Экономика • 03 Шілде, 2024

Ирандық компаниялар еліміздің егіс алқаптарын суарудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын

100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесті. Тараптар егіс алқаптарын суару және суармалы суды тасымалдау кезінде су шығынын азайту үшін тәжірибе және технологиялар алмасу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ирандық компаниялар еліміздің егіс алқаптарын суарудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Елімізге ирандық компаниялар  жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суарудың автоматты қондырғыларын ұсынуға дайын. 

«Бүгінде біз су қоймалары мен басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Иран компанияларының осы бағытта үлкен тәжірибесі бар, тиімді технологияларды дамытып жатыр. Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Жамбыл және Түркістан облыстарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондықтан ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырғым келеді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетерлігі, осы технологиялардың нәтижесінде Иран күріш өсіруге жұмсалатын су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттырған.