Ертеде бір кісі өтіпті. Өзі қарапайым тұрмысты місе тұтыпты. Тәңірдің жазғанымен алған әйелінің мінезі тасыр болыпты. Оның артынан еріп келген екі қыз да өркөкірек, тәкаппар болып өсіп, шешелерінен аумай қалыпты. Ал әлгі кісінің өз қызы – Күлбикеш болса, мінезі сынық, өте әдепті жан екен. Ол адуын апаларының қырсығына қыңқ етпей, бүлігіне бүлк етпей, үнсіз жүре береді.
Күндердің күнінде Күлбикеш өгей шешесінің дәргейінен сытылып шығып, патша сарайындағы би кешіне қатысады. Сол жерде оған сымбатты ханзаданың көзі түседі. Жанын жаулаған ғашықтық сезімімен Күлбикешті үйіне іздеп барған ханзада сүйіктісін әуелде танымай қалады.
Адам нанғысыз ба? Бірақ осы ертегі бізді жағдаяттың құдіретіне сендіреді. Адуын өгей шешесінің жанында Күлбикеш көнбіс те қарапайым қызметші болса, ал патша сарайында құлпырып, күлімдеген кеш аруына айналды. Бірінші жағдайда сұлуымыз теперіш көрді. Екінші жағдайда сымбатты жігіттің жүрегін жаулады.
Сартр мұны сарт еткізіп түсіндіреді. «Адам болмысы жағдаятқа байланысты. Бізді айналамызда қалыптасқан хал-ахуалдан бөліп қарауға болмайды. Өйткені бізді жағдай қалыптастырады және мүмкіндіктерімізді анықтайды», дейді ол.
Сондықтан кез келген дүниенің кемістігінен бұрын, кеңістігіне назар салуды үйрену керек-ақ.