Спорт • 05 Шілде, 2024

Ұлттық құрама жаттығуды жалғастырады

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан ұлттық құрама боксшылары Париж жазғы Олимпиадасына дайындық кезеңіндегі кезекті жат­тығу жиынын аяқтады.

Ұлттық құрама жаттығуды жалғастырады

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жаттығу жиы­нын боксшылар толық құрамда өткеріп, барлығы да қатысқанын жеткізді.

– Оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті, жігіттердің бәрі қатарда, сырқаттан дін аман. Өздеріне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындап, бәрі да бірте-бірте бабына еніп келеді. Біз оларды бірнеше күнге демалысқа жібердік. Францияға аттанар алдындағы соңғы жиынды 9-20 шілде аралығында Шымкентте өткіземіз, – деді бас бапкер.

Шымкент қаласындағы «Алматау» ке­шенінде әзірлікті түйіндеп, Парижге аттанатын боксшыларға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жазғы Олимпия ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келе жатқан Қа­зақ­­стан құрамасы 2021 жылға дейін алтын медальсіз қайтқан емес. Боксшылар жыр­тығымызға жамау, көңілімізге медеу болып келе жатыр. 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы Олимпия ойындарында Василий Жиров 81 кг салмақта чемпион атанды. 2000 жылы Аустралияның Сидней қаласы төрін ұсынған төрт жылдық додасында Бекзат Саттарханов (57 кг) пен Ермахан Ибрайымов (71 кг) жеңіс тұғырынан қол бұлғады.

2004 жылы Грекияның астанасы Афины қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында еліміздің спортшыларына бұйырған жалғыз алтын медальді да боксшы Бақтияр Артаев (69 кг) олжалады. 2008 жылы Бейжің (Қытай) төрінде өткен Олимпиада алтынын Бақыт Сәрсекбаев (69 кг) еншіледі. 2012 жылы Лондонда (Англия) Серік Сәпиев (69 кг) жеңіске жетті. 2016 жылы өткен Рио жазғы Олимпиадасында Данияр Елеусінов(69 кг) Олимпиада чемпионы атанды. Өкінішке қарай, 2021 жылы өткен Токио жазғы Олимпия ойындарында боксшыларымызға 2 қола медаль бұйырды. Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта, Сәкен Бибосынов 52 кг сал­мақ дәрежесінде жартылай финалға жетті. Токиоға тоғыз боксшымыз қатысса, Парижге 7 салмақта да спортшылар барады.