фото: naryntany.kz
Елордалық полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың қадағалаусыз және бақылаусыз қалуының алдын алу мақсатында тұрақты негізде жергілікті-рейдтік іс-шараларын өткізеді. Себебі кәмелетке толмағандарға қатысты қозғалатын қылмыстық істің көбісі зорлау, жас балаларды азғындық жолға түсіру мен 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу бабы бойынша қаралған. Ал жаға ұстатар мұндай қылмыстың артуына түнгі жортуылдың да салдары барын құқық қорғау қызметкерлері жиі ескертеді. Инспекторлар ата-аналар мен оқушыларға күнделікті түсіндірме жұмысын жүргізіп, жүйелі түрде кездесу өткізеді. Оның ішінде түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақылауға алуға ерекше назар аударылады. Өйткені әлгінде айтқандай, жасөспірімдер қылмысына ата-ананың бақылауынсыз қалған балалардың қатысы көбірек болады. Сол үшін тәртіп сақшылары жаз мезгілі басталса, тәулік бойы жүргізілетін түнгі қаладағы тексерісті үдете түседі.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейтін іс-шараларға қосымша «коменданттық сағат» енгізілген. Бұл 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерге шығуына тыйым салуға бағытталған. Яғни кәмелетке толмаған баланың түнгі оннан кейін ойын-сауық мекемелерінде жүруіне, ал түнгі он бірден соң тұрғынжайдан аттап шығуға мүлде болмайды. Алайда құқық қорғау қызметінің өкілдері ескертпені елең қылмайтын ата-аналар мен жасөспірімдердің жиі кездесетінін тілге тиек етеді. Сондықтан полицейлер ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмағандардың болуына жиі тексеріс жасап, тұрақты рейд жүргізеді.
Мәселен, жақында өткізілген іс-шара кезінде Ш.Айтматов көшесіндегі қаланың компьютерлік клубтарының бірінде сағат түнгі екіде 16 жастағы жасөспірім алаңсыз ойынның қызығына кіріп кеткені анықталып отыр. Ең сорақысы, ескертпені елең қылмаған баланың қасында заңды өкілі де жоқ. Ал мұндай түнделетіп жүрген балалардың жауапкершілігін ұмыт қалдырған ата-аналарға жауапкершілік бар. Айталық, түнгі сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемесінде болуына жол бергені үшін мекеме әкімшісі ӘҚБтК 132-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың ата-анасына ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Биыл жыл басынан бастап елордалық полицейлер осындай 4 мыңнан астам кәмелетке толмағандарды аумақтық ПБ-ға жеткізді. Астана қаласының полиция департаменті ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертіп келеді. Ал бұл ескертпені елемейтін, жауапты міндетіне жүрдім-бардым қарайтын ата-аналарға арналған заңның бабы бар. Түнде жүрген балалардың тағдыры толғандырмаса, міндеттерін тиісінше орындамаған заңды өкілдер әкімшілік жауапкершіліктен жалтара алмайды. Өйткені қылмысты болдырмау – тәртіпке мойынұсынудан басталады.