Қоғам • 04 Шілде, 2024

Ұлылар үндестігі

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Науаи мен Абай: жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығы» тақырыбында халықаралық форум өтті. Аталған оқу орнының тікелей бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық форум Науаи мен Абайдың бай мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін насихаттау, ұлы ойшылдардың мұрасын зерттейтін әлемнің жетекші ғалымдары арасында диалог пен ынтымақтастық үшін жаңа алаң құруды мақсат етеді.

Ұлылар үндестігі

Бүгінде Қазақстан мен Өзбек­стан халықтарының дос­ты­ғы – шынайы тату көршілік пен өз­ара сыйластықтың жарқын үлгісі. Ежелден сенімді одақтас әрі ма­ңызды әріптес болып табыла­тын екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты дамыту мақсатында іс-шаралар ұйымдастыру, ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру – білім мекемелерінің басты міндеттерінің бірі.

Ежелден көрші, түбі бір түркі әлемінің қос қазығындай болған қазақ-өзбек халқының ғасырлар бойғы байланыстарының тамыры тым тереңде екені белгілі. Біздің салт-дәстүрлеріміз, діліміз бен құндылықтарымыз барынша жақын әрі ұқсас. Тату көршілік пен өзара құрмет қағидаттары – Шығыс халықтарының ежелден ерекше белгісі. Сол тұрғыда әуелден қалыптасқан Қазақ­стан-Өзбекстан достық қарым-қа­тынастары Орталық Азия ел­дері үшін ғана емес, бүкіл әлем­дік қоғамдастық үшін де жақ­сы үлгі. Әр ұлттың көршілес ұлт­тармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жалпыадамзаттық құндылық, ортақ жауапкершілік. Тарихымыз «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан халықпен жібек жіптей бірге өріледі. Ұлы Төле биіміз Ташкент төрінде жатыр. Тіпті педагогикалық білім мен ғы­лым­ның қара шаңырағы – Абай уни­верситетінің құрылу тарихы да Ташкентпен байланысты екендігі зиялы қауым өкілдеріне белгілі.

Форум аясында оқытушы­лар мен студенттер арасындағы Науаи шығармашылығына арнал­ған көркем пленэр, «Алматы қала­сын­­дағы студент жастардың шы­­ғар­­машылығындағы Шығыс мо­тивтері» көрмесі, Науаи орта­лығының салтанатты ашылуы, Науаи оқулары: «Науаи – әлем тілдерінде» мәнерлеп оқу бай­қауы, «Әлішер Науаи мұрасы: ғылым, білім және тәрбие синергиясы» тақырыбында халық­ара­лық ғылыми-әдістемелік семинар
өтті.

Аталған іс-шараның пленар­лық отырысына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры Болат ­Тілеп, Өзбекстан Республикасы­ның Алматы қаласындағы Бас консулы Абдурахим Каюмов, Қазақ­стан Республикасының Өзбек­стан Республикасындағы елші­лігінің өкілі Ерғали Қыстаубаев, Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәде­ни орталығының жетекшісі Серік­бай Үсенов, «Алматы қаласы­ның өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Абдухалил Оралбаев, Науаи мемлекеттік педагогика­лық институтының ғылыми жұ­мыс және инновациялар жөнін­дегі проректоры Дилноза Нарзику­лова, Ә.Науаи атындағы Таш­кент мемлекеттік өзбек тілі мен әде­биеті университетінің стратегия­лық даму жөніндегі прорек­торы Нодирбек Джуракузиев, Шыр­шық мемлекеттік педагогика­лық университетінің доценті Өсер­бай Байқабылов, басқа да Өз­бекстан және Алматы қаласы жоғары ­оқу орындарының ғалымдары мен ­қо­ғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі. Екі елдің ұлы тұлғалары Науаи мен Абай мұралары жан-жақты барынша зерделеніп, ұлы ойшылдардың шығармашылы­ғы туралы тағылымды ойлар ор­таға салынып, ғылыми негіз­­де талқыланды. Екі ойшыл шы­ғар­­ма­шылығындағы жалпы­адам­зат­тық құндылықтар сараланды. Бір тамырдан нәр алған қазақ және өз­бек әдеби байланыстарын зерттеу – бүгінгі күн талабы деп ой­лаймыз. Сондықтан көркем туындылары әлемдік әдебиетттің жауһары­на айналған Абай мен Науаи бүгін­де бауыр­лас қазақ-өзбек жұрты­ның әдеби, мәдени байланыстары­ның алтын көпіріне айналып отыр. Ұлы ақындардың әдеби мұрасы бауыр­лас түркі халықтарының жар­қын болашағы үшін қызмет ете бер­мек. Жалпыадамзаттық құнды­лықтарды дәріптеп, әділдік пен достықты уағыздайтын қос ақын­ның көркем шығармалары Өзбек­стан мен Қазақстан арасындағы өзара достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайтуға септігін тигізеді. Түркі мәдениеті­нің қадір-қасиетін арттырып, ортақ құндылықтарды дәріптей алу – түркі жұртының бірлігін нығайтуға қосқан үлесіміз болмақ.

Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,
филология ғылымдарының
докторы, профессор