Құқық • 04 Шілде, 2024

Жадыңда ұста, жүргізуші!

118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Алматыда мопед тізгіндегендердің саны еселеп артқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қала көшелерінде күн са­йын 50 мыңға тарта мопед пен электрскутер қатынайды. Өкініштісі сол, жыл басынан бері қос дөңгелекті көліктердің қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тапқан, ауыр жарақат алғандар саны 500-ден асып жығылады.

Жадыңда ұста, жүргізуші!

Желдей жүйткіген мопед жүргізу­шілерінің дені жастар. Олардың басым бөлігі жылдам жеткізу қосым­шасында жұмыс істеп, нәпақа табатындар. Жеңіл көліктердің жолын кес-кестеп, жиі тәртіп бұзатындар да солар. Мопед тізгіндегендерден жүр­гізуші куәлігі талап етілмей­тін­діктен, ережені елемегендер түрлі жан­түршігерлік оқиғаға тап болып жа­тыр. Былтыр шаһарда мопедтердің қа­ты­суымен болған жазатайым оқиға­лар­дың салдарынан тағы 16 адам ажал құш­қан.

«Талдау нәтижесі көрсет­кен­дей, жарақат алумен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының 16,1 пайызы мопедтер мен скутер жүр­гізушілерінің кінәсінен бола­ды. Көп жағдайда көлік жүр­гізушілері оларды байқа­май қалады. Сонымен қатар мопед жүргізушілерінің көбі қара­пайым жол қозғалысы ереже­лерін білмейді. Күні бүгін Алма­тыда жол-көлік оқи­ға­ларының алдын алуға бағыт­талған «Құқықтық тәртіп» жал­пы­республикалық іс-шара­сы­ның үшінші кезеңі жүріп жатыр. 100-ге жуық ата-ана бала­ларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл жалпы заң мен қауіп­сіздік талаптарына қайшы келеді. Кең ауқымды рейдтер кезінде мыңнан аса мопед, сондай-ақ 3 625 автокөлік маман­дандырылған айыппұл тұра­ғына орналастырылды», дейді Алматы қалалық ПД жер­гілік­ті полиция қызметі бас­қар­­­ма­сының басшысы Серік Шумаев.

Қалалық полиция департа­мен­ті­нің мәліметінше, өткен демалыс күндері мегаполис жолдарында 2 мыңға жуық құқық бұзу­шылық анықталған. Оның басым бөлігін электр­самокат пен мопед тізгіндегендер жасаған. Жалпы, самокаттар мен мопед­терді пайдалану бойын­ша құқық бұзушылықтарды анықтауға қатысты жергілікті іс-шара басталғалы, 4 800 мопед жүргізушісі және 5 200 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған.

Экологиялық тұрғыдан таза қаты­нас құралы саналатын электр самокат­тардың аясы кеңейе беретіні анық. Дегенмен олардың қатысуымен бола­тын оқиғалар да жиілеген. Электр­самокатын тізгіндегендерден құжат талап етілмейтіні былай тұр­сын, жол ережесіне қатысты емтихан да алын­байды. Оған қатысты жол ере­желері де заңнамаларда нақ­ты айқын­далмаған. Мамандар қос дөң­ге­лек тізгіндеген азаматтарды жол қоз­ға­лысы кезінде мұқият болып, бір­қатар ережені қатаң сақтауға шақырды.

«Адам мен көлік саны көбей­ген мегаполистерде мопед­тердің кең қолданысқа ие болуы заңды құбылыс. Дегенмен осы бас­тан тәртіпті күшейткен абзал. Желіде жүргізілген әлеуметтік сауалдамада «Алматы екінші Мумбайға айналып бара ма?» деген мәсе­ле көтеріліпті. Расымен солай, мопедтер мен мотоциклдер саны күн сайын артып келеді. Көбі күнкөріс қамымен жүр, сондықтан оларға шектеу қою мүмкін емес. Алайда мопед тізгіндеген жас­тарымыз өмір өзіне керек екенін ұмытпауға тиіс, өзгенің де өміріне құрметпен қарағаны жөн. Күңгірт түсті киім киген самокатшылар жолда жиі байқалмай қалады. Бұл олардың өздері үшін де аса қауіпті. Жолға шығар кезде ашық түсті киім таңдап, жарыққа шағылысатын кеудеше киген дұрыс. Сонымен қатар басқа шлем киіп, көрініске кедергі келтіретін ештеңе тақпаған абзал», дейді қоғам белсендісі Сымбат Байжөкен.

Полиция басқармасы мото­көлік пен самокат пайда­лану­шыларына жан-жақты түсін­діру жұмыстарын жүр­гізуді күшейт­кен. Рейдтік іс-шара­лардың мақ­саты – мопедтер мен само­­каттардың жүруіне тыйым салу емес, олардың жеке жауап­кер­шілігін еске салып, көлік жүргізу мәдениетін үйре­ту. Жаз айларында елдің ең ірі шаһарында көбейе түсетін микромобиль жүргізушілері осы жайларды жадында ұстаса игі.

АЛМАТЫ