Оқиға • 09 Шілде, 2024

Бассейнде жарақат алған әйел сот арқылы 1,3 миллион теңге өндіріп алған

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жергілікті тұрғын Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жүгініп, ЖШС-нен (қонақ үй) жоғалтқан табысы мен материалдық шығынды өндіру бойынша талап қойған. Бассейн жұмысын қонақ үй қызметтерін көрсететін ЖШС жүзеге асырады, деп хабарлайды Egemen.kz

Бассейнде жарақат алған әйел сот арқылы 1,3 миллион теңге өндіріп алған

Фото: zakon.kz

Жоғарғы Соттың мәліметінше, астаналық келіншек қонақүй бассейнінде жарақат алып, аяғы сынған. Ол жарақат алған сәттен бастап, ұзақ уақыт бойы емделген, оған уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылған. 

ҚР СТ 2985-2017 «Хауыз қызметтері» халыққа қызмет көрсетудің ұлттық стандартында бассейн қызметтерін көрсету кезінде келушілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі және олардың мүлкінің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс. Қызметтер қауіпсіздік шараларына сай болуы қажет.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы бассейн аймағына арнайы резеңке аяқ киімсіз кіргізілген.

«Бұл жауапкер көрсеткен қызмет сапасының төмендігін көрсетеді. Салдарынан оның денсаулығына зиян келген. Алайда сот залал сомасын азайту қажет деп санады. Себебі қызмет алушы бассейн аумағында тайғанамайтын аяқкиім киюге қатысты өрескел немқұрайлылығы деп танылған. Ондай аяқ киім кию керектігі ережеде көзделмеген», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында.

Сот материалдық залалды өтеу мөлшерін талап қоюшының кінәсінің дәрежесіне (50%) барабар азайтқан.

Айта кетейік, талап қою ішінара қанағаттандырылды. ЖШС-нен талап қоюшының пайдасына 1,1 млн теңге жоғалған табыс және 160 мың теңгеден астам дәрі-дәрмек және авиабилет сатып алуға кеткен шығын өндірілген. Жауапкердің қызмет көрсету кезінде талап қоюшының денсаулығына зиян келтірудегі кінәсі ішінара деп танылғандықтан, 50 мың теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап ішінара қанағаттандырылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.