Фото: Сенаттың Баспасөз қызметі
Сенатор Рүстемов сарапшылармен, ұйымдастырушыларымен әңгіме барысында мемлекеттің билік буындарын трансформациялау арқылы елімізде жүзеге асырып жатқан реформалары туралы айтып берді. Ел басшысының әлеуметтік-экономикалық өмірді жақсарту мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саясат, қоршаған ортаны қорғау саласында қабылдап жатқан стратегиялық маңызды шешімдері туралы да сөз болды.
«Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап БҰҰ мен оның мамандандырылған мекемелерінің жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны баршаға белгілі. Бұл ынтымақтастық – мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстанның халықаралық аренадағы жаһандық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін қамтамасыз ету, орнықты дамудың негізін жасау, әлем қоғамдастығының мүшелері арасындағы қатынастарды үйлестіру – бұл қызметтің басты міндеттері», деді сенатор.
Депутат сарапшылармен пікірсайыс барысында Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда, атап айтқанда, жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы проблемаларға мониторинг жүргізу және зерделеу үшін жаңа цифрлық шешімдер енгізу мәселесіне жеке тоқталды.
Іс-шара қорытындысында сенатор Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру барысын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның атынан ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді. Сондай-ақ қатысушыларға «Орталық Азиядағы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу пионерлері (SDG Pioneers)» жеңіс марапаты мен сыйлықтарын табыс етті.