Аймақтар • 04 Шілде, 2024

Балқарағай – байлық

292 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көкке қадала өскен бал­қара­ғай самырсынның ұшар басындағы жаңғақты қысы-жазы жинап, оның майын сығып алып отыр­ған бірден-бір кәсіпорын – Катонқарағайдың Жамбыл аулында ғана. Демек елі­міздегі бірегей өндіріс оша­ғы деп айтуға толық негіз бар. Күні кеше мөп-мөл­дір май ағызып отырған кәсіп­орынға арнайы бардық.

Балқарағай – байлық

Тоқсаныншы жылдардан бері тұрғындары орталыққа қарай опы­­­­рыла көшіскен Жамбыл ау­лындағы шағын цехты екі-үш жыл бұрын осы ауылдың тумасы ­Ер­асыл Қасымбеков ашқан. Цех ашыл­­ғалы жинаған балқараға­йын­ басқа жаққа жөнелтіп жүрген ауыл­дықтардың көбі Ерасылға тап­сырып, қуантқан. Ол өнімді қа­былдап қана отырмайды, тау асып, сағыздықты самырсынға өр­мелеп, өзі де балқарағай тереді. Төрт жылда бір-ақ рет жеміс бе­ре­тін самырсынның сыйын ба­рын­ша пайдаланып қалмаса, май зауы­тында шикізаттың тап­шы­лығы сезіліп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан балқарағай шық­қан жылы ауылдықтар тауда қона жатып жинайды.

Тау асып, табаннан тозып, балқарағай жинау оңай шаруа емес-ті. Ал одан май өндіру тіптен қиын. Үш келі дәннен жарты литр ғана май шығады. Жемісті жылы катонқарағайлықтар қап-қап балқарағай түсіреді. Самыр­сынның биігіне ғана бітетін бүр­шікті түсіру үшін ұшар басына өрмелеп шығып, бұтағын тепкілеп жүріп төменге түсіреді. Самырсын қайбір жазыққа өссін. Маңайы бытысқан бұта, сай-сала. Жерге түскен балқарағайды бұта-бұта­ның арасынан жер бауырлай жү­ріп жинайсың. Бұрындары ел бүр­шіктей ауылға жеткізсе, қазір тау басында үгітіп, дәнін ғана алады. Үш қап бүршіктен бір қап дән түседі. Оның ұсақ қоқымын желге ұшырып, тазалайды, кептіреді. Содан соң барып, сырттан келген алып-сатар саудагерлерге тапсырады. Олар Қытай асыра ма Ресей асыра ма, жергілікті жұртқа бей­мәлім. Нәпақасын айырса болғаны. Соңғы жылдары ғой, цех ашылғалы Алтайдың байлығы жергілікті жерде өндіріліп жатыр.

Цехта қайнаған тіршілік. Жұ­мыс­шылардың бірі кепкен балқарағайды қалбырға салып, ұсақтарын бір ыдысқа, ірі дәнді екінші ыдысқа сұрыптап алды. Білетін шығарсыздар, бүршіктен үгіліп шыққан дәннің өзінде де қабық болады. Сол қабығын шағып, аппақ дәнін алу үшін қалбырланған дәнді келесі станокке жөнелтеді. Сол жерден қабығы бөлек, дәні бөлек шығады. Дәнінің дәмін татып сезбесе, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Дәмділігі сондай, кейінгі жылдары оны мейрамханаларда тамаққа да пайдала­нып жүр. Сөйтіп, қабығынан ажыра­ған өнімнен май алу үшін белгілі мөлшерде ыдыс ішіндегі зығыр матаға дәнді салады. Оны станокке қойып, жоғары қысыммен сығады. Сонда ғой, шүмектен мөп-мөлдір сарғыш май ағады. Ол майдың адам ағзасына пайдасын Ресей ғалымдары осыдан жүздеген жыл бұрын зерттеп тастапты. Күн­делікті тамақ алдында бір-екі қасық ішіп отырса, асқазанға, өт жолдарына, ішек жұмысына өте пайдалы деседі. Косметика ретінде де қолдануға болады екен. Айтқандай, денеңізді күйдіріп алсаңыз, екі-ақ күнде жазып жібереді. Оны білікті дәрігерлер де растаған.
Осындай бірегей кәсіп ашу Ерасылдың ойына қайдан келді дейміз ғой. Сөзіне қарасақ, күнде­лікті жұмысынан шығып кеткен соң жан бағу керек болыпты. Амалсыздан, балқарағай жинауға кірісіп, артынша май цехын ашып жіберген. Ашпас бұрын, технологиясын зерттеген, пайдасы мен шығынын таразылаған. Кейбір станоктерді қолдан жасап алған.

– Еңбек жолымды шахтада бас­таған едім. Ол жердің жұмы­сы да, атмосферасы да ауыр. Аса ұна­мады. Ауылға барып, бал­қа­рағай жинауға бекіндім. Ол да оңай жұмыс емес. Бірақ Алтай­дың аста-төк байлығын өзі­міз неге пайдаланбасқа деген ой сақ ете қалды. Содан бастап бал­қа­рағайдан май алуды зерт­тей бас­тадым. Кейбір аппарат­тарды қол­дан жасап алдым. Әуелде әкем қарсы болған. Қазір, керісін­ше, қолдап, көмектесіп отырады. Цехты аша сала өнімге сұраныс артты. Балқарағай майын елдің түкпір-түкпіріне жіберіп отырмын. Алу жолы оңай болмағандықтан, бағасы да арзан емес. Дейтұрғанмен сұраныс бар, – дейді ерекше кәсіп иесі Ерасыл Қасымбеков.

Цехта балқарағай майы ғана емес, өзге де табиғи өнімдер жасалады. Басқасын айтпағанда, кәдім­гі ошаған жапырағын да пайда­ға жаратады. Айтуынша, таулы таза жерден ошаған бүршік атпай жа­пырақтарын жинап алады-дағы, жуып-шайып, еттартқыштан өт­кізеді. Оны да сығып, шырынын балмен араластырады. Белгілі мөл­шерде лимон қышқылын қосады. Сөйтіп, сөреге қояды. Оның асқа­зан жарасын жазып жіберетін ­күші бар дейді. Табиғи жақпа майдың ­да түр-түрін жасап отыр. Ерасыл­дың айтуынша, қазір балқарағай­дың қабығын ғана кәдеге жарата ­алмай келеді. Ол үшін уақыт тап­шы. Алайда алдағы уақытта балқара­ғай қабығынан жастық тіккізіп сату­ды жоспарлап қойыпты. Ол хандрозға ем көрінеді.

Өнім түрін арттыруды ойлас­тырған Ерасыл Алтайдың қызыл құмырсқасынан да буын ауруына пайдалы жақпа май жасауды ойға алған.

– Шынымды айтайын, ұлым­ның тұрақты жұмысынан шы­ғып кеткенін қаламаған едім. Балқа­ра­ғаймен кәсіп бастаймын дегенде сенімсіздік болды. Сенімсіздік те емес, алаңдаушылық шығар. Бірақ аз-ақ уақыт ішінде кәсібінің болашағы зор екенін байқатты. Қазір қолдап жүрмін. Өзім де келген туристерді қабылдап, Алтайдың киелі жерлерін көрсетуге дайынмын, – дейді кәсіпкер азаматтың әкесі Дидар Сіләмов.

Айта кетейік, Ерасыл Қасым­бе­ков мемлекет тарапынан еш­қан­дай несие алып, қандай да бір бағдарламаға қатысып көрмеген. Кәсібін тек өз күшімен дөңгелетті. Әр қадамын жоспарлады, жобалады. Шығыс пен кірісті есептеді. Өз күшіне ғана сенетін кәсіпкер азамат әкімдік тарапынан көмектің аса керегі жоқ екенін де сөз арасында айтып қалды. Ең бастысы, кедергі болмаса дейді. Дейтұрғанмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп ашқан азаматтарға әрқашан қолдау болатынын бір емес, бірнеше рет айтқан. Олай болса, балқарағай бизнесі әлі-ақ қанатын кеңге жаяды.

Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы