Руханият • 04 Шілде, 2024

Рухани қазына орталығы

86 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің қайнар көзі» дегеніндей солтүстік­қазақ­стандықтардың талай ұрпағы буынын кітап оқумен кемел­дендіріп келе жатқан Қызылжар қаласының ең басты мәде­ниет ошағы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ашылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – Солтүстік Қазақстан ғана емес республикамыздағы маңдай алды мәдениет орталықтарының бірі.

Рухани қазына орталығы

1932 жылы Қарағанды облы­сы құрылып, оның қарамағына қа­зіргі Солтүстік Қазақстан, бұрын­ғы Көкшетау облысының аумағы және Ақмола мен Қарағанды облыстары енгізілген. Қарағанды облыстық атқару комитетінің шешімімен 1934 жылы облыс орта­лығы Петропавлда 2 мәдениет ошағы бой көтерген. Оның бірі – облыстық қазақ драма театры және екіншісі осы, облыстық кітапхана еді. Бірақ өңірдегі қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан театрды 1938 жылы өкімет Атырау қаласына көшіріп жіберген, ал кітапхана орнын­да қалып, сол жылдардан бері дамып, бүгінгі күннің талабына сай же­тістіктерге жетіп отыр. 1973 жылы кітапхана архитектура­лық тұрғыдан қаланың сәніне айнал­ған тамаша ғимаратқа көшті. Оның салынуына атақты жазушы, жерлесіміз, сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депута­ты Сәбит Мұқанов жеке қаржы­лық тұрғысынан да, үкіметке сауал жолдауының арқасында да тікелей үлес қосқан. Сондықтан кітапханаға 1973 жылдың мамыр айында сәуір айында қайтыс бол­ған Сәбит Мұқановтың есімі бе­ріл­ді. Жазушының 80 жылдығына орай кітапханада оның мемо­риал­дық музей бөлмесі ашылған.

Жуырда кітапхананың 90 жыл­дық мерейтойына арналған ­«Кітап – ұлттық рухани қазына!» атты ғылыми-практикалық конфе­ренция өтіп, оның жұмысына Астана, Алматы қалаларынан бір топ ғалымдар, қоғам қайрат­керлері, жазушылар мен журналистер қатысты. 

Қазір кітапхананың 15 бөлімі 45 мыңнан артық тұрақты қол­данушыларға қызмет етеді. Ал жал­­пы, кітапхананы респуб­лика, облыс, қала және кейбір шетел­дік­тердің алыстан тұтынушыла­рын қоса есептегенде жылына 1 мил­лиондай адам қолдана­ды. Бей­біт­гүл Мағжанқызы кітапха­на­ға дирек­тор болып келген ­­1996 жыл­дан бас­тап ақпараттық ­тех­но­логиялар­ды, инновация­лық жобаларды ­ен­гі­зу бастал­ған. 2005 жылдың ­26-27 қазанын­да Сәбит Мұқанов кітапханасы­­­ның базасында Пет­ро­павл қаласы «Қазақстанның кітапхана аста­насы» деп белгіле­ніп, мұнда электронды кітапхана­ның қыр-сы­­­рын талдауға арнал­ған халықара­лық конференция өткізілген. Бұл конференция­ның кәсіби ­ма­ңызы зор болып, ол көрші­лес елдермен кітапхана­лық электронды белдеудің дамуы­на жағдай тудырған.

2009 жылы «Бір ел-бір кітап» атты республикалық акцияның шеңберінде «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған...» атты Мағжан Жұма­баев­тың шығармашылығына арна­ған конференция өткізілген. Сол конференцияның арқасында деректер базасы 4 500-ге жеткен «Мағжан» атты веб-портал, QR-коды «Біздің Мағжан» аталған мобильді кітапхана, «Мағжан ізімен» атты үш тілде жүргізілетін аудиогид іске қосылған. 

2014 жылы «Облыстық кітапха­налар уақыт талқысында», 2018 жылы Қазақстан мен Ресей­дің ай­мақаралық ынтымақтасты­ғы­ның ХV форумына орай «ТМД кітапханалары – электрондық ынтымақтастық» атты кездесуі өткізілген. Осы, 2018 жеңіп алын­ған гранттың арқасында ро­боттехника ресурстық орталығы ашылған. 2019 жылы Ресейдің Ямал-Ненец автономдық округі­нің Салехардтағы Ұлттық кітапха­насымен ынтымақтастық тура­лы келісімшартқа қол қойылған. 2020 жылы Сәбең кітапханасы Еуропа елдерінде ашылған Абай орталықтарына қатысқан. 2021 жылы Минскіде болған XXVIII халықаралық кітап жәрмеңке­сіне қатысып, «Есіл өңірінің әдебие­ті» көрмесін ұсынған. С.Мұқа­нов кітапханасы жыл сайын Мәс­кеуде өтетін халықаралық «Дос­тас­тық елдері кітапханалары­ның бі­лім коллаборациясына» қаты­сып ­отырады. Сонымен бірге Ресей­дің Нижний Новгород, Омбы, Қорған, Челябинск, Новоси­­­бирск, т.б. қалаларында болған ­он­лайн конференцияларға қатысып жүр. «Осынша халықаралық фо­рум­дарға қатысуымыздың әлем елдерінде Абай орталығының ашылуына және «Азия мен Мұхит елдері» жиынында баяндама жа­сағанымыздың арқа­сын­да біздің кітапханамыз әлемдік кітапхана қауымдастығына жақ­сы таныс болды», дейді Бейбіт­гүл Мағжан­қы­зы. Сонымен бірге ЮНЕСКО аясында мәдениет­тер­дің жақында­суы орталығының ­ди­ректоры Үміт­хан Мұңалбаева және Қазақстан­ның Нидерландиядағы елші­­лігі­нің қолдауымен осы елдің Гаага, Амстердам, Роттердам қала­ла­рында айтулы ақынымыз Мағ­­жан Жұмабаевтың 130 жыл­дық мерейтойына арналған халықаралық шаралар өткізілген екен. Қазақ­станның бір түкпіріндегі облыс­тық кітапхананың мұндай жетістік­тері айта қаларлық табыс екені дау­сыз. «Былтырғы тамыз айында мен Нидерландияда болған «Бүкіләлемдік кітапханалық және ақпараттық конгресске» шақыр­ту алып, қатысып қайттым», деді Б.Әбілмәжінова. Бұл да С.Мұқа­нов кітапханасының халықаралық кеңістікке танылуының бір кө­рінісі. 

Осы жылдардан кітапхана Қа­зақстан бойынша «ХХІ ғасырдың үздік кітапханасы», «Оқырманы озық өлке», «Рухани қазына – 2019» конкурстарының «Ең үздік облыстық кітапхана» аталымының, т.б. халық­аралық, республикалық, ТМД ара­лық кон­курстардың жеңім­пазы болған. 28 рет Халықаралық қорлардың гранттарын ұтып алған. 

87 адам қызмет ететін кітапха­­на қоры қазір 750 мың дана кі­тап, газет, журнал, аудио-бей­не­­­­м­а­­териалдар, электронды өнім­­­дер­мен толыққан. Соның 415 мың­нан артығы мемлекеттік тіл­де. Жыл сайын 10 мың дана жаңа құжаттармен толықтырылып ­отырады. Бейбітгүл Әбілмәжі­но­ва: «Бізге цифрлық технологияны дамыту мен еңсеру оңай болған жоқ. Интернеттің теле­ком­муникациялық кеңістігінен орын тауып, қажетті ақпаратты алу ғана емес, оны пайдаланып, өзің туралы ақпарат таратуға, кітап пен оқуды насихаттауға пайда­лану ІТ технология күнде өзгеріп, жаңаланып, жетіліп жатқанда адаспай қалудың маңызы зор. Тек талмай ізденудің, озық тәжірибе­лерді пайдаланудың арқасында ғана біз өзіміздің ақпараттық ресурстарымызды қалыптасты­рып, оқырмандарымызға өз сайт, аккаунт, интернет-платформа арналарымызбен қызмет көрсетуге қол жеткіздік. Қазір кітапхананамыздың басты бағы­ты электронды ақпараттар, элек­трондық ресурстар, электронды кітапханаға бұрылған. Бізде заманауи ІТ орталық, жоғары жолақты интернетіміз бар. Кітапха­на­мыз­дың 7 сайты жұмыс істейді. Алыстан қатысатын оқырмандарға электронды каталог, құжаттарға тапсырыс беру, онлайн-кеңесші, чат-бот, подкастар, электронды тапсырыс жүйесі, барлық қабатта Wi-Fi, «Кітапханашыдан сұраңыз» атты виртуалды сұрау қызметі жұмыс істейді», деді ол.

Кітапхана қорын цифрландыру жұмысы да үздіксіз жүргізіліп отыр. Бүгінге дейін 19 мың кітап пен мақалалар цифрландырылып, 40 мың мегабайттан астам элек­тронды ресурс қалыптастырыл­ған. Қазір кітапхананың бар­лық жүйесі үнемі жаңғырып оты­рады. Сыртқы түрі де өзгерті­ліп, ішінде жайлы кеңістіктер, жаңа тұрпаттағы мәдени және білім беретін орталықтар мен ІТ-сервистер енгізілген. Оларға қолданушыларды тарту үшін биз­­нес құрылымдары мен жас­тарды қызықтыратын заманауи коворкинг орталығы ашылған. Оны қолданушылар жеке каби­наларда кофе ішіп отырып жұ­мыс істей алады. Ал жоғарыда атал­ған балаларға арналған ро­бот­­техниканың ресурстық зонасы ­7-жыл­ жұмыс істейді, оның тұрақ­ты қаты­сушылары түрлі конкурс­тарға қатысып, жеңімпаз болып жатады. Ал биылғы қыркүйек­те мүмкіншілігі шектеулі балалар­ға арналған «Makerspace» кеңістігі ­де ашылады екен. 

Кітапханада тіпті комикстер орталығы да жұмыс істейді. Қазақ, ағылшын, түрік тілдерін ақы-пұлсыз үйренушілерге арналған «Book club», «Discussion club», «Game club» атты әңгімелесу, пікір­лесу, айтысу клубтары да бар. Биылғы қаңтар айынан бас­тап Францияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен оффлайн және онлайн режімдерінде француз тілінде әңгімелесу клубы ашылған.  Солтүстік Қазақстан облысы