Қоғам • 03 Шілде, 2024

Мұрал – елдік құрал

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдан бері Өскеменде көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына мәнді, мағыналы суреттер салу дәстүрге ай­налған. Дәстүр ғана емес, елдік тұрғыда үлкен жұмыс ат­қарылып жатқаны анық.

Мұрал – елдік құрал

Жасырып, жабары жоқ, Өскемен бер­тінге дейін Усть-каме­ногорск болып келген. Бұл сөзге ауылдан келген қазақтың баласын қойып, қалада өскен орыс ұлтының тілі әзер келер еді. Сол үшін де «Устькаман» десіп жүрген. Қазақтар тілдеріне икемдеп, Өскемен деп кеткен. Соңғы жылдары ғана «Өскемен» болып жалпы халықтың санасына сіңіп кетті. Әп-әдемі атау. Ол сөздің түп-төркініне үңілген ғалымдар түрлі дәлелдер мен мысалдар келтірген...

Айтпағымыз, басқа. Сурет­шілер бірқатар мұралдың маң­дайына «Өскемен» деген жазуды жапсырып, идеологиялық бағыттағы жұмысты күшейтіп жатқандай көрінді. Соңғы күндері ғана Мызы көшесіндегі үйдің біріне кішкентай қыздың «Өскемен» деп жазып тұрған суреті басылса, Қазақстан мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы бес қабатты үйдің бүйіріне де ерекше композиция бейнеленді. Күні кеше ғана орталық даңғылдардың біріндегі үйге ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының портреті түсті. Айбарлы, қайратты сурет бүгінгі ұрпаққа үлгі бола­тындай көрінді. Суреттің бір бұрышына ұстаздың «Біздің заманымыз – өткен заман­ның баласы, келер заманның – атасы» деген сөзі жазылған. Ұлтым деген ұлтжанды азаматқа ой сала­тындай сөз. Бүгінгі бала келер заманның атасы бола ала ма деген сұрақ сананы түртпектейді.

Қала әкімдігі басшыларының айтуынша, мұрал салу жұмысы мұнымен тоқтамайды. Салмақты суреттер әлі де бірнеше үйдің қа­быр­ғасынан көрініс табады.

Өскемен

Соңғы жаңалықтар