Осы орайда ескерерлік жайт, көктемгі ауқымды су тасқынына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен көшпелілер ойындарын ұйымдастыруға жұмсалатын шығын қысқарды. Атап айтқанда, ойындар бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Мысалы, корей халқының ұлттық күресі «Ссирым» спорттық бағдарламадан алынды. Сонымен қатар бірнеше спорт түрі бойынша салмақ категориялары қысқарып, спорттың 10 түрін қамтыған арнайы қойылымдар толығымен алынып тасталды. Десек те, Қырғызстан мен Татарстан республикалары басшыларының өтінішімен ойын бағдарламасына «Көк бөрі» және «Көрәш» сайыс түрі жаңадан енгізілді.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев: «Бастапқы бюджеттен 1,7 млрд теңге үнемдедік. Сонымен қатар дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткізу үшін демеуші ретінде отандық және шетелдік компанияларды тарту ісі белсенді жүргізіліп жатыр» десе, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров: «Алдағы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер тойының бас демеушісі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен «ALAGEUM ELECTRIC» электртехника компаниясы. Осы демеушілер тарапынан бөлінетін қаржы 253 250 002 теңгені құрап отыр. Бұл қаражат жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық ретінде үлестіруге, ойынға қатысушылардың әуе билеттеріне, марапаттау салтанаты өткізілетін алаңдарды дайындауға, естелік медальдар мен сертификаттар әзірлеуге жұмсалады», деді.
Дүбірлі додаға қатысушы мемлекеттерге тоқталар болсақ, дәл қазір әлемнің 90 елі ықылас танытып отыр. Осылардың арасында Бруней – Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия қатарлы елдер көшпелілер ойнына алғаш рет қатыспақшы.
Жарыстың басым көпшілігі «Алау» мұз сарайы, «Астана Арена» стадионы және «Қазанат» ипподромында өтеді. Бұл нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұйырса алдағы 15 тамызда аяқталуға тиіс.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаевтың мәліметіне үңілсек, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде алаңда 370 төреші 21 спорт түрі бойынша төрешілік қызмет атқарады. Сондай-ақ осы жарысқа қатысатын еліміз құрамасы мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жағдайын бақылау үшін ветеринар, биолог, генетик, спорттық психология және медицина мамандарының жетекші ғалымдарынан құралған екі топ жұмыс жасап жатыр.
Көшпелілер ойындарына қатысатын еліміздің ұлттық құрамасын жасақтау ісі «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» мекемесіне жүктелді.
Дүбірлі доданың негізгі бағытының бірі – мәдени іс-шаралар. Бұл бағытта ұйымдастырылатын мәдени оқиғалар туралы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаевтан сұрап білдік.
«Мәдени бағдарлама спорттық бағдарламадан кем түспейді. Мәдени бағдарлама аясында: «Бірлік керуені» және «Этноауыл: Көшпелілер әлемі» жобасы жүзеге асырылады. «Бірлік керуені» жобасы бүкіл елімізді қамтиды. Жобаның идеясы – ел азаматтарын Дүниежүзілік көшпелілер ойнына тарту. «Бірлік керуені» жобасы аясында өңірлерден 3 киіз үй әкелініп, олар «Көшпелілер ғаламы» этноаулына орнатылады. Отандық және шетелдік этностық топтар арасынан Этноауылдың мәдени бағдарламасы қалыптасатын болады. Бұлардан басқа «Тарих және мәдениет», «Спорт», «Орталық Азия көшпелілерінің тамақтануы» атты үш секциядан тұратын «Көшпелілер: тарих, білім, тағылым» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді. Бұл басқосу барысында Корея, Словакия, Швейцария, Моңғолия, Малайзия, АҚШ ғалымдары баяндама жасауға өтініш берді», деді Мұратбек Сұлтанбекұлы.