағанда, жаңа қауымдастық бірінші кезекте бизнес пен іскерлік және мәдениет бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардан бастап, жеке ұжымдық бастамаларды, бизнес пен мәдениет саласының Азия елдеріндегі мүдделілік, қызығушылық сұраныстарын жүзеге асыратын платформа болады. Сондай-ақ Қазақстан мен Азия елдері арасында іскерлік мәмілелерді арттыратын, кәсіпкерлік байланыстар мен бірлескен мәдени халықаралық жобаларды жүзеге асыратын «АЛТЫН КӨПІРГЕ» айналуды мақсат етеді.   

«Біздің «Алтын көпіріміздің» өзі үш бағытты қамтиды. Олар: «Сауда көпірі», «Мәдениет көпірі», «Ақылды көпір»;  Бұл жердегі «сауда көпірі» - Қазақстан мен Азия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтатын көпір. Оны «іскер адамдардың көпірі» десек те болады.  Ал екінші көпіріміз – «мәдениет көпірі»  Қазақстан мен -  Азия елдері арасындағы мәдени әріптестіктің халықаралық деңгейін арттыратын көпір. Ондағы жоспарлаған іс-шаралар тұтастай Азия елдерінің мәдени-рухани іс-шараларына, бастамаларына арналады. Үшінші «ақылды көпір»  - бұл жаңа технологияларды Қазақстан мен Азия арасындағы бизнес пен мәдени әріптестіктің игілігіне пайдалануды көздейді. Оның ішінде  Жасанды Интеллект (Чат GPT-4) арқылы бизнес қауымдастыққа көрсетілетін қызметтерден бастап, креатив индустрия, Азия елдерінің бизнес және іскерлік қауымдастығына «бір терезе» қағидаты бойынша қауымдастық платформасында бірыңғай базалар мен нақты консультациялардың бірегей қызметі, онлайн бизнес миссиялар да бар», дейді Қанат Бейсек.  

«Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» халықаралық деңгейде Қазақстанның имиджіне де атсалысып, ауқымды іс-шаралар (көрмелер, форумдар, конференциялар, фестивальдар) өткізуді де қолдайды.  

Соның бірі жыл сайын дәстүрлі түрде «Бір белдеу бір жол» халықаралық форумын Астанада жыл сайын өткізу болса, екіншісі «Азия халықтарының дәстүрлі музыка фестивалі». Азия халықтарына тиесілі дәстүрлі музыка - әлемдегі ең көне көркемдік дәстүрлердің бірі әрі басқа құрлықтардағы дәстүрлі музыкалардан біршама өзгешелігі бар. Азия халықтарының музыкасы жеке аспаптарға және ауызша бағдарлауға назар аударумен, сондай-ақ абстрактілі музыканы аз қолданумен сипатталады. Осындай әрі ерекше әрі тамыры көнеден жалғасып жатқан халықтардың  дәстүрлі музыка өнерін әлемге дәріптеуде жаңадан құрылған қауымдастық мұрындық болғалы отыр.

Талқылау барысында төралқа мүшесі Дархан Қыдырәлі қауымдастықтың стратегиялық тұжырымдамасына қатысты өз пікірін білдірді. «Сауда және мәдениетті қатар алып жүру туралы шешім өте дұрыс. Себебі кезінде Ұлы ұлыс Алтын орданың да, Орталық Азияның басқа да ірі мемлекеттердің де ыдырауына негізгі себептердің бірі Жібек жолының тоқтауымен де байланысты. Шығыстан Батысқа созылып жатқан керуен жолдарының, сауда-саттық пен барыс-келістің тоқтауы – алпауыт мемлекеттердің мәдени дамуын да, экономикасын да тоқырауға ұшыратты. Ал бүгінгі кезеңге келетін болсақ, Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде сауда интеграциясына, өңір елдерімен, Азия елдерімен жақын байланыстарға да үлкен назар аударылып отыр. Парламент Сенатында осы Азия бағыты бойынша бірнеше заңнамалар талқыланып, мақұлданып Президенттің қол қоюына жолданды», деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар ол қауымдастықтың атқаратын іс-шаралар жоспарының ауқымы да  алдағы уақытта кеңейе беруі тиістігін атап өтті. Төралқа мүшесі тұжырымдама жобасының мәдениет саласына қатысты креатив индустриясына да ерекше мән беріліп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанның Азия елдерінің бірқатарымен мәдени орталықтары ашылады. Бұл заңнама жүзінде бекітілген. Осындай жұмыстардың бәрін үйлестіруде қауымдастық ұйытқы бола алады деген пікірін де жеткізді Дархан Қыдырәлі.

Ал төралқа мүшесі Ералы Тоғжанов қауымдастықтың миссиясы, мақсаты зор деген пікірде. «Жаңа технологиялар заманындамыз. Соның бірі – жасанды интеллект. Бұның игілігін бизнеске де,  мәдениетке де пайдаланып, соны көрсете алмасақ біздің ұтылып қалатын тұстарымыздың болуы да ықтимал. Креатив индустриясы да сол әрі оның ерекшелігі,  креатив индустиясы - мәдениетке де, экономиканың бір саласына да жатады. Азия елдерінің осы индустриядан қаншалықты қаражат тауып, бюджеттерін толықтырып жатқанын да білесіздер. Осыны ескерсек», деді Ералы Тоғжанов.

Ал төралқаның тағы бір мүшесі Ербол Тасжүреков бастаманың баянды болатынына сенім білдірді. «Қауымдастық көтеріп отырған «сауда көпірі» – біз үшін маңызды көпір. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы біздің экономикамыздың драйвері бола отырып, Қазақстанның Азия елдерімен сауда-саттығында басты басымдығына айналуы керек», деді Ербол Тасжүреков.

Төралқа отырысында қауымдастықтың стратегиялық тұжырымдамасы қолдау тапты. Жиындағы ұсыныстар бойынша қауымдастықтың төралқасына шет елдерден де мүшелер қатыстыру қарастырмақ.

Жиын барысында төралқа төрағасы атынан «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту» қауымдастығының төрағасына «Сенім Грамотасы» тапсырылды.

«Менің ойымша, бүгінгі стратегиялық тұжырымдама аса үлкен әрі маңызды құжат. қауымдастықтың өзіне жүктеп отырған мақсаты да зор.  Әрине, елдің имиджі, мемлекеттің мүддесі бәрінен биік, оны осында отарған баршаңыз білесіздер. Берекелі істің бастауы болсын деген ниетпен, біздің бір жағынан берген жолашар тілегіміз, батамыз ретінде «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» басқарма төрағасы Қанат Бейсекке Президиумның «Сенім Грамотасын» тапсырғым келеді. «Сенім Грамотасын» негізінде елшілерге  жаңа бір елге келіп қызметке кірісіп жатқанда береді ғой. Сондықтан біздің бұл Грамотамыз  символикалық грамота», деді төралқа төрағасы Дүйсен Қасейінов.

Алдағы уақытта қауымдастықтың салтанатты тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.